Әртүрлі
Сүйікті Вайолет және Фатима әжелеріміз...
Жас Алаш №33 (16219)   27 сәуір, бейсенбі 2017
20.04.2017 13:07

Әлемнің қазіргі ең кәрі тұрғыны болып 117 жастағы ямайкалық Вайолет Мосс Браун танылды. Ол Трелони қаласында 1900 жылдың 10 наурызында дүниеге келген. 2010 жылы әжей жергілікті газетке сұхбат беріп, өзін 110 жаста деп сезінбейтінін айтыпты. Ол шошқа және тауық етін жемейді, ром ішпейді.
Браунға дейін Жер ғаламшарының ең кәрі тұрғыны италиялық Эмма Моран еді. Ол өткен сенбіде өмірден өтті. Ал Вайолет әжей әлемнің ең қарт адамы болып ресми түрде танылған соң, Ямайка премьер-министрі Эндрю Холнесс өз туиттерінде арнайы құттықтады.
Э.Моран қайтыс болғаннан кейін Еуропаның ең кәрі тұрғыны болып испан әжей Ана Вела саналады. Ол қазір 115 жаста. Ал 112 жастағы Франсиско Нуньес ерлер арасында ең жасы үлкен еуропалық деп есептеледі. Жалпы, ер адамдардан әлемдегі ең қарт тұрғын – израильдік Исраэль Криштал. Ол 1903 жылы туған.
Дегенмен ямайкалық Вайолет Мосс Браунды әлемнің ең кәрі тұрғыны деп тануға біздің келіспеуімізге болады. Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында тұратын Фатима Хайранова өткен жылдың ақпанында 120 жасқа толды. Ал қостанайлық Марпуға Селтеткенова биылғы наурызда 115 жасқа толғанын атап өтті.

КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ ДА, ЖҮРЕГІ ДЕ БІР
Америкалық ерлі-зайыптылар Бернард пен Дженис Каффари зейнетке шыққан соң, кемемен теңізде саяхаттауды әдетке айналдырған. Жақында олардың бір кемемен 100-ден аса круиз жасағаны анықталды.
Каффарилер 2056 адамға арналған «Карнивал Сенсейшн» лайнеріне бауыр басып қалыпты. Сапарға шыққан сайын олар көбінесе бір каютаны таңдайды екен.
«Карнивал Сенсейшн» кемесі Флоридада кеңсесі бар «Карнивал Круиз Лайн» компаниясына тиесілі. 2000 жылдан бері Бернард пен Дженис осы оператордың кемелерімен 200 круиз жасапты. Олар ашық теңізде 878 күн өткізіп, осы саяхаттары үшін 175,6 мың доллар жұмсаған.
«Карнивал Круиз Лайн» кемелері Кариб теңізін кесіп өтіп, Багам аралдарының порттарына тоқтайды. Бірақ Каффарилер кеме тоқтағанда да сыртқа шықпайды екен. Олар бортта көңіл көтергенді және лайнер жұмысшыларымен әңгімелескенді ұнатады.
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ertyrli/19799.html