Әлеумет
«Адамды аямайсыңдар...»
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
20.04.2017 12:16

«Кітаптарым суға ағып кетті. Әкемнің де, мамамның да жүрегі ауырады. Маңдай терімізбен бір тиындап жинадық осы үйді салу үшін... Көмек неге келмейді? Адамды аямайсыңдар...»
Осылай деп ағыл-тегіл жылаған ақтөбелік Махаббат есімді кішкентай қыздың шырылы әлеуметтік желілерде тез таралып, жұрттың жүрегін ауыртып, жанарына жас үйіргені анық. Қаршадай қыздың ашынып айтқан бес-алты-ақ ауыз сөзі үйлерін су басқан Ақтөбедегі ағайындардың аянышты жағдайын дөп басып, шарасыз күйлерін айғақтап тұрғандай... Әкім де адам ғой. Үйсіз-күйсіз қалған, кітаптарынан айырылған Махаббат сияқты талай балалардың, талай жандардың зары құлақтарына жетер ме екен?
Иә, соңғы күндері еліміздің біраз аймақтарын тасқын су әбіржітіп жатыр. Қазақстанның жеті облысында 2000-ға тарта үйді су басты. Нақтырақ айтсақ, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында ондаған елді мекенде 1949 үйді су басқан. Тағы 50 елді мекенді су басу қаупі туындап отыр.
Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың айтуына қарағанда, қазір Атбасар қаласындағы жағдай өте қиын. Мұнда Жабай өзенінде су деңгейі көтеріліп, өткен жылы 200 миллион теңгеге салынған бөгетті су бұзып кеткен. 263 үй су астында қалып, 130-дан астам үйді су басу қаупі туып тұр. Облыстағы 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2418 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Президент су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің жағдайы мен тіршілігін қалпына келтіру үшін кешенді іс-қимылдарды жүзеге асыруды тапсырды.
Алғашында су тасқыны туралы жұмған ауыздарын ашпай, әліптің артын баққан депутаттар кешеден бері белсеніп шығып, бәріне билікті кінәлап жатыр.
«Соңғы бірнеше жылда елді мекендерде су тасқыны болып, жолдарды су алып кетіп жатыр, өкінішке қарай, адам шығыны да бар. Үкіметтің жиналыстарында жетекшілер шығарылған қар көлемін, бөгеттер мен суқоймаларды бекіткенін айтып, су тасқынына дайын екені жайлы баяндама жасаумен болды. Бірақ көктем келіп еді, барлығы суға «жүзіп» кетті. Ал үкіметке парламенттегі жыл сайынғы қарауда республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Жыл сайын оқиға қайталанады немесе үйлерді су басып, жағдай ушыға түседі. Содан кейін жауапты мемлекеттік органдардың ешқайсысы өзен суының көтерілетінін, еріген қар суының көлемін және ірі су ағыстарының бағытын ешкім де болжап білмеген болып шығады. Биыл да қиын жағдай болып жатыр», – дейді депутат Владислав Косарев.
– «Астананы су басады» деп өсек таратқан адамның мойнын үзер едім, – деп тағы бір мәжілісмен, төтенше жағдайлар экс-министрі Владимир Божко тіптен зор шықты. – Ол жерде, бәлкім, оң және сол жағалауды су басқан шығар, бірақ Астана жақсы қорғалған. Ішкі істер министрі «мұндай сценарий болуы мүмкін» деп алаңдаушылық білдірді. Мен әлгінде сөйлестім, мәселе соншалықты күрделі емес. Бөгет қалыпты жұмыс істеп тұр, қазір қалаға қарай су жіберуді арттырды, бірақ жалпы жағдай тым күрделі.
Иә, апта басында кейбір ақпарат құралдары Астанада су тасқыны болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Бұл ақпарат ел ішінде қаулаған өрттей лап ете қалғаны да рас.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев суқоймасында 19 сәуір күнгі көрсеткіш бойынша су қалыпты деңгейден 3 метрге көтерілді. Енді алдағы күндері суқоймасы салынған Есіл өзені тасып, өзен бойындағы Қызылжар, Шал ақын, Есіл аудандары мен Петропавл қаласының маңындағы аудандарға көп көлемде су келеді деп болжанып отыр. Осыған байланысты бұл аудандардан мал-жан көшіріліп жатыр. Яғни елдің әбіржуі әлі басылмайды деген сөз.
Айтпақшы, Алматының Ақсай шатқалында лай көшкіні жүріп, Жандосов көшесінен жоғары қарай 10 шақырым қашықтықта көлік жүретін жолды жауып қалды. Көшкін көлемі 160 текше метр болған. Әйтеуір, көшкіннен құрбан болған, я жапа шеккен ешкім жоқ.
Қалай айтсақ та, су тасқынының жыл сайынғы «жыры» биыл да қайталанды. Тек жазаға тартылып, содан сабақ алып, қайталамауды ойластырып жатқан шенеунік жоқ. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін түсінетін басшы бар ма?

Оралхан ДӘУІТ
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/19776.html