ЫРҒАҚ
Қадырғали КӨБЕНТАЙ: Басқаны қайталау бос әурешілік
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
01.08.2017 16:10

«Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,
Біздер, біздер біреулерге арманбыз», – деп Есенқұл ақын жырлаған нағыз «өнер адамы» − Қадырғали Көбентай. Өрнекті өлең ән болып әуелеп, тағдырлы таланттардың әнұранына айналып үлгерді. Өнер − теңіз секілді, не емін-еркін жүзесің, немесе тереңіне батырады. Актер, әнші ретінде өз қолтаңбасын қалыптастырып, гитараны «қазақыландырған» Қадырғали ағамызбен өнер төңірегінде сырластық.

«ДЕЖУРНЫЙ СҰРАҚ»...
− Қадырғали аға, өнер жолы тосқауылы көп, ауыр жол ғой. Сіз не себепті бұл жолды таңдадыңыз, неге актер болғыңыз келді? Оның қандай да бір себептері бар ма?
− Мен мектепте үздік оқыдым. Ұстаздарым «сенен жақсы математик, физик, химик шығатын еді» деп әлі күнге ренжиді. Күні бүгінге дейін кішкентай бала сияқты көрген жерде олардан қашып жүремін. Өнерге құмар болуымның бірден-бір себебі – бала күнімізде бізді ауылға келген спектакльдердің бірде-біреуінен қалдырмай апаратын. Ақын-жазушылармен кездесу кештерінен қалмайтынбыз.
− Сол кездесулердегі қызықты оқиғалармен бөлісіңізші...
− Мен ең керемет кездесуде болдым. Ғажап. Ауылға қазақтың бір топ ақын-жазушылары келді. Залда отырған көрермендер сұрақтарын хат арқылы қойды. Ол кезде мұғалімдер оқушыларға сұрақтар дайындап беретін. Бәріне 20-30 сұрақ жолданса, өзімен-өзі ең шетінде отырған кісіге бір-ақ сұрақ берілді. «Мынау саған екен», – деп лақтырып жіберді, ол кісі қақшып алып, «соңынан жауап берем» деп күлімсіреп отыра берді. Ол кісі Марат Қабанбаев еді. Кезек сол кісіге келді. Ең бір оңбаған, «дежурный» сұрақ екен. «Өмірде есте қалған сәтіңізді айтып берсеңіз?!» деген сұрақ. Марат Қабанбаев: «Менің есімде кино қалды, – деді. – Көрші ауылға кино келіпті деп естідік. Ойын баласымыз. Ауыл тым-тырыс. Бәрі бес шақырым жердегі аудан орталығына киноға кеткен. Біз де жүгіріп жеттік. Барсақ, жалғыз шал сиыр жетектеп кетіп барады. «Кино қайда?» десек, «клубта» дейді. Солай қарай жүгірдік. Кино дегеннің не екенін де білмейміз. «Кино – ләңгі тебуден жарыс дейді немесе төбелеседі екен, кім жеңсе «кино» деген атақ береді» дестік. Клубқа бардық, кіреберісі тыныш. Үлкен залдың есігінен ары қарай кіруге жүрексініп тұрдық. Араларындағы ең жасы кішісі мен едім, не болса да осы көрсін деді ме, мені есіктен итеріп кіргізіп жіберді. Кіріп қалсам, біреу маған мылтық кезеніп тұр, бір кезде атты! Бір рет атты, екінші рет атты, тиген жоқ. Үшіншісінде есіктен шыға сап жүгірдім, ауылға қалай жеткенімізді білмей қалдық. Артымнан балалар да жүгіріп келеді, олар да қорыққан-ау, шамасы. Содан кейін шалық тиіп, шошынып біраз уақыт ауырдым. Кино оқиғасы осылай аяқталды...»
Бірақ басқалардың 20 сұраққа жауабы емес, осы сұрақтың жауабы менің есімде мәңгі қалды. Қаншалықты қарапайым болсаң, соншалықты ұлысың...
− Аға, сіздің Оралхан Бөкейдің шәкірті екеніңізді біреу білсе, біреу білмейді...
− Мен «Драма және кино актерін» тәмамдадым. Оралхан Бөкей бізге «Қазақ драматургиясынан» сабақ берді. Ол кісі менің әдебиетке жақындығымды жақсы көрді. Біздің топқа ерекше көңіл бөлді. Біз шағын қойылымдарды ойнағанда көбісі ағайдың шығармашылығынан еді. «Атау кере», «Қайдасың, қасқа құлыным?» сынды. Өзі бүкіл оқу орнында кітап құшақтап жүретін екі-ақ адам болатын. Бірі – Оралхан Бөкей, екіншісі − Тұңғышбай Жаманқұлов. Бір айдан соң ол кісі әлденеге ашуланған күйі сыныпқа кіріп, кітаптарын қойды да, бізге: «Өмірімде бірінші рет осындай оңбаған курсты көрдім», − деді. Біз не боп қалды екен деп шошып кеттік...
− Қалай ашуландырдыңыздар екен?!
− Оралхан ағай: «Сендерге сабақ бергелі бір ай өтті. Біреуің менің кітабымды әкеп автограф алған жоқсыңдар», − деді. Ол кісі бізді өзінің кітабын оқымайды деп ойлаған болуы керек. Бәрі ағай ойлағандай емес еді. Әрқайсымызда кем деген екі-үш кітаптан, менің өзімде бес кітабы болды... Ертесі әркім өзінде бар кітаптарын әкеліп, бір қазан ет астырып, ағайдың сабағының уақытында екі стол жайдық. Біріне ол кісінің кітаптарын қойдық (таудай болды), екіншісіне дастархан жасадық та, беттерін газетпен жауып қойдық. Суретке түсіретін адамды да ұмытпадық, Нұрғожа дейтін кісіні шақырттық. Оралхан ағай сыныпқа кірген бетте фотографты көріп: «Сен қайдан жүрсің?» − деп таңырқады. Ол кісі де саспай: «Сіздің сабақты қалай беретініңізді көруге келдім», − деп еді, «Оның көретін несі бар?» − деді ағай күліп. Сонда біз: «Ағай, сіз кеше кітап оқымайсыңдар деп ренжіп едіңіз ғой. Кітапты ең көп оқитын біздің группа. Біздің алғашқы қойылымдарымыз да сіздің шығармашылығыңыздан басталған»,− дедік. Оралхан ағай газетті ашып қалған сәтте – 50-дей кітап, бәрі сол кісінікі. Сонда ағай күліп: «Кеше мен біреулерге ренжіп келіп ем, сол өшімді сендерден алғам ғой, несіне әуре болдыңдар», − деді. Түскі 2-де басталған сабақ түнгі 10-да бітті. Ақыры бірде-бір кітапқа қол қоймай кетті.

ӘНДЕРІМ ІРІКТЕЛГЕН ПОЭЗИЯДАН ТҰРАДЫ
− Оралхан Бөкейдің сізге де, шығармашылығыңызға да әсері болған секілді...
− Жоғарыда айтқанымдай, ол кісі бізді ерекше жақсы көрді. Себебі бізге дейін де, бізден кейін де «Қазақ драматургиясы» деген сабақ жүргізілген жоқ. Біздің топтың әдебиетке көзқарасын қалыптастырды. Мен сол кісінің арқасында Жазушылар одағындағы бүкіл жиналыстарға қатысып шықтым. Кейіннен «Оралхан шәкірттерімен» атты кітап шықты. Суреттің бәрінде – біздің топтың студенттері.
− Ұстазыңызды соңғы рет қашан көрдіңіз?
− Индияға ұшарынан бір күн бұрын бізге сабағы бар болатын. «Балалар, мен ертең Индияға ұшып бара жатырмын, бүгін сабақ болмайды»,− деп бәрін қайтарып жіберді де, мені алып қалды. Панфилов паркіне барып бірнеше сағат әңгімелестік, көп дүниелер айтты. Сосын Индияда қайтыс болды деген хабар келді.
− Әуені ерек әндеріңіз тек таңдаулы өлеңдерге ғана жазылады...
− Иә, ол рас. Әндерім іріктелген поэзиядан тұрады. Қазіргі эстрададағы анау-мынау әндердің сөзі сияқты емес. Менің негізгі міндетім – ән жазу емес, поэзияны әуенмен әрлеп, халыққа жеткізу, көрерменге ұсыну.
− Ең алғашқы әніңіз жайлы айтып берсеңіз...
− 1988 жылы 21 жасымда «Кім кінәлі?» атты тұңғыш әнімді жаздым. Әуен шыға салысымен Бауыржан Жақып ағамыз сол жерде отырып сөз жазды. Буын, ырғақ – бәрі жақсы келіп тұр, тек характер жетіспей қалды. Содан кейін тек дайын өлеңдерге, дайын мәтінге ән шығаратын болдым.
− Гитараны қазақыландырып, әннен стиль жасадыңыз. Алайда оны өзге ұлттың аспабы деп көзге ілмейтіндер де бар.
− Қазақта гитарадан мектеп те қалыптаспаған ғой. Әннен ерекше стиль жасағаным, гитараны қазақыландырғаным – шындық. Гитараны көпшілік испандармен немесе мексикалықтармен байланыстырады. Шын мәнінде ол – арабтардікі. Надандық деген неден шығады? Надандық мынау өзге ұлттың аспабы ғой деген сөзден шығады. Ол басқаныкі ме? Сен мықты болсаң, одан өзіңдікін жасап шығар, қазаққа бейімде, өзіңе қарай ыңғайла. Мысалы, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бүкіл жұрт домбыраны эстрадаға салды деп ренжиді. Ал сол арқылы қос ішектің құдіретін барша әлемге таныттық емес пе?

ӨЗ ҚОЛТАҢБАҢДЫ ҚАЛДЫРУ МАҢЫЗДЫ
− Сонда жұрттыкі жалған патриотизм ба?
− Патриоттық – бәрі көшеде қазақша шапан киіп жүрсін деген сөз емес. Есіме А.Сүлейменовтің бір журналдың басшысына: «Журналыңның сырты француздың әдемі келіншегіндей болуы керек, ал ішін ашып қалғанда қазақтың дәстүрі, әдет-ғұрпы, қазы-қартасының иісі аңқып тұруы тиіс», − дегені түсіп отыр. Егер мынау біздікі, анау бөтен елдікі дейтін болсақ, бізде алға ұмтылу болмайды. Өзгенің жақсылығын үйреніп, жаманынан жиренуіміз керек.
− Ән әлемінде «бард» деген термин бар. Сіз өзіңізді бард орындаушымын дей аласыз ба?
− Бард – шотланд сөзі, біздің түсінікпен айтқанда, әні мен сөзін өзі жазып, оны өзі орындайтын адам. Қазақта тұңғыш әрі соңғы бард – әзірге Табылды Досымов. Мені бард жасаған бір-ақ ән – «Шынарым». Оның өлеңі де, әні де өзімдікі. Басқа әндерім таңдаулы ақындардың мәртебелі поэзиясына жазылған.
− Шығармашылық адам үшін ізденіс қаншалықты маңызды?
− Жалпы, кез келген адам үшін ізденістің маңызы зор. Іздену − алға ұмтылу. Шығармашылық адамы деген – болашақ тұлғасың деген сөз. Күндердің күні ақын болсаң, кітабың шығады, әнші болсаң, әнің қалады соңыңда. Солай тұлғаға айналасың. Ел сенің аузыңа қарайды. Дұрыс әңгіме айта білу де өнер. Алдыңда отырған 500 көрерменнің мың көзі саған қарап отырады, сен сонда не істейсің? Не айтасың сахнада? Жөн сөз айтпасаң, тұрып кетіп қалмай ма халық? Тек ән айта бермей, көрерменге рухани күш сыйлауың керек. Көрерменіңнен бір мысқал болса да биік тұруың керек. Ол үшін білім мен парасат қажет. Текті болуың керек. Тіпті арғы бабаңнан текті болмасаң да, оқып та көп дүниеге қол жеткізесің. Менің түсінігімде өнерде із қалдыру үшін білім мен ізденіс, сосын «сенікі» болуы керек. Сенің өзіңдікі. Өз өнімің. Өзіңнің қолтаңбаңды қалдыру маңызды. Басқаны қайталау бос әурешілік.
− Көрермен таңдайсыз ба? Қазіргі көрермен қаншалықты сауатты?
− Көрерменің сауатты болмаса, сенің өзіңде бір қателік бар деген сөз. Мысалы, қазір «концертке барып демалып қайттық» дейтіндер бар. Эстрададағы кейбір әншісымақтардың концертінде улап-шулап, билеп, демалып қайтуы мүмкін. Ал кештерге, спектакльдерге, шынайы концерттерге адам ішкі жұтаңдығын толтыру үшін, рухани баю үшін өзін іздеп барады. Мектептегі балаларды жанды қойылымдарға, фонограммасыз концерттерге, жақсы кештерге апару қалып барады. Қуыршақ театрлары жабылып жатыр. Бұл өте қауіпті. Екінің бірінде жоқ рухымызды жоғалтпаймыз десек, жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ел ертеңі – жастар.
− Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әлия ІҢКӘРБЕК


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/irgak/20450.html