ЫРҒАҚ
«Халтурщиктердің» қатарынан емес еді...
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
20.06.2017 14:21

Өнер үлкен өрені талап ететіні мәлім. Жалпы, ән атаулының сөзінде поэтикалық үйлесім музыканың табиғатымен тамырласа кеткен жағдайда мелодия сөздің, яки мәтіннің нәзік ньюанстарын айшықтап, безендіріп, бір-бірімен тұтасқан әдемі дүниенің шығатыны белгілі.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылында туып, аталмыш ауылда ұстаздық еңбек жолын жалғап, шәкірттеріне музыканың қыр-сырын меңгерткен Жаңбыршы Үсейіновті көпшілік жұрт әуесқой сазгер деп атап жатады. Әйтсе де тұла бойын музыканың ғажап та сиқырлы әуені кернеген өнер иесінің шығармашылығынан біз әуесқойлықтан гөрі кәсіби біліктілікті көбірек көретіндейміз. Мәселен, ақын Кәріпжан Нүсіппен бірлесіп жазған «Соғыстан қайтқан әкелер» атты әнінің (екеуі де бүгінде бақилық болған) мына шумағын оқып көрелік.
«Сөнердей болып ай күнің,
Көтердің жүгін қайғының.
Қорғадың батыр әкелер,
Болашақ өмір, болашақ өмір, болашақ өмір айдынын». Ән мәтінінде әкеге деген құрмет, тарихқа ізетпен қатар, анология да қылаң береді. Осы бір әнді тыңдап отырған адамның көз алдына қазақтың мына сартап даласы, жусанды қыры қалайша елестемейді? Батыр бабаларымыз ұшса құс қанаты талатын сайын даланы қорғағанын, ол даланың өзі де, Потанин айтқандай, ән салып тұратынына «Соғыстан қайтқан әкелер» әнін тыңдасаңыз, тағы да бір рет көз жеткізе түсесіз... Ерлік пен өрлік, сағыныш пен құрмет, ойлану мен толғану секілді ұғымдар көз алдыңызда тізбек құрды ма? Демек, бұл қос автордың шығармашылық тандемінің жеңісі әрі жемісі деп білген ләзім. Содан да болар, осы әннің «Шалқар» ұлттық радиосының «Алтын қорына» енгізілгені.
Әсілінде, композитор өзінің «іштен шыққан шұбар жыланы» саналатын шығармасына өзі мәтін жаза алса, ол – автор үшін үлкен табыс. Өйткені жан дүниесін жарып шықан сиқырлы сазға қандай буынмен, қандай дыбыстармен өлең жолдары құралуы керектігін композитордан артық ешкім білмейді. Жаңбыршы Үсейінов сол үдеден шыға білген азамат. Алайда композитордың бойында сөз өнеріне, оның құдіретіне деген құрмет, әдеби таным, білім болмаса, ол – трагедия. Мәселен, әні әдемі болса да, сөзі сай-сүйегіңді сырқырататын қаншама әнсымақтар «ақын-сазгерлердің» төлқұжаты ретінде сахнада орындалып жүр. Жаңбыршының бақыты – ондай «халтурщиктердің» қатарынан еместігі. Поэзияның тереңдікті талап ететінін білетіндігі. Сөз – кие екенін жан-жүрегімен ұғатындығы. Мәселен, марқұм Жаңбыршы Үсейінов «Қайдасың, армандастар?», «Құдаша», «Досыма», «Сағыныш» секілді лирикалық-ностальгиялық әндерінің мәтінін өзі жазды. Өлең-сөздің мәніне, мазмұнына, мағынасына жөргегінен қанығып өскендіктен болар, шығармашылығын «бөтен сөзбен» былғаған жоқ. Әндері жан тербетерлік, жүрек толқытарлық болса, сөздері соған сай шықты. Бұл да биіктіктің белгісі емей немене?
Суырыпсалма ақын Шынәсіл Жанарыстановтың өлең-жырларымен сусындап өскен Жаңбыршы Үсейіновтің Жұматай Шынәсіловтің күйінен, Мэлс Өзбековтің сыршыл әндерінен тәлім алып өскені ақиқат.
Жаңбыршы Үсейіновтің «Батыр бабам», «Әбілқайыр», «Соғыстан қайтқан әкелер», «Боксшы інім Ермахан», «Жігіт сағынышы», «Қайдасың, қарлығашым» (мәтін авторы – Кәріпжан Нүсіп), «Немерем-балам» (сөзі Берік Шахаров) секілді жүрек қылын шертетін әсем әндері – өзінше бір төбе, орны бөлек, болмысы ерек мұра.
Өмірін өнерге арнаған Жаңбыршы Үсейінов тірі болғанда кезінде өзі құрған, республикалық телеарнаға арнайы шақырту алып, өнер көрсеткен «Таң самалы» ансамбілінің 45 жылдық мерейтойын өзінің 70 жылдығымен қатар қазағының ортасында отырып тойлаушы ма еді, кім білсін? Есесіне жұбайы Бақыт оның ошағының отын сөндірген жоқ. Артында қалған байлығы (материалдық емес, рухани) – шығармашылығын елге таныту, халық жадында жаңғырту – бес ұл-қыздың еншісінде. Бастысы – өнер өлмейді. Оған өнер иесінің шығармашылығы дәлел. Композитордың әуезді әндерін қажетіне жаратып, Астана мен Алматыдағы байқауларда шарықтата шырқап, бас жүлде алған талай өнерпаздың ықыласы айғақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ
Жамбыл облысы

 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/irgak/20218.html