ЫРҒАҚ
Қазақы әндердің қайсысының қазіргі өңдеуі көңіліңізден шығады?
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
11.04.2017 12:49

Мұхтар НИЯЗОВ, ақын, Еуразия ұлттық университетінің магистранты:
– Меніңше, қазақ халқы әнді көңіл көтеруге, ойнап-күлуге емес, халықтың рухын көтеруге, ойлана білуге негіз қылып айтатын сияқты. Дұрыс жазылған сөздің өзінің музыкасы болады. Оған үйлесімді ән қосылып, сауатты әрлеуден өтсе, ол тыңдаушыға белгілі бір деңгейде эстетикалық ләззат сыйлауы мүмкін. Әннің әр жолында ұлттың қасіреті немесе сол ғасырлардың жүгі жатпаса, жеңіл-желпі ән тыңдауға аса жоқпын. Бірақ классика деп, Моцарт, Бетховен деп ұлттың жанының қылын шерте алмайтын музыкаға тағы жоқпын. Маған сол Нұрлан Өнербаевтың қоңыр даусындағы – «Бір бала», Ескендір Хасанғалиевтің – «Атамекен», Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы Тұрсынжан Шапайдың «Аққу-арман» әні, Елена Әбдіхалықованың – «Сыр елім», «Маңғыстау», «Қазақстан» әндері, сосын Бекболат Тілеухан орындайтын «Япурай» әндері барлық жағынан үйлесім тапқан, халықтық бояуы қанық дүниелер деп ойлаймын.
Әлбетте, егер сондай үлкен қабілетке ие болса, әннің сөзі мен әні, тіпті орындауы бір адамның қолынан шықса керемет болады. Ал егер шала дарын болса үшеуін де бүлдіреді. Жоғарыда мен атап өткен дүниелердің сазы да, сөзі де, өңделуі де өзгеше әндер деп ойлаймын. Елдің рухын, сана-сезімін, отаншыл сезімін дер кезінде ояту музыканың адал қызметінің бірі болса керек. Ал мына жаны «жаным» деген, сүйегі «сүйем» деген сөздерден құралып, саусақтың ұшымен жазылып, еріннің ұшымен айтылатын ойсыз әндердің зиянын жылдар бойы тартатын боламыз.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/irgak/19713.html