Әртүрлі
Африка плазасына асығыңыз…
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
13.07.2017 13:34

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің көрігін қыздырып тұрған павильондардың бірі – Африка плазасы. Соңғы статистикалық мәліметтерге сенсек, қара құрлық атынан келіп қатысып жатқан 21 бірдей елдің басын біріктіріп отырған бұл павильон келушілердің саны жағынан үздіктер қатарында тұр.

ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ
Африка плазасы келушілер саны жағынан ғана емес, көркемдік әрі көлемі жағынан да көш бастап тұрған павильондардың біріне жатады. Қашан барсаң да, көтеріңкі көңіл күй мен экзотикалық әсер сыйлаудан танған емес. «Африка әлі толық зерттелмеген, жұмбаққа толы, қызықты материк саналады. Соған сәйкес бұл елдердің павильоны да дәл солай болып отыр. Келушілердің қарасы күннен-күнге артып келеді. Ең үлкен рекорд өткен жұма күні тіркелді – 20 500-ге жуық адам келді. Жалпы, павильонымыз көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған орындардың бірі болып отыр. Келушілердің барлығы да өте жақсы әсер алуда. Барлығы да қара құрлық елдерінің дәстүрі, өмір салты туралы барынша біліп қалуға тырысып жатыр», – дейді Африка павильоны қызметкерлерінің бірі Зумрят есімді бойжеткен.
Зумряттың айтуынша, аталмыш павильонның атағын аспандатып тұрған жайттардың бірі – қолөнер жәрмеңкесі. Ашылған күннен бері сауда өте жақсы жүріп жатыр. Өйткені мұндағы заттың барлығы табиғи, шынайы. Тіптен сырғаларының өзі табиғи тастардан жасалған. «Африка елдерінің төл мәдениеті мен табиғаты еш бүлінбеген. Қолөнері де солай. Шынайы әрі ешкімге ұқсамайды. Оны келушілер мен алушылардың ынтасынан-ақ байқауға болады. Шай, кофе дегендер әп сәтте-ақ өтіп кетіп жатыр. Қолтырауын, питон терісінен жасалған сөмкелер мен киім-кешектер үлкен сұранысқа ие», – дейді ол.
Мұны африкалық імбір, қара бұрыш, мускатты жаңғақ секілді экзотикалық өнімдер сатып тұрған Диляра есімді қызметкер де растап отыр. Ол Комор аралы павильонында аудармашы әрі көмекші қызметін атқарады екен. Айтуынша, өнімдердің барлығы сол Комор аралынан әкелінген өнімдер. Сұраныстың көптігіне байланысты әкелген тауарлар бітуге шақ қалыпты. «Әртүрлі азықтық қоспалар мен дәмдеуіштердің, жемістердің көбісі өтіп кетті. Барының өзі бір-екі данадан ғана қалды. Бірнеше күнде үлкен партия тауар келіп қалады», – дейді Диляра.
Айтпақшы, мұнда сенегалдық өнім – карите майы да үлкен сұранысқа ие екен. Ешқандай қоспасыз майдың бұл түрі карите деп аталатын ағаштан алынады. Мадагаскар павильонының сәнін келтіріп тұрған бұл өнім аллергияға, әртүрлі қышытпалар мен жәндіктердің шағуына қарсы дәрі ретінде пайдаланылады екен. Күнделікті крем ретінде қолдануға болады. «Теріні жұмсартып, ылғалдандырады» деп сендірді ондағылар. Кейін ғаламторды ақтарып отырып, расында да, бұл табиғи майдың үлкен сұранысқа ие екеніне көз жеткіздік. Еуропа елдерінде құны алтынмен пара-пар екен. Ал ЭКСПО ғимаратындағы бұл өнімнің бір құтысы небары – 3500 теңге. «Басында жұрт түсіне қойған жоқ. Қатардағы көп жақпа майдың бірі деп ойлады. Сосын келушілерге құтыларды ашып, пайдаланып көруді ұсындық. Кейін көбі, расында да, пайдалы екен деп сатып алып жатыр. Бұл жерде сонымен қатар әртүрлі кәдесыйлар мен экспонаттарды, табиғи тастар, інжу-маржандарға сұраныс көп екен», – дейді Мадагаскар павильонының комиссары Секоу Трауэре.

ЕҢ ҮЛКЕН ПАВИЛЬОН – АФРИКА ПЛАЗАСЫ
Мұнда да Африка плазасына қатысушы елдердің ұлттық күндері болып тұрады. Нәтижесінде қалың жұртқа 21 елдің таңғажайып шоу қойылымдары мен сан қилы өнері, ешкімге ұқсамайтын билері таныстырылып, ұлттық тағамдарынан ауыз тию мүмкіндігі жасалған. Келушілер арасында әртүрлі байқаулар ұйымдастырылып, Африка елінен әкелінген бағалы кәдесыйлар тарту етіледі. Мәселен, 12 шілде күні Гана Республикасының мәдениет күні болды. Wheels музыкалық театр ұжымы өнер көрсетіп, Ghana Business and Investment Forum форумы болып өтті.

НЕЛЬСОН МАНДЕЛА АЙЛЫҒЫ
Қазіргі уақытта плаза аумағында ең айшықты шара – саналы ғұмырының 67 жылын бейбітшілік пен адамгершілік ісіне арнаған, ОАР-дың демократиялық жолмен сайланған алғашқы президенті, халықаралық деңгейдегі бітімгер, адам құқықтарының қорғаушысы, өз халқының қамқоршысы ретінде дүниежүзіне танымал болған тұлға Нельсон Манделаның айлығы өтіп жатыр. Ол кісі 1993 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, 1994-1999 жылдар арасында Оңтүстік Африканың президенті. Адам құқығын қорғау жолындағы күрескер. Ел қаһарманы. Апартеидке қарсы шыққан халық батыры. Жиырма жеті жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге тоғытылғанына қарамай елінің болашағы үшін күрескен адам.
Айлық аясында ұлы тұлғаның өмір жолына арқау болған көптеген кітаптар, суреттер мен фотолар көрмесі ұйымдастырылуда. Бұл шараға Астана қаласының №1 өнер мектебінің оқушылары да атсалысып, «Оңтүстік Африка қазақстандық балалар көзімен» атты көрмені ұйымдастырып отырғанын айта кету керек. Бұл көрме шілде айы бойы өтеді. Сонымен қатар бұл көрмеден Манделаның өмірінен сыр шертетін фотосуреттер мен күрескердің қанатты сөздерімен танысуға болады.
2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясы оның бейбітшілік пен бостандық ісіне қосқан үлесі үшін 18 шілдені Халықаралық Н.Мандела күні деп белгіледі. Бұл – 1918 жылы ұлы күрескердің дүниеге келген күні. Оңтүстік Африка Республикасында осы күні әркім 67 минут уақытын қоғамға қызмет етуге арнауы тиіс деген бұлжымас қағида орнаған. Әрі көптеген елдерде маусым-шілде айларында Мандела айлығы өткізіледі.

ҚАРА ҚҰРЛЫҚТАҒЫ ЭНЕРГИЯ
Африка қаржылық қиындықтарға қарамастан, соңғы жылдары бірқалыпты дамып келе жатқан құрлық саналады. Әсіресе ауылшаруашылық саласы мен тауар экспорты қатты қарқын алып жатыр. Климаттық ерекшелігіне байланысты энергия көздерін жаңарту, қосымша қуат көздерін табу, оны пайдалану жұмыстары да біршама ілгері кеткенін айта кеткен жөн. Африка елдері электр энергиясын негізінен күн, су, жел көздерінен алады. Қалдықтарды қайта өңдеу де жақсы дамыған. Қажет болса, ағаш қалдықтарын да энергия көзіне айналдырып отырған осы елдер. Күн панельдері де талай елді мекеннің көзін ашып отыр.
Сондықтан да болар, болашақтың энергиясы тақырыбы аясында өткізіліп жатқан жаһандық көрмеге бұл ел құр қол келмеген екен. Көрме аясында өткізілген әртүрлі форумдарда энергетика, туризм, тауар тасымалы саласындағы Африканың жетекші компаниялары туралы ақпараттар беріліп, олармен серіктестік орнату мүмкіндіктері айтылып жатыр.
Гана павильонының комиссары Анкома Буатэнің айтуынша, аталмыш елдің баламалы энергия көздерін дамыту және оны өндіріске енгізуге деген потенциалы өте жоғары. Тек қаржылық жағы қолбайлау болады екен. Көбіне инвесторларға жүгінеді. «Біз көрме барысында энергетикалық әлеуетімізді көрсетіп жатырмыз. Елімізге қаржы салып, осы сала бойынша жұмыс істейміз деген қазақстандық кәсіпкерлер болса қуана қарсы аламыз», – дейді Буатэ.
Бұл елдің негізгі отын көзі – табиғи газ. Елдегі жылу электр стансаларының барлығы көгілдір отынмен жұмыс істейді. Күн панельдері де баршылық. Қазіргі таңда аталмыш энергия көзінің үлесі – 2,5 мВт. Болашақта 20 мВт-қа жеткізуді көздеп отыр. «Осы мақсатта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жел энергиясы да қолға алынып отыр. Күн энергиясынан 1050 мВт қуат алынады. Жалпы, күн, жел, су секілді баламалы энергия көздерінің дәл қазіргі көрсеткіші 3900 мВт-ты құрап отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіштерді 5000 мВт-қа жеткіземіз деген ұлттық жоспар бар», – дейді Гана павильонының комиссары Анкома Буатэ.
Бұл құрлықта қазба байлықтар жоқ емес, бар. Уран қорына өте бай. Бірақ оны пайдалана алмай отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіне мүше болмағандықтан, өкінішке қарай, Африка құрлығының біраз мемлекеті бар байлығы – уранды экспорттамақ түгіл, пайдалануға мүмкіндік ала алмай отыр. Сол себепті аталмыш құрлықта негізгі күш баламалы энергия көздеріне бағытталып отыр. Мәселен, күн және жел энергиясы саласында біраз тәжірибесі бар Сомали елі ұзақ жылдық жоспар құрғаны белгілі. Ел үкіметі осы бағытта энергия туралы арнайы заң қабылдап, реттеуші органдар мен мемлекеттік және жекеменшік негіздегі жаңа құрылым жасау үстінде екен. Алдағы уақытта осы саланы дамытып, көмірқышқыл газдарын шығару көрсеткішін азайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ бұл елде толқындық энергия көздері де жақсы дамыған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме аясындағы мәдени іс-шаралар әлі де жалғасын таба бермек. Мәселен, Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен көптеген шаралардың жоспары жасалып отыр. Солардың бірі деп «Бостандыққа дейінгі ұзақ жол» және оңтүстікафрикалық «Больше, чем просто игра» атты деректі фильмін айтуға болады. Алғашқысында ұлы күрескердің балалық шағы, күрескерлігі мен Оңтүстік Африка Республикасының демократиялық жолмен келген алғашқы президенті ретінде таққа отырғанға дейінгі өмірі қамтылған. Екінші фильмде Макана футбол қауымдастығының тарихы сөз болады. Аталмыш фильмдер KINOPARK желісі арқылы көрсетіледі. Көрсетілімге аталмыш фильмдердің режиссері Анант Сингх келеді деп күтілуде.
Айтпақшы, осы жылы Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Манделаның қанатты сөздері жинақталған кітаптың қазақша аудармасының тұсауы кесіледі. Аударма авторы – жазушы Бақытқожа Рүстемов.
Сонымен қатар 18 шілде күні – Манделаның туған күні қарсаңында Оңтүстік Африканың ұлттық күні өткізілетін болады. Шараға аталмыш елдің жетекші әртістері мен музыканттары келіп өнер көрсетеді. Елшіліктің арнайы шақыртуымен келгелі отырған әкелі-балалы дауылпазшылар Данниэля мен Дэнни Петерсеннің өнерін тамашалауға болады. Даниэль Петерсен – 14 жастағы жеткіншек. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың арнайы жүлдесіне ие болған өнерпаз. ЭКСПО көрмесі аясындағы Африка плазасында өтетін естен кетпес бұл ерекше кеш 20 шілдеге дейін созылады.
Соңғы деректерге сүйенсек, әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ашылған күннен бері 1 миллионнан астам адам келіп тамашалап үлгерген. Келушілердің 130 мыңға жуығы, яғни 14 пайызы алыс-жақын шетелден келген азаматтар. «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару департаментінің директоры Ілия Оразақовтың айтуынша, келушілердің назарын ең көп аударған нысан «Нұр-Әлем» павильоны болып отыр. Ал халықаралық павильондардың ішінде Ресей, Өзбекстан, Германия, Үндістан және Оңтүстік Корея елдері көш бастап тұр. Ал бұдан кейінгі орында біз сөз еткен Африка плазасы келеді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ertyrli/20375.html