Спорт
«Металлург» алынбас асу болды
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
19.03.2017 02:16

Гагарин кубогының ширек финалында «Барыс» Магнитогордың «Металлургынан» таза жеңілді. Астанада өткен соңғы кездесуде негізгі уақытта екеуі бірін-бірі ала алмады да (2:2), мәселе овертаймда шешілді. 78-минутта Коларж айдындағы ойыншы санының басымдығын сәтті пайдаланып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Әуелі Магнитогорда басталған серияның қос кездесуінде «Металлург» 4:0 және 5:4 есептерімен басым түскен-ді. Ойындар Астанаға ойысқанда да Гагарин кубогының қазіргі иегерлері еш мүмкіндік берген жоқ. Елордалықтардың көз алдында «Металлург» бірінші кездесуде 5:3 есебімен жеңді. Енді, міне, 3:2.
«Барыс» өз тарихындағы ең ірі жетістікті қайталады. 2013/2014 маусымында да астаналықтар ширек финалға шыққан-ды. Ол кез-
де финн маманы Ари-Пекка Селин тізгінде болса, биыл «Барысты» белорус Эдуард Занковец жаттықтырды.
«Металлург» екінші рет «Барыстың» жолын плей-оффта кесіп тұр. 2011/2012 маусымының 1/8 финалында магнитогорлықтар «Барысты» 7 матчқа созылған серияда 4:3 есебімен тұқыртқан болатын.

ИСПАНИЯ «БАСҚЫНШЫЛЫҒЫ»
Чемпиондар лигасы. 1/8 финал
Қарымта кездесулер
«Ювентус» – «Порту» – 1:0 (бірінші матч – 2:0)
«Лестер» – «Севилья» – 2:0 (1:2)
«Монако» – «Манчестер Сити» – 3:1 (3:5)
«Атлетико» – «Байер» – 0:0 (4:2)
«Ювентус», «Лестер», «Монако» және «Атлетико» командалары апта бұрынғы «Барселона», «Бавария», «Реал» және «Боруссия» Д командаларының ізімен ширек финалға шықты. «Лестер» – «Севилья» кездесуінде екі тарихи оқиға болды. Англия чемпиондары лигаға тұңғыш рет қатыса салып, бірден ¼ финалға шықты. Ал «Севилья» қатарынан төртінші жыл еурокубокқа иелік ету мүмкіндігінен айырылды. Бұл команда соңғы 3 жылда Еуропа лигасын үздіксіз жеңіп алған еді.
Лига тарихында бесінші жыл қатарынан Испанияның үш командасы ширек финалға шығып отыр. Соңғы үш жылда осы елдің командалары ғана жеңімпаз атанғанын еске алсақ, биыл да сол нәтиженің жақындап келе жатқанын байқаймыз. Ал Пеп Гвардиола маман ретінде тұңғыш рет өз командасымен ширек финалға шыға алмады. Ол жаттықтырған командалар («Барселона» мен «Бавария») бұған дейін жоқ дегенде осы кезеңге жетіп жығылатын-ды. Биыл «Манчестер Сити» күткен үдеден көріне алған жоқ.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sport/19572.html