Руханият
«Жасау мен қалыңмалды шатастырғаны несі?..»
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
20.04.2017 12:53

Ана тіліміздің тазалығы, ұлттық ұғымдардың ұрпаққа ұғынықты түрде жеткізілуі мәселесіне немқұрайды қарай алмайтын жандар ел арасында аз емес. Солардың бірі – алматылық Тілеуберді Досбаев. Радио, телевизия саласында көп жыл қызмет еткен ардагер халыққа әуе толқыны немесе көгілдір экран арқылы таралатын әрбір ақпараттың, бағдарламаның сауатты да салмақты болғанын қалайды. Осы орайда, редакциямызға арнайы хабарласқан Тілеуберді аға «31-арнадан» бүгінде жиі беріліп жүрген Мартин шемішкесінің жарнамасына қатысты ренішін де жасырған жоқ.
Осы жарнамада қыз айттыра келген құдалар бойжеткеннің туыстарына «қыздың жасауы» деп пәтер, автокөлік, паркинг, кір жуатын машина және үш қорап Мартин шемішкесі деген сияқты біраз нәрсе айтады емес пе? Ал Тілеуберді аға:
– Қыздың жасауын ешкім құдалардан сұрамайды, оны қыз жағы өзі дайындап апарады. Бұл жерде қалыңмалмен шатастырып тұр. Бір адамның ғана қателігі болса бір сәрі, бірақ соны эфирге әзірлеген адамдар, түскен әртістер бар, қаншама адамның қолынан өтті ғой. Солардың ешқайсысы «біз не айтып тұрмыз? Жасау деген не өзі?» деп ойланбағаны ма? – дейді.
Ол сондай-ақ «қалыңмал» деген түсініктің соңғы кездері архаизмге айналып, оның орнын «ана сүті», «әке еңбегі» деген сөздердің басып келе жатқанына қынжылады және «салт-дәстүрде бар әп-әдемі сөзден қашпай-ақ, әр нәрсені өзінің атымен атағанның айыбы жоқ еді» деген пікірде. «Ең бастысы, жасау мен қалыңмалды шатастырып, дәстүрімізді соншама бұрмалағаны бізге абырой әпермейді. Тілдің тазалығы өз алдына, бұл – ұлттық ұғымға нұқсан келтіру, жас ұрпақты адастыру», – дейді ардегер.
Қоғамдағы келеңсіз жайттарға әркім осылайша дер кезінде назар аударса, өзі көрген, білген, көкейге түйген ойларымен бөліссе, ұлт үшін, ұрпақ үшін қандай сауапты іс атқарған болар еді!..

Р.СЕРІКБАЙ
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/19795.html