Әлеумет
Әкім қызметінен кетті, енді жол не болады?
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
20.04.2017 12:31

«Жас Алаштың» 11 сәуір күнгі санында «Алматы облысы Путиннің билігінде ме?» деген тақырыппен мақала жарық көрген еді. Мақалада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының Абай көшесіне төселуі тиіс асфальттің жолдың 700 метріне жетпей қалғаны және Балтабай ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Дүйсебекова мен Бірлік ауылының тұрғыны Наталья Бояркинаның арасындағы жол мәселесі бойынша әңгімесі сөз болған еді.
Газет көтерген мәселе бойынша облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Баспасөз қызметі Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының Балтабай ауылындағы жағдайға қатысты түсініктемесін жолдады. Ресми түсініктемеде: «Бірлік ауылының тұрғыны Н.Бояркина мен Балтабай ауылдық округінің әкімі Б.Дүйсебекованың арасында орын алған жағдай оң шешілді. Азаматша Н.Бояркинаның округ әкіміне шағымы жоқ. Б.Дүйсебекова этикаға сай емес мінез-құлқын өзінің ауырсынуына байланысты болғанын түсіндірді. Осы орайда, ол өз денсаулығына байланысты атқаратын лауазымынан босату үшін өтініш жазды», – делінген. Біз хат ізімен Наталья Бояркинаға хабарластық.
– Асфальт әлі төселген жоқ. Жол сол қалпы жатыр. Ауыл әкімі мені екі рет іздеп келіпті, үйде болған жоқ едім. Әпкеммен сөйлесіпті. Әпкем оларға «жолды жөндеп, асфальт төсеп берсеңдер, ауылдық әкімшілікке, әкімге ешқандай қояр талап арызымыз жоқ» деп жазып береміз, өйтпеген жағдайда келісімге келе алмаймыз» депті. Сіз айтып отырған хаттағыдай «жағдай оң шешілді, округ әкіміне шағымы жоқ» деген жалған. Әкім жұмыстан шықса, салынбаған жолдың жауапкершілігі кімнің мойнында қалады? Сонда жұмыстан кету оны барлық жауапкершіліктен босата ма? Әкімнің есебінде салынған, ал шын мәнінде асфальтталмаған 700 метр жолдың мәселесін кім шешеді енді?
Шынымен де, Н.Бояркина айтып отырғандай, жолдың жайы енді не болмақ? Бақытгүл Дүйсебекова Бояркинаға қарата «Маған десең Путинге бар» деп айтқан мемлекеттік қызметтің этикасына жатпайтын сөзі үшін қызметтен кеткен болса, негізгі мәселе – жолдың тағдыры не болмақ? «Бірлік ауылындағы Абай көшесі толық асфальтталды» деп берілген жалған есептің жауапкершілігін кім көтереді? Әлде облыс, аудан шенділері ауыл әкімі жұмыстан өз еркімен кетті, мәселе шешілді деп ойлай ма?
Бірлік ауылындағы 700 метр жолға жетпей қалған қазына ақшасы құзырлы орындардың назарына ілігіп, ауыл тұрғындарының жол жағдайы шешімін табар деп сенеміз. Әрі бұл мәселені әлі де назарда ұстайтынымызды айтқымыз келеді.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/19785.html