Өлке
Селден кейінгі ақтөбенің көз жасын Сапарбаев құрғата ала ма?
Жас Алаш №50 (16236)   22 маусым, бейсенбі 2017
20.04.2017 12:29

Ақтөбе бұрын-соңды мұндай топан суды көрмеген. Сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні Қарғалы, Елек, Жіңішке, Жаман Қарғалы өзендері бір мезгілде тасып, қала шетіндегі барлық үйлерді, өзен жағасындағы саяжайларды басып қалды. Әлеуметтік желілерде «Сапарбаев қайда жүрсе, су сонда жүреді» деген тақырып қызу талқыланып жатқанда, қысқа мерзімдік еңбек демалысында жүрген Бердібек Сапарбаев дереу оралып, сол күні резеңке етік киіп, балшық кешіп, Махамбет ауылы мен «Шығыс» базарының артындағы саяжайды шолып шықты.
Бірер күн бұрын ғана жайылма деңгейінен қауіптеніп, ұйқысыз жүрген жұрт топан су ентелеп келіп қалғанда үлгергені құжаттары мен ауыстырар киімдерін алып, үлгермегені аяқтағы сүйретпемен қашып шықты.
Қала билігі су тасқынынан зардап шеккендерді қаладағы №40, 26, 1, 15 мектептерге орналастырды. Қарапайым ақтөбеліктер, мектеп мұғалімдері киім-кешек, азық-түлік әкеліп, көмек қолын созуда.
Сейсенбідегі кешкі жиында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыдықов «644 саяжай үйіне су кіріп, 1885 адам апат аймағынан көшірілді» деп есеп берді. Сыдықов «тек бес саяжай үйі ғана құлап қалды» дейді. Біздің көргеніміз басқа, бір ғана Махамбет ауылындағы Жіңішке өзенінің жағасындағы 10-12 үй тұтас суға батып, құлаған. Одан беріректегі биіктеу жердегі үйлер де ортан беліне дейін суға толып тұр. «Саманнан салған ескі баспаналар шыдас бермейді, олар да тұтас құлайды», – дейді тұрғындар.
Дымсыз қалған Бағила Сәрсенғалиева №40 мектепте қонып жүр. Махамбет ауылында су астында қалған үйін құтқарушылардың қайығымен көріп келіп отырған беті осы екен. Су ішінде мүжіліп құлаған үй қабырғаларын көріп, көңілі құлазып оралыпты. Үйінен үмітін үзген жесір ана жүйке сырқатына шалдыққан қызын уайымдайды. «Мектепте жатқызуға болмайды» дегесін сіңлісінің үйіне апарып тастапты.
– Өзімнен басқаға көнбейді, жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жатқызу керек. Ырғыздан 1997 жылы көшіп келіп, пәтерде жүрдік. 2003 жылы Махамбет ауылынан үй салуға қалалық әкімшілік рұқсат берген соң, саяжай үйлерін алып, баспана тұрғыздық. 12 жылдан бері үйді салып бітіре алмадық. Былтыр банктен 1 миллион теңге несие алып, 500 мыңына газ кіргіздік, 500 мыңына үй жөндедік. Жазда ұлдарым асүй қосамыз деп отырған. Енді дым жоқ, – дейді жесір ана.
Жіңішке өзенінің бойындағы үйін су алған Махамбет ауылының тағы бір тұрғыны Мырзабек Әбдірахмановтың отбасындағы жеті жан да далада қалды. 80 жастағы анасы қазір екі баласымен №40 мектептің спорт залында. Мектеп жасындағы екі қызы су басқан күні суық тиіп ауруханада жатыр. Әйелі сол жерде. Өзі болса барар жері қалмаса да, Жаңа құрылыс көшесінің бойын жағалап, суға батқан үйінің сыртынан қарап жүр. Үй орнында бір қабырға, жақындау мүмкін емес, судың бетінің қайтар түрі жоқ. 16 сәуір күні түнде құтқарушылар келгенде, үйінен ештеңе ала алмай қалыпты. Тұрмыстық техникасы, құжаттары, киім-кешегі, төсек-орны су астындағы үйдің ішінде. Бұған дейін Қытай компаниясы Мырзабекті жұмыстан қысқартып тастаған екен, үйін саларда банктен алған несиесі тағы бар. Бір үйдегі жеті жанның барар жері қалмады.
2003 жылы Махамбет ауылынан үй салуға сол кездегі қала әкімі рұқсат еткен. Барлығы да заңды. Үй құжаттары бар. Дегенмен де өзен арнасындағы саяжайларға қоныстануға, үй тұрғызуға неге рұқсат берілді? Кезекте тұрғандарға жер беруді жемқорлықтың көзіне айналдырмаса, адамдар мұндай апатқа ұрынбас па еді?
Су тасқынының биылғы құрбаны – 9 жастағы Біржан Ерсайынов. Кешкілік ойнауға шыққан бала аяқастынан жоғалып кетіп, бес күннен соң қамыс арасынан өлі денесі табылды. Мұзға түсіп кетті ме екен?
Махамбет ауылының тұрғындары Бердібек Сапарбаевты ашулы қарсы алды. «Ақтөбе облысында жердің кезегінде 142 мың адам тұр. Соңғы 10 жылдан бері жер алудың кезегі мүлде жылжымаған. Былтыр 5000 адамға үй салуға жер берілді. Біз жер берген кезде су, жарық, газ өткізіп барып, көлік жолдарына жақын жерлерден беріп жатырмыз. Жер берудің кезегі 10 жылдан бері қозғалмаса, енді қайт дейсіңдер? Өткен жылдан бері мүмкіндігімізше жер кезегін азайтуға тырысып жатырмыз», – деп жауап берді елге Б.Сапарбаев.
Ақтөбе қаласының төңірегінде үш өзеннің суын жинайтын Ақтөбе, Қарғалы, Сазды суқоймалары бар. Су ресурстары жөніндегі мекеменің Ақтөбе бөлімшесінің директоры Бекзат Нәметов тасқынды болжай алмау себебін «Қазгидромет» мекемесіне қарасты су бөгеттерінің жабылып қалғандығымен түсіндіреді. Судың көтерілу деңгейін өлшейтін бекеттер жабылғандықтан, тасқынды болжау мүмкін болмаған көрінеді. Сәуірдің ортасына дейін мұзы сөгілмей тұрған өзендер арналары бір түнде көтеріліп, онсыз да шүпілдеп тұрған қоймаларды толтырып, бөгетті бұзып, Ақтөбе қаласына кіретін болғандықтан, қоймадағы су өзен арналарына біртіндеп жіберілген. Өзен арналарынан асқан су саяжайларды басып тастап, Ақтөбе қаласының шетіне дейін жайылды. Яғни қоймаларға қанша көлемдегі су келетінін болжамай, бар суды ертерек ағызбай, мұзды жармай, мамандар қаперсіз отырған. Ағаттықтың кесірінен 16 сәуірде саяжайларды баспана етіп, әзер күн көріп, қарапайым тіршілік кешіп жатқан ағайын бір түнде бәрінен айырылды.

Баян СӘРСЕМБИНА
Ақтөбе

 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/19784.html