ЫРҒАҚ
«ЖИЕГI КЕСТЕМ ҚАЛДЫ ТIГIЛМЕГЕН»
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
20.06.2017 14:13

Қазақ әні осы күні небары ғасыр бұрынғы өзіне мүлде ұқсамайтын болар. Кей-кейде кәлләмызға осындай ой да келіп кетеді. Бұрынғы қазақ әні соны тудырған халықтың өзіндей еркін еді. Арғыдағы халық әндерін айтпағанда, бергі Біржан сал, Ақан сері, Әсет Найманбайұлы қатарлы дала өнерпаздарының мұрасында сахара кеңдігі бар еді. «Таңбасы жоқ, ені жо-оқ Бурылтайдың, Сағасы өткел бермейді терең сайдың-а-ай» дейтін Біржан аңсарында сағыныш та, мұң да, күту мен елегізу де, ақыр соңында үзілген үміт те бар. Ал Ақан «Бұл күнде ағаң болдым төр алдында, Бір кезде Ақан едім аспандағы» деп жан дүниенің қатпар-қатпарында жатқан тым нәзік, тым жасырын, тым жұмбақ сезімді мөлдірете төгілтіп, көмейден ән емес, өмір жыры шығып жатқандай емінтетін еді. Осы күнгі қазақ әнінде неге осындай иірімдер жоқ? Неге сезім тақыс, тулақтай тарамыс болып кетті?

Кейде таңғаламыз. Мысалы, Абайдың үлкен ұлы Ақылбай ақындығы болғанмен, әншілігі қарапайым, ал сазгерлігі тіпті жоққа жән азамат болған-ды. Құдалыққа аттанып бара жатқан адамдар Ақылбайдан жұрт естімеген бір ән сұрағанда:
«Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матайды алыс бірталайжер деген соң.
Он минутта ойыма осыән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң», – деп табан астында ән шығарып береді.
Шіркін, Ақылбайдың аузына он минут ішінде түсе қалған осы әннің тынысы қандай кең, құлашы қандай алапат еді! Демек, Абай тәрбиесіне кейде бой бермей, кейде үйірін тапқан саяқтай қайта оралып жүрген Ақылбайдың жаны сонша бай болғаны ғой! Анау-мынау әншінің білігі жете бермес, иірімі нәзік те терең ән Ақылбай көкірегінен бебеулей ұшып, қазақтың ән қазынасынан дереу орын тауып алғаны қандай! Қолын «қапаш-құпаш сермеп», қиналған шағында мұншалық кемел ән үлгісін тудырса, сезім лықсыған бір сәттерде бұдан да терең тұңғиыққа сүңги алатын болғаны ғой.
Ғажап...

***
Бала күнімізде үлкендерден әншілік туралы әңгіме ести қалсақ, көпшілігі былай дер еді: «Біздің ауылдағы пәленбай деген әнші күншілік жердегі түгенбай деген әншінің дақпыртын естіп, ән үйренуге арнайы баратын...» Сонда неғылған әнге құштарлық бұл? Біреудің жақсы әнін екінші бір кеңістікке таратуға деген неғылған ынтызарлық бұл?
Қазақ әні осылайша шекараларды бұзып жарып, бір ғана ауыл мен аймақтың әні болудан қалып, бүтін халықтың игілігіне айналып жүре берді. Ән авторынан арнайы барып үйренген соң, үйренуші өнерпаз да оның әуелгі ерекшелігі мен басқа әнге ұқсамас өзгешелігін мейлінше сақтауға тырысатыны сөзсіз ғой.
Біз жоғарыда сөз еткен Ақылбай әнінің дүниеге келу тарихынан көп жай аңғарылады. Абайдың кіші ұлы Мекайылға қыз айттырып, Матай елінен ұзатып алуға бара жатқан топ жолай Ақылбайға соғады. Қойған талаптары – «олар естімеген жаңа ән керек, соны сізден қолқалай келдік». Көрдіңіз бе, қалыңдық айттырушылар жігіт жағының өте өнерпаз, мықты ел екенін таныту үшін жаңа ән іздейді. Сөйтіп, таңғалдырғысы келеді.
Не деген сергектік, не деген жауапкершілік! Ешкім естімеген әнді шырқап кеп жіберсе, құдалар жағы тәнті болары анық. Демек, бұл жерде ортаға жиған-терген емес, дүние-мүлік пен асып-тасқан байлық емес, өнер көлденең тартылатын болып тұр ғой. Жаңа ән айта алған жұрттың баласы (күйеу) өнерді түсінетін, демек, адам жанын ұға алатын адам қатарынан! Қандай тамаша түйін! Абайдың Ділдә ауылына күйеу болып баратын шағында да «Топайкөкті» үйренетіні естеріңізде ме?

***
Абай не деген түпсіз терең мұхит десеңізші! Шынында да, әр дәуір болашақтан үлесі бар ұлт үшін бір тұлға тудырып отыратын секілді. Абай – сөзсіз, дәуір тұлғасы. Ол барша қазақтан бөлекше өмір сүргенімен қоймай, екі томға жетер-жетпес мұрасымен-ақ өз ұлтының болашақтағы орнын айқындап кетті. Әрине, ойындағысын хатқа түсіруге тым ерте машықтанса, біздің дала философтарының талай ойы адамзат өркениетінің игілігіне баяғыда жарар еді. Абай қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалап, қазақы өлеңді жүйелеп қана қоймай, ән өнеріне мүлде жаңа бағыт әкелді.
«Желсіз түнде жарық айды» ыңылдап айтып көріңізші. Бұл ән – қазақы романс. Қазақ ән өнеріндегі мүлде соны бағыт. Арғы-бергі дәстүрдің ішінен сүзіліп шыққан жаңа сорап. Алғашқы екі жолы бейжай тербетіп келіп, үшіншісіне көшкенде дереу құйыла кететін, соңғы жолымен сол шыңыраудан шым-шымдап қайта тартып алатын тамаша ән.
Абайға дейін жеті буынды шумақта мұндай сорғалаған ән болған емес. Болса, біз білмейміз. Хакім өз бетімен жиған дүние ілімінің өз бойында тыншып жата беруі мүмкін емес екенін сезгендей, «мыңмен жалғыз алыса жүріп», лықсыған сезімді мүлде жаңа қайырылысты ән етіп төккендей.
«Көзімнің қарасы» да Абай жанының кеңдігін қазақы кеңдікпен ғаламат ұштастырып тұр. Алты буындық шумақтар да осынша сазды, мағыналы, терең бола алады екен-ау...
«Татьянаның әнін» айтайық. Абай бұл әнге адам көкірегіндегі сағыныш адамзат біткенге толық ортақ бола алатынын аңғартатын саз теліпті. Аһ ұрған Татьяна әлемге ортақ сазбен, соның ішінде қазақы сағынышпен шырқайды.
Бұл Абай, шынында да, қазақтың бағына туған ғой. Ол қара сөз жазса да, дастанға құлаш ұрса да, әннен үлес тапса да – кейінгіге барар жол, бастар бағыт болды.

***
Кейде пендешілік ойға баратынымыз да рас. Шәмші әндері халыққа танымал болған уақытта қазақ ән өнері басын қай тасқа ұрып жатты екен? Абай әндері там-тұм естіліп, Мұхтар Әуезовтің жанкештілігінің арқасында әншілер репертуарына жаңа еніп, нотаға енді түсіп жатқан кез. Мағжанның «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» деген сазы бөлек әні тіпті ұмытылған, Сәкеннің «Тау ішіндесі» жаңа аршылған, сорақысы, Ақанның «Балқадишасы» еркелігінен мүлде ажырап, «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» болып әлеуметтік теңсіздікті шырқап кеткен дәуір...
Сол кезде қазақтың ән көгіне Шәмші шығады. Сөйтіп, қазақты тербей жөнеледі. Шәмші әндері де қазақтың рухани жаңарғанын қатты аңғартты. Сезім әндері енді Балуан Шолақша «бал татыр сілекейің шөлдегенде», «оң қабағым тартады күлімдесең» деп емес, қасында тұрғанды сағыну, сүйіп тұрып сағыну, тауды, бұлақты сүйген жанның бейнесімен елестету секілді жаңа орай тапты. Шәмші осының бастауында тұрыпты. Оның ғашық кейіпкері сүйгеніне «ескегіңді берші маған, мен есейін, сен еспе» деп өтінеді. «Басқа үйдің шамын жаққан аяулысына» «кеттің ұмытып, мүлде ұмыттың, жібін үздің ғой нәзік үміттің» деп үздігеді.
Қандай нәзіктік, қандай тереңдік! Бұл сезім эстафетасын Ілия Жақанов «Еділ мен Жайық» әнімен, «Жайлаукөл кештерімен» үстемелей жөнелгені қандай керемет! Ескендір Хасанғалиев «Әдемі-ау» деп тамсанса, сол әннің бір сөзінен олқы таппайсыз.
Демек, алпысыншы жылдары ән өнерін жаңғыртқан өнер иелерінің ешқайсысы қазақы қалыптан тыс кеткен жоқ. Қайта қазақтың ән өнерін байытты, шалқытты, кемерінен асыра төгілдірді. Ендеше, бүгінгі бейқамдыққа, «құлай сүйген, жылай сүйген» жігіттікке жол болсын...

***
Біздің буын Рамазан Стамғазиев орындайтын «Дариға-дәурен» және «Аққудың көз жасындай көлге тамған» әндерін (Тұрсынжан Шапайдікі) беріле тыңдайды. Неге?
Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай» әні неге иіріміне тарта береді? Не сиқыры бар?
Бағлан Бәбіжан Несіпбек Айтұлының сөзіне «Ал, құрбым» деген тамаша ән жазды. Қарақат пен Мәдина төгілте орындады. Жанымыз жаңғырып, тыңдаған үстіне тыңдай бердік. Неге?
Бір-екі жыл бұрын Қарақат Әбілдина «Жиегі кестем қалды тігілмеген» (Жарылқасын Дәулет) деп шырқады. Оған да елең еттік. Неге?
Көп ойланып жүріп осыған жауап тапқан секілдіміз. Осы әндердің бастауы ХХІ ғасырда емес, түу алыста, өткен күндерде, қазақтың ән өнерінің тым бұла кезеңдерінде жатқан секілді. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып, санасында, әлде жүрек қуысында бірге жасасып келіп, бүгінгі «шыбық тимес шыңқ етер» әндердің өтірік екенін қазақтың өзіне таныту үшін осы ғасырда қайта туған сияқты. Ұлы дала перзенттері бас-аяғы бір жарым ғасырға жетер-жетпес уақытта өзінікі делінетін талай нәрседен көз жазып, адасып, ақыры ұрлықы ән айтуға көшкеніне өнер жарықтықтың қойған тосқауылы осындай әндер секілді көрініп кетеді.

***
Бәріміз ән тыңдаймыз. Онсыз күніміз жоқ. Бірақ ән азды – адам азды, заман азды. «Маған сенің к...нің ұнайды» деген бір сорақы бейнебаян шығып, «бетті басып, қатты сасып едік», жақында «Аймалашы» деп үздіккен әнді естіп, «киносын» көріп көзіміз шықты. Япыр-ай, бас-аяғы он-он бес жылда қазақ әнінің табиғаты да, қазақ қызының киім-кешегі де жұлма-жұлма болды-ау...
Ең жаманы, осындай бейнебаянды бүгінгі жастар креатив, жаңашылдық деп ойлайды.
Қайда бара жатырмыз?
«Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің» (Қадырғали Көбентай) деп айбаттанғымыз-ақ келеді. Бірақ жылаңқы ән айтатын кіл жылаңқы жігіттер қазақ әнінің табиғатын құртып бітті.
Қиын, иә, тым қиын...
Жаныңа жалау болатын әнді жеткіншек тыңдамайды. Әлде олар да қырыққа таяғанда өз бастауына қайта орала ма? Бірақ біз жиырма бесте де арзан әндерге елікпеген секілді едік...

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/irgak/20216.html