Сараптама
Жолдаудан жалықсаңыз, «рухнаманы» оқыңыз
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
20.04.2017 12:07

Астанаға екі күнге ресми сапармен келген Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевпен стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойып кетті. Ресми жиыннан тараған ақпарат Назарбаев пен Бердімұхамедов келіссөзін «екі елдің қарым-қатынасын дамытудағы жаңа кезеңге» бағалап, Қазақстан мен Түрікменстан Орталық Азиядағы шекара дауы жоқ мемлекеттерге айналмағын айтты. Шекараны демаркациялау, үкіметаралық комиссия құру, құпия мәліметтерді бірлесіп қорғау, ақша жымқырумен және терроршыларды қаржыландырумен күрес туралы құжаттарға қатысты келіссөздерде екі елдің басшылары бірін-бірі сөз айтпастан түсінген сияқты.
Жалпы, батыс баспасөзі Қазақстан мен Түрікменстан, Назарбаев пен Бердімұхамедовтен ұқсастықты көп көреді. Мәселен, екі мемлекетте конституциялық реформа жиі өтеді. Былтыр Қазақстанмен қабаттасқан Түрікменстанда конституциялық реформа болып, президент сайлауы үшін кандидаттың жас шектеуі алынып тасталды және бір адамның президенттік өкілеті бұрынғы бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Президенттік сайлауда көп пайыз жинау жағынан екі президент әлем бойынша үздік бестіктің ішінде, ал Орталық Азияда алдыңғы шепте. Мәселен, Н.Назарбаев соңғы сайлауда 97,8 пайыз дауыс алса, үшінші мәрте сайланған Г.Бердімұхамедов бұл «шыңға» қарға адым жете алмай, 97,7 пайыз дауыс жинады.
Саясатта орын бермейтін екі президент өнерде де қара жаяу емес. Қазақстан әнұраны авторының бірі Н.Назарбаев болса, Түрікменстан президенті Г.Бердімұхамедовтің әні Ашғабатта өтетін Азия ойындарының гимні болып бекітілді. Н.Назарбаевтың шағын ортада анда-санда домбыра шертіп, ән салатыны бар. Ал Г.Бердімұхамедов өз елінде сахнадан түспейтін саңлақ әнші. Екі президенттің балалары да талантты, саясаттың жілігін шағып, майын ішкендер. Түрікменстан президентінің ұлы біздің президенттің үлкен қызы сияқты парламентте жоғары қызметте отыр.
Бердімұхамедов Назарбаев сияқты спортқа жақын. Үлкен теннис ойнамаса да, алпысқа келген жасына қарамай бәйгеге шауып, көлік жарыстыратын, жүгіріп тұратын әдеті бар.
Түрікменстан басшысының қазақ президентіне тағы бір ұқсастығы – кітап жазуға құмарлығы. Н.Назарбаев 1991-2006 жылдар аралығында өз атынан 12 кітап шығарды. Одан бері де жазғандары бар, әрине. Бірақ 1991-2006 жылдардағы аралықты есептегенде, біздің президент 15 ай сайын бір кітаптан шығарып отырған. Түрікменстанның екінші басшысы, 2007 жылы билікке келген Г.Бердімұхамедов біздің президент сияқты осы күнге дейін мұндай көлемде кітап жаза алмады.
Бірақ ол Н.Назарбаев сияқты тарих, саясат, ой-толғамдар шеңберінде шектеліп қалмаған. Бердімұхамедов кез келген тақырыпта өндіртіп жаза беретін жазушы. Мысалы, ол саясаттан бөлек, кілем тоқу, емдік шөптің қасиеті, музыка, жылқы бабына қатысты, тіпті «Мемлекет қуаты» деген роман жазған президент. Жалпы, жазуға жақын жан өз кітабын арқалап, жолыққанға сыйлап жүретін әдеті бар ғой.
Ресми сапармен Астанаға келген Түрікменстан президенті осы үрдістен жаңылмай, өзінің «Ақалтеке тұлпары – мақтанышымыз бен абыройымыз», «Тұлпардың шапшаң шабысы», «Жас тұлпарлардың самғауы» атты үш кітабын қазақ тіліне аударып ала келіпті. Н.Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен аударылған бұл кітаптардың тұсаукесеріне қатысқан Г.Бердімұхамедов тыныш тұрмай, бір өтінішін айта кетті. Ол қазақ жастарын Түрікменстандағы жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды!
Көршіні құдайдай құрметтеген халықпыз, оның үстіне ұқсастығымыз шаш етектен, қонақ сөзін жерге тастағысы келмеген билік жастарды алда-жалда Түрікменстанға оқуға жіберіп жатса, олардың ең бірінші қолға алатыны Г.Бердімұхамедовтің кітаптары болмақ. Себебі оның еңбектері өз елінде Құран мен Інжілден де бағалы, құнды, оқуға міндетті. Марқұм түрікменбашы Сапармұрат Ниязовтың «Рухнамасының» өзі Г.Бердімұхамедовтің кілем тоқу еңбегімен теңеспейді десек те болады.
Білетіндер «жолдауды талқылаудан шаршағандар үшін Түрікменстан басшысының шай, шөп, кілем, жылқы туралы кітаптарын оқу әлдеқайда қызық» дейді. Кім біледі, солай шығар...

Жасұлан АҚКЕР
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/saraptama/19773.html