Өлке
Оңтүстіктен келгенге орын бар...
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
20.04.2017 12:27

ЕНДІ СОЛТҮСТІКТЕГІЛЕР СЫРТ ҚАЛМАСЫН
Отанымызда бірер жылдан бері қолға алынып жатқан оңтайлы бағдарламалардың бірі – оңтүстіктегі қандастарымызды солтүстік өңірлерге қоныстандыру. Егер біздегі үйреншікті дағдымен аяқсыз қалып қойып жүрмесе, мұның қоғам тірлігі үшін аса қажеттілігі айтпаса да белгілі. Біріншіден, халқы өте тығыз орналасқан оңтүстік өлке әлеуметтік жағынан біраз жеңілденіп қалар еді. Екіншіден, ежелден қандастарымыз аздау қоныстанған терістіктегі аймақ әжептәуір қазақыланып, бұл жақтағы рухани тірлік жаңғырып қалары сөзсіз.
Ақпараттық деректерге жүгінсек, Қазақстан халқының 38 пайызы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында тұрады екен. Ал шамамен халықтың 17 пайызы ғана солтүстік аймақтарда орналасқан. Және солтүстікке қарағанда, оңтүстік өңірде бала туу да жоғары. «Дәл осылай қарқынмен дами берсе, 2050 жылдарға дейін оңтүстіктің халқы 5,2 миллионға дейін көбеймек» дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде оңтүстік өңірлерде туған әр 100 балаға 12 ересек адамнан келсе, солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш 100 сәбиге 53 адам. Яғни бұл – келешекте терістік өңірдің еңбек ресурсына да әсер етеді деген сөз. Жалпы, оқырмандарға түсінікті болу үшін халықтың қоныстануы жайлы бір ғана мысал келтірелік. Айталық, ОҚО-да бір кентте немесе үлкен бір ауылда 15-30 мыңға дейін адам тұрса, солтүстік облыстардың кейбір аудандарында 15-20 мыңның төңірегінде ғана халық бар. Мысалы, Павлодар облысының Май ауданында 12 мыңға жетер-жетпес қана адам тұрады. Бұған қоса, әр жыл сайын терістік өңірдегі аудандарда ауылдар тарап кетіп жатыр. Барлығы да қазақ ауылдары. Себеп біреу: жұмыс жоқ, сосын ел кетеді, мектеп жабылады.
Халық көп қоныстанған жерде ең бірінші жер мәселесі туындайтыны белгілі. Біз СҚО-ға арнайы барып, қоныс аударушылармен тілдескенімізде, «бұл жаққа көшіп келуіміздің ең бірінші себебі – ОҚО-да жер алудың қиындығы» деген еді олар. Иә, солтүстік жақта жер жетеді. Және Қостанай мен СҚО-ның аумағындағы жерлер нағыз түгін тартсаң – майы шығатын құнарлы аймақ. Дегенмен сол құнарлы аймаққа көшіп келген қандастардың шаруасы оп-оңай шешіле қала ма?
Оларға, ең әуелі, тұратын баспана, екіншіден, алған жеріңді өңдеп, оны пайдалану үшін техника күші мен егістік тұқымы, басқадай дүниелер қажет. Оны сатып алу үшін қаражат керек екені белгілі. Тағы бір қиындық – бұл жақтың суығына, құбылмалы ауа райына бой үйрету. Жасыратыны жоқ, бір мемлекеттің құрамында болсақ та, оңтүстік пен солтүстіктегі тірлік екі басқа. Мысалы, оңтүстік өңірлерде бір ғана күртемен қыстан тоңбай шығуға болса, бұл жақтың сақылдаған сары аязына шыдау үшін үстіңе тері тон, аяғыңа жылы етік, пима керек. Қыстайғы жағатын көміріңнің бір тоннасы 12-15 мың теңгенің төңірегінде. Солтүстікте ірі қара мен қой малы қарашадан бастап, бес-алты ай бойы қорада тұрады. Оның қыстайғы жем-шөбін есептеңіз. Одан басқа, қысқа қажет отын-суыңды жинап алуың керек. Қысқы маусымға алатын киім-кешегің, бала-шағаңның керек-жарағы бар. Мұның барлығы орташа деңгейдегі отбасы үшін әжептәуір шығын. Кеңестік кезеңді қанша жамандасақ та, ол уақытта осының барлығы ескеріліп, солтүстік аймақтағы тұрғындардың еңбекақысына арнайы 15 пайыз қосылатын. Егемендік алғасын мұның бәрі ұмытылды.
Біз былтырғы жылы СҚО-ға арнайы барып, қоныс аударушы ағайындардың жағдайымен танысып қайтқанбыз. Келген бауырлардың әрқайсысы өз тірлігімен әуре. Егер бәрі керемет екен, кенеліп жатыр десек, Құдайға күнәлі болармыз. Шамасы келгенше кәсіп жасамақ болып тырбанып жатқандар да бар, бұл жақтың тірлігіне көндіге алмай, шаруасын неден бастарын білмей отырғандар да жоқ емес екен. Кейіннен тіпті қайсыбірі жағдайдың жоқтығынан «елдеріне кері қайтып жатыр» деген де ақпарат жарияланды.
Осы қоныс аударушыларға байланысты биылғы жылы да Шымкент қаласында бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырылды деген соң, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Тілегенқызымен хабарласқан едік. Маманның айтуынша, СҚО-да биылғы жылы 110 отбасын қабылдауға квота бөлінген екен, «бірақ әлі көші-қон жұмысы басталған жоқ» дейді. Қоныс аударушыларға байланысты биылғы бір өзгеріс – мемлекет бір жыл бойы жалдаған баспананың ақысын төлеп береді екен. Одан бөлек, көші-қон барысында кеткен жол шығынын өтеу үшін отбасындағы әрбір адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (79 мың теңге) ақы төленеді.
Шымкентте өткен жәрмеңкеге Павлодар облысының делегациясы да барып қатысқан. Бұл жөнінде бізге облыс әкімдігінің баспасөз қызметі төмендегідей ақпарат ұсынды: «...Павлодар облысының жұмыс берушілері Оңтүстік Қазақстан тұрғындарына өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында 475 бос жұмыс орнын және олардың тұруына 195 пәтер ұсынды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов бастаған павлодарлық делегация тұрғындарға түсіндіру және кеңес беру мақсатында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарына барды.
Халықпен болған кездесулер нәтижесінде 110 адам (52-сі Мақтаарал ауданынан, 33-і Сарыағаш ауданынан) Павлодар облысына көшуге ниет білдірді. Қоныс аударушылардың алғашқы тобы сәуір айында келеді деп күтілуде. Мамырда екінші легі келеді. Олармен қатар, бізде өз ісін ашқысы келетіндерді де күтеміз».
Бір қарасаң, бәрі дұрыс секілді. Келушілерді жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етеміз дейді. Бірақ солтүстік өңірдің өзіндегі жұмыссыздар мен үйсіз-күйсіздердің жайы не болмақ? Солтүстік облыстардың басшылары оңтүстіктен келген ағайындардың жағдайын жасаймыз деп жүріп, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарды ұмытып кеткен жоқ па? Бұл қызғаныш емес, бірақ ресми дерек Павлодар облысындағы 2017 жылғы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз ғана дейді. Әдет бойынша ресми мәліметтердің қашанда шикілігі қоса жүреді. Сондықтан жұмыссыздық деңгейі бұл көрсеткіштен анағұрлым жоғары деген сөз. Себебі жұмыс таба алмай сенделіп жүрген жастарды күнде көзіміз көріп жүр. Ал баспана жөніне келсек, Павлодар мен Екібастұз, Ақсу қалаларында мыңдаған адамдар жер телімі мен пәтердің кезегінде тұрғанын білеміз. СҚО-да да солай.
Аталмыш бағдарламаның қоғам үшін тиімді екенін жоғарыда айттық. Сондықтан қоныс аударушы қандастарымызды қарсы алған да дұрыс. Бірақ жергілікті жұмыссыздар өгейдің күнін кешпегені жөн-ау.

Сайлау БАЙБОСЫН


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/19783.html