Спорт
«КӘРІ» ФЕДЕРЕР ЕСЕ ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
19.03.2017 02:17

Индиан – Уэллс турнирінің ширек финалында 35 жастағы швейцариялық теннисші Роджер Федерер байырғы қарсыласы Рафаэль Надальді (Испания) 6:2, 6:3 есебімен жеңді.
Екі сыралғы қарсылас 13 жылдан бері кездесіп келе жатыр. Бірақ Федерердің 3 кездесуде қатар ұтуы бірінші рет болып отыр екен. 2015 жылы Базельде, биылғы жыл басында «Аустралиан опен» турнирінің финалында Федерер Надальді тұқыртқан еді. Дегенмен жеке текетіресте таразы басы бәрібір Надаль жағында тұр – 23:13.
Тағы бір қызықты нәтиже мынадай: жыл басынан бері Федерер әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіретін 5 қарсыласын да жеңіпті. 2004 жылы ол Топ-10 сапындағы қарсыластарын үздіксіз 18 кездесуде жеңіп, жеке рекордын жасаған болатын. Ширек финалда Федерер австралиялық Ник Киргиоспен кездеседі.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sport/19573.html