ЫРҒАҚ
«Сағыныштан өл дейсің бе?»
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
16.05.2017 11:09

Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы. Дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі. Қазақтың әні дегенде көңілде бірден «Балқадиша», «Әдемі қыз», «Бозторғай» сияқты халық композиторларының терең сазды, назды әндерінен бастап, Шәмшінің ғажайып вальстері, сырлы, сұлу туындылары, қазір өзіміз сүйіп тыңдайтын талантты композиторлардың шығармашылығындағы иірімдері сүйкімді, әдемі әндер санамызда лек-легімен, үзік-үзік ойнай жөнелетіні бар...

Дегенмен әнді тыңдап, бағалап, сөз құдіретін ұғынуға тиіс жастардың талғамы тым бөлек. Жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялармен қатар, музыкалық талғам да өсіп келеді. Алайда бүгінде жастардың санасын жаулап алған мәтіні мәнсіз әндерден аяқ алып жүре алмайсың.
Мәселен, Айдана Меденованың «Су» әні құлаққа жағымды болғандықтан, мәтініне ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Оқып көрейікші:
«Лүпілі жүрегімнің бір өзіңде,
Тек сенсің керегі дейді.
Сұрайды тыным таппай, дұрыс соқпай,
Күнде де, түнде де сені іздейді.
Жаныма керек, гүлдейді шөлдеп,
Қажетсің ағзама, қажетсің сен ғана.
Өзіңсің керек, іздеймін шөлдеп,
Қажетсің, маған сен керексің.
Қайырмасы:
Секілді
Су, су, шөлімді басар,
Су, су.
Қажетсің секілді
Су, су...»
Бір қарағанда, ән авторларының ойы жақсы. «Сен маған судай қажетсің, шөлдеген жаныма дәрусің. Сені су іздегендей іздеймін» деген ой жатыр. Бірақ осы ой қағазға қарабайыр болып түскен. Тіпті мәтін мәтін емес. Қазіргі жастар бұл әнді су жайлы деп ұғады. Өйткені «керексің секілді су» деген тұсы қайырмаға бірден ұласып кететіндіктен, тыңдарман құлағына «су-у, су-у» деген сөздер бірден «шабуылдайды» да, «керексің секілді» тіркесі алғашқы шумақтың «алыс жағалауында» қол бұлғап қала береді. Өлеңнің құрылысы өте түсініксіз. Яғни әуелі әуені туып, сосын ғана сөзі соған орайластырылып, «сындырылып» жазылғанын аңғару қиын емес. Мәтіндегі «сұрайды тыным таппай, дұрыс соқпай», «күндіз де, түнде де сені іздейді», «қажетсің ағзама, қажетсің сен ғана» сөздері – осы күнгі өліп-өшкен, бірақ тым дәмсіз, ең бастысы, махаббат сезімінің құнын кетіретін тіркестер ғана.
Ал жақында құрамы төрт қыз болып толыққан «Кешyou» тобының «Қалай ғана?» әні тыңдарманға ұсынылды. Тақырыптағы «қалай ғана» деген сөз тіркесі тыңдарманға тренд болған жаралы махаббат, адамның ішкі мұңына сұрау салып тұрғандай. Ал топтың музыкалық жетекшісі Бағым ханымның айтуынша, бұл әннің негізгі ойы адамдарға ерік-жігер беру екен.
«Күн өтеді, биікке тек жет!
Үміт демі күйіктен күшті еді!
Тәубеңе кел, жақұттай жайна!
Шектен тыс күншілдік кешегі!
Кеше кім едің?!
«Тек жетсем» деп асқарға армандайсың-ау, жаным.
Бүгін қандайсың?!
Болды қалауың,
Ешкім де білмейді құбылған алау сағым.
Өмірдің заңын.
Бүгін бал татқанға, мәңгі масаттанып,
Берілме мақтанға.
Шаттанба,
Бағынан құр қалып,
Біреу жүр ұрланып,
Ештеңе болмайды бір қалып.
Қайырмасы:
Қалай ғана,
Оңай ғана,
Арманыңа,
Шыр айнала,
«Жете салам» деме, деме, деме, деме
«Кете салам» деме, деме, деме, деме
Өмір жолы ұзын, қысқа, тар да, кең де,
Жауаптымыз сен де, мен де, сен де, мен де.

Абыройдан айырар
Келте тігіп пішкен тон.
Күшпен оң,
Оңалады Кешyou,
Үштен соң!
Білген соны Мендельсон...
Өмір соңы келген соң
Өкіну кеш,
Айта бере-берген соң.
Шынымызды айтайық, ештеңе түсінбедік. Қазақ тілі осынша ретсіз, осынша ойсыз, осынша мағынасыз болғаны ма? «Кешyouдың» бұрынғы әндерінің мәтініне де сын аз айтылмап еді. Еш қорытынды шықпаған болып тұр ғой сонда.
Мұнда да – түпкі ой дұрыс. «Өмірдің сынына беріле салма. Кім биікке бірден жетті дейсің? Шыдау керек, сынбау керек. Бүгінгі табысқа мастанба, ертеңгіңді, тіпті мәңгілігіңді де ойла». Ал осы әдемі ой әнде «биікке тек жет», «тәубеңе кел, жақұттай жайна», «құбылған алау сағым өмірдің заңын», «ештеңе болмайды бір қалып» «арманыңа шыр айнала жете салам деме» болып жұтап, құнсызданып, бар сиқырынан айырылып кете барған. Қазақта кім көп, сөз қадірін білетін адам көп. Ақын болмаса да, сондай бір адамға алдын ала көрсетіп, сәл түзеттіріп барып ұсынса болмас па еді? Қазір жастарды «сөз қадірін білмейді» деп кінәлаймыз. Бірақ мынадай ән естіп өскен жастан қандай парық, қандай тереңдік күтпекпіз?
«Күшпен оң, оңалады Кешyou, үштен соң. Білген соны Мендельсон» деген не масқара? «Оң күшпен Кешyou оңалады» дегенді түсіндік дейік. «Үштен соң» деген не? «Құрамын үш рет жаңартқан соң» дегені ме? Мендельсонның оған не қатысы бар? «Неке маршын» жазған сазгер мұнда неғып қыдырып жүр? Түсіндіріп беретін адам бар ма? Ең бастысы, «Кешyouдың оңалатыны» жігер беретін әнге неге алды-артына қарамай қойып кеткен?.. Екінші шумағын тіпті айтпай-ақ қояйық. «Қоянды көріп, қалжасынан түңіле» беріңіздер.
Иә, қазіргі ән мәтіндерінен толық мағына түгіл, мазмұн табу қиын. Әр жолы бөлек бір тақырып. Мысалы, Есболат Беделхан басшылық ететін «Black Dial» тобының репертуарындағы алғашқы «Сөйле» әнінің мәтіні келесідей шумақпен толығады:
«Қалғандай жалғыз жолда мен,
Құбылады сенде мың әлем.
Сұрағаным қанша рет бірақ,
Көздерің – сұрақ, сезімің – керең.
Шешімге кел».
Сұрақ: ән авторы жалғыз қалып жабыққанын айтқысы келді ме, әлде қыз жүрегінің әлемін айтқысы келді ме? Ал «көздерің – сұрақ, сезімің – керең» деген не тіркес? Орысша «вопрошающие глаза» дегеннің тікелей аудармасы ма? Естігеніміздей, сезім сиқырлы, нәзік, жауапсыз т.б. болатын еді, кереңі несі? «Глухой» сезім қазақшаланып кетті ме?
Қыздың ер жігітке деген назы болушы еді... Нұрболат Абдуллиннің «Сен қорқақсың» әнін тыңдап отырып, «қазіргі жігіттер ән арқылы қыздарға наз айтатын болған ба?» деген ойға қаласың.
«Келмейсің бе сен, сертіңді бермейсің бе?
Сенесің бе, сенбейсің бе?
Маған енді бәрібір.
Жүрек жылап қала берді,
Жалынбаймын саған енді.
Тағы да айтам, маған енді бәрібір.
Қырсығып жүрсің, келем демейсің.
Бәрін жан қалауың білсін.
Сағыныштан өл дейсің бе,
Енді не дейсің?»
Рас, қазіргі жас жігіттердің біраз бөлігінің портреті осы мәтінде тұр. Жүрген-тұрғаны міндет, сезімге тұрақсыз. Осы мінез мына ән мәтінімен сұмдық «қабысып», қазіргі жастың әлеуметтік бейнесін ашып бергендей. Әсіресе, «сағыныштан өл дейсің бе?» дегенін айтыңыз. Осынша жауапсыз сөз қосуға бола ма ән арасына?
Шоу-бизнес емес, той бизнесін негізгі мақсаты етіп алатын әншілер өте көп. Яғни олар тек аудармамен айналысады десе де болады. Бастысы, тойға шақырту көп. Тіпті шетел асып келген, плагиат туындылардың «хит» болуындағы гәпті қайдан іздейміз? Тілге тиек етер болсақ, Қазақстанға танымал жұлдызды жұп Айша мен Бүркіттің шығармашылығы той сұранысындағы әндерге толы. Оларды түркітілдес халықтардың биге ыңғайлы, ырғақты әндерін қазақшалап, шетелдерде бейнебаян түсірумен айналысады десек те болады. Қайрат Нұртастың біраз әндері де алыс-жақын көршілерімізден көшірілген. Мысалы, «Жаным» әні. Ал «Жігіттер» квартеті басқа әншілер қырғыз сазгерлерінің жылт еткен әнін аңдып отырғанда, өзбек еліне бет алған. Олар өздеріне әрі тыңдармандарына жаңалық етіп «Сен жылама» әнін аударып орындады. Ғаділбек Жанайдың «Ханшайымым-ау», Қуандық Рахым мен Альбина Шардарова орындап жүрген «Болайық бірге» әні де өзбектен асып келген.
Мағынасыз мәтінді әндерге сұраныстың көп болу сыры неде? Орындаушылар неге сапасыз әндерді халыққа ұсынуға әуес? Кейбір әншілердің айтуынша, дұрыс мәтін жазатын ақындар қымбат сұрайды екен-мыс. Бірақ сәнді көйлекке, шетелдердегі бейнебаяндарға, сапалы өңдеуге қыруар ақша жұмсайтын әншіде сөз жаздыратын ақша жоқ деу қисынсыз. Олай болса, әншілердің бұл әрекеті жастардың санасын улау, қазақ өнері мен тіл мәселесіне бейжай қарау дегеннен басқа амалымыз жоқ.

Жанерке АХМЕТ,
ҚазҰУ-дың студенті


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/irgak/19986.html