Әлеумет
Әкімдер жиі ауыспаса екен
Жас Алаш №65 (15444)   17 тамыз, бейсенбі 2017
10.08.2017 12:28

Әулиеата жеріндегі 10-нан астам қала-аудандардың ішінде Жамбыл ауданының орны бөлек. Тараз қаласымен ауылдары араласып, қойындасып жатқан бұл ауданның халқы тығыз қоныстанған. Тірлік істеймін дегенге мүмкіндік мол.
Дегенмен де соңғы жылдары осы ауданда әкімдер жиі ауысып, шынын айту керек, өзім солардың кейбірінің түрін дұрыстап та көре алмадым. Ауданда басшының жиі ауыса беруі қайбір жақсылық дейсің? Оның үстіне соңғы жылдары Жамбыл ауданына басшы болғандардың барлығы дерлік сырттан келді. Аудан орталығы мен Тараз қаласының арасы жақын болғандықтан, олар облыс орталығынан қатынап жұмыс істеп, жасыратыны жоқ, «командировкаға» келген әкім сияқты жергілікті жұртпен қоян-қолтық араласа алмады. Сол жылдары жамбылдық ағайындар «қап, аудан әкімі жергілікті жерден болса бүйтпес еді, осы елмен етене араласып, жағдайына қанық болар еді» деп санын соғатын...
Аудан халқы, негізінен, ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Неге екенін қайдам, облыс орталығына жақын жатса да, кәсіпкерлік саласы дамымай-ақ қойды. Аудандағы шағын мұнай өңдеу зауыты мен «Оңтүстік халал» етті қайта өңдеу кешенінің «жыры» әлі күнге біткен жоқ. Аса ауылының ортасындағы мұнай зауытының экологиялық жағдайы жағадан алып тұр. Ал о баста дүбірлеп басталған ет өңдеу кешенінің жұмысы қазір күбірлеп айтатын дәрежеге жетті. Жүргенінен тұрғаны көп.
Әрине, әкiмдi өсiретiн де, өшiретiн де – халық. Елдiң ыстық ықыласына көсiле сөйлеп, өсiре ақпар беретiн әкiм емес, бетегеден биiк, жусаннан аласа басшы ғана бөленедi. Шынында, облыс басшылары Жамбыл ауданына әкімдерді өсіру үшін уақытша жібере ме, әйтеуір, бұл ауданға әкім болғандардың барлығы дерлік үлкен қызметтерге өсіп кетіп жатады. Айталық, бір кездері Жамбыл ауданын басқарған Ертарғын Астаев сенатор боп сайланды, Нұржан Календеров облыс әкімінің аппарат басшысы қызметінде отыр. Рүстем Дәулет Тараз қаласының әкімі, Мәден Мұсаев болса жақында ғана облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Енді, міне, жақында Жамбыл ауданына тағы да жаңа әкім тағайындалып, осындағы ағайынның арманы орындалғандай. Бақыт Қазанбасов ұзақ жылдар бойы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. Жергілікті кадр. Істің жайын білетін тәжірибиелі маман. Дегенмен Бақыт Алпысбайұлы сыннан сау өтіп, алдыңғы әріптестері секілді жүзі жарқын болып, көптiң көңiлiнен шығуды ойласа, ең алдымен елмен етене араласқаны жөн. Сонда ғана жыл айналып келгенде кейбiр әкімдер сияқты әбiржiп, жанарымен жер шұқып әбiгерге түспей, басын тік ұстап тұратыны анық. Елге, ең бастысы, нәтижелі еңбек керек. Жыл өтпей жатып бұл кадрды да облысқа сүйрелеп, бастаған тірліктері тағы да аяқсыз қалмаса болғаны, әйтеуір... Шынын айтайық, ел әкімнің жиі ауыса беруінен шаршады...

Жұмасейіт НҰРБАЕВ
Жамбыл ауданы
Жамбыл облысы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20514.html