Әртүрлі
Марс – өмір сүруге жарамсыз ғаламшар
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
13.07.2017 13:38

Шотландияның Эдинбург университетінің ғалымдары «Марс ғаламшары өмір сүруге жарамсыз» деген қорытындыға келіпті. Қызыл планетаның топырағында перхлорат деп аталатын химиялық қоспа бар, ол қандай да бір микроағзаның тіршілік етуіне мүмкіндік бермейді. Бұл зат хлор қышқылының тұзы болып саналады, тіршілік иелерінің бәріне у секілді әсер етеді.
Биологтар Марс топырағына тән перхлораттар концентрациясының ғарыш аппараттарында көп кездесетін және биологиялық ластану көзі болып саналатын Bacillus subtilis бактериясына әсерін зерттеп көрді. Белгілі болғанындай, ультракүлгін сәулемен әсерлескен кезде қосылыстардың улылығы арта түскен. Сондықтан Bacillus subtilis бірнеше минутта-ақ тіршілігін тоқтатқан. Мамандардың пікірінше, Марс топырағындағы темір оксиді мен сутегі тотығы да перхлораттар әсерін күшейтіп, бактерия өлімін 10,8 есе жеделдете түседі.
Перхлораттар Марс бетінен 2008 жылы табылды. «Феникс» аппараты Марс топырағының химиялық құрамын зерттеген кезде қосылыстар концентрациясы 0,4-0,6 пайызға жеткен. Бұл нәтижені Curiosity марсоходы алған сынамалар да растады. Ғаламшарға ультракүлгін сәулелер түсетінін ескерсек, перхлорат мөлшерінің көптігі ондағы тіршіліктің жоқтығына басты себепші болуы да мүмкін.


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ertyrli/20377.html