Әлеумет
12 миллиард теңгені босқа төлеппіз
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
10.08.2017 12:31

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2017 жылғы шығындарын қайта қарап, жиынтығы 12 миллиард теңгені қысқартып тастапты. Қысқарту деген аты болмаса, салымшы үшін бұл үнем ғой. «Қызметкерлерге еңбекақы төлеу шығындарын 23 пайызға азайттық. Яғни 1 млрд 400 миллион теңгеге қысқартылды. Сондай-ақ іссапар шығындарын 36 пайызға төмендеттік», – деді қор басшысы Нұрбибі Наурызбаева. Бұл жаңалықты естіген тілші қауым бастапқыда есеңгіреп қалғандай болды. Неге десеңіз, қыруар қаржыны жамбасынан басып жатқан жинақтаушы зейнетақы қорының табысты жұмысы айтылмаушы еді, мына қысқартудан кейін тірліктері енді мүлдем қожырап кететін шығар дескен. Сұрақ қойып үлгердік, әйтеуір. Нұрбибі ханым саспады. Айтуынша, жұмыстары бұрынғыдан бетер қарқынды жүріп кетіпті.

«Біз аймақтарға бұрынғыдай орталықтан адам жіберіп шығынданбай, жергілікті мамандармен-ақ жұмыс істеуге кірістік. Ешқандай залал келген жоқ. Керісінше, халық зейнетақы қорының жұмысына қызығушылық танытып келеді. Мысалы, өткен жылы осы уақытта жалпы 3000 таныстырылым өтсе, биыл оның саны 4500-ге жетті», – деді төрайым салқынқанды кейіппен. Сонда қор жұмысына шығындарды қысқарту кері әсер етпей, қайта пайдасын тигізсе, осы уақытқа дейін жыл сайын 12 млрд теңгенің желге ұшқаны ма? Сарапшылар бұл сұрағымызға бастарын изеп жауап қатты.
Мәселен, былтыр зейнетақы қоры қоғаммен тығыз байланыста болу үшін арнайы кеңес ашып, оған ел танитын саясаттанушы, қаржыгер мамандарды шақырған еді. Бірақ көп ұзамай-ақ кеңес мүшелері зейнетақы қоры жетекшілерімен пайдасыз бос отырыс өткізуді қорлық көріп, «қашып» кеткен еді. Солардың бірі Бота Жұманова зейнетақы қорындағы әкімшілік шығындардың 12 млрд теңгеге, оның ішінде еңбекақы жүктемесі 2,4 млрд теңгеге қысқарғанын құп көреді. «Ондағы керексіз шығындар бұдан да көп, зейнетақы қорының басшылығы пайдасыз шығынды қысқартуға келгенде айтарлықтай шектеліп қалыпты. Қордағы қызметкер орта есеппен айына 300 мың теңгедей жалақы алады. Ал мұндай қызметкерлердің саны 2000-ға жетеді. Бұл тек орта шама. Басшылық одан да көп алады», – дейді ол.
Жұмановамен бірге қоғамдық кеңестен шығып кеткен экономист, «Талап» орталығының директоры Рахым Ошақбаев зейнетақы қорының жұмысы мен қаржысына бақылау жоқ деп біледі. Алайда қаржыгер Расул Рысмамбетов «зейнетақы қорындағы қызметкерлердің жалақысы басқа компаниялармен салыстырғанда аз әрі оларға үлкен жауапкершілік жүктелген» дейді.
Зейнетақы қоры қызметкерлерінің жалақысы аз болсын, көп болсын қарапайым халықтың зейнетті күніме деп аударған қордағы ақшаның 40 млрд теңгесі желге ұшқалы тұр. Себебі қордан қарыз алған 21 компанияның күйі нашарлап, берешегін қайтаруға шамалары келмейтін жағдайға жетіпті. Тіпті бес компания банкрот боп танылған. Бұл – осы бестік қарызға алған 15 млрд теңге қорға енді қайтпайды деген сөз.
Ал банкрот болған Әзірбайжан банкіне кезінде салынған қаржы зейнетақы қорына 15 жылдан кейін – 2032 жылы оралады деп сендіріп жатыр. Алайда экономист Жәңгір Рахжанов ол ақшадан қайыр бар дегенге сенбейді. «Қазақстан ақшаны қайтарып алудың қай жолын таңдаса да, зейнетақы қорындағы ақшаның есебі бәрібір түгенделмейді» дейді ол. Сондай-ақ мамандар мен қарапайым тұрғындар зейнетақы қоры салымшының жарнасын көбейтіп, үстемелеп, зейнетақы көлемін өсіріп береді деген ұстаным ертегіге айналғанын айтады. Олардың сөзінше, қазір зейнетақы қоры салымшының ақшасын өсіргені былай тұрсын, қорға түскен қаржының өзін уысында ұстай алмай тұр.

Аян ҚАЛМҰРАТ
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20515.html