Өлке
Балқаштың тынысын кім ашады?
Жас Алаш №83 (16269) 17 қазан, сейсенбі 2017
10.08.2017 12:33

Арқаның ұсақ шоқылары мен Сарыесік-Атырау құмының арасын жалғап жатқан Балқаш көлінің бүгінгі жағдайы алаңдатарлық күйде. Әсіресе осы Көкше теңіз аталған көлдің солтүстік-батысынан орын тепкен мыс шаһары Балқаш қаласының экологиялық жағдайы дабыл қағарлық деңгейге жеткен. Әлдеқашан толғағы жеткен мәселе болса да, қала халқы әлі күнге құрғақ уәдені қанағат етумен келеді.
Балқаш кен-металлургия комбинаты бұл күндері де үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қала халқының дені осы өндіріс ошағында еңбек етеді. Алайда өндіріс бар жерде оның улы қалдықтары, зиянды радиация да болады. Біздің осы мақаланы жазуымызға себеп болып отырған мәселе де осы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Балқаш көлінің аумағында туризмді дамытуға кедергі болып отырған жағымсыз факторлар сараланғаны есімізде. Бұл орайдағы ең басты мәселе – көл суының ластануы мен өндірістен бөлінген зиянды қалдықтардың өңір ауасында тым көп мөлшерде кездесуі.
Көлдің экологиялық проблемалары ХХ ғасырдан бастау алады. 1970 жылдан беріде су деңгейі күрт төмендеген. Онымен қоймай, Қытайдан бастау алатын Іле өзенін көршілеріміз барынша пайдаланып отыр. Бүгіннің өзінде өзен бойында 13 суқоймасы бар және Қытайдың мұнымен тоқтайтын түрі жоқ. Біздің Қапшағай сияқты үлкен суқоймасын ашпақ. Ресми мәліметке жүгінсек, Балқаш көлі суының 75 пайызын осы Іле өзені құйып отыр. Онсыз да жылына 15 см-ге тартылып бара жатқан Балқаштың ендігі жағдайы не болмақ?..
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, тағы бір үлкен мәселе судың ластануы болып тұр. Көл суының минералдылығы күрт өскен. Балқаш кен-металлургия комбинатының өндірістік қалдықтарының әсерінен су құрамында ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Кеңес өкіметін аңсағаным емес, бірақ сол дәуірде экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұратын арнайы орталықтар болған екен. Қазір соның біреуі де жоқ. Аталмыш ауыр металдардың кесірінен қазір Балқаштың алып ақбауыр сазандары ұсақталып, саны азайып кеткен. Ал балықтың көкбас, Балқаш қарабалығы сияқты түрлері мүлде жойылған. Осының бәріне кім кінәлі? Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, судың ластануына ең бірінші себепкер – Балқаш түсті металл зауытының қалдықтар қоймасы. Бұл қойма қанша жерден айналдыра қоршалғанымен, зиянды қалдықтар буланып, жаңбырға айналып бәрібір көлге құйылады. Ауаның ластануы өз алдына бөлек әңгіме. Осы қарқынмен жалғаса берсе, Балқаштың халі Аралдың жағдайынан алыс емес.
Балқаштың балығы улы қалдықтардан азайып жатқанымен қоймай, көлге халықтың тигізіп жатқан зияны да аз емес. Бұлай деуіміз бекер емес. Жыл сайын сәуір-шілде айларында көлден балық аулауға тыйым салынады. Себебі осы аралықта балықтар уылдырық шашады. Алайда тап осы кезеңде жергілікті базарларда сатылып жатқан балықтың саны екі есе көбейіп кетеді. Қайдан алады? Әрине, көлден аулайды. Ол саудагерлерді кім құрықтап жатыр? Әлгі балықтар қайдан келіп жатқанына ешкім бас қатырғысы келмейтін сияқты.
Жаз айларында Балқаш көліне ағылатын демалушылар, туристер көп. Солардың көпшілігі ауа мен судың ластығына кіжінеді. Көл жалпыға ортақ байлығымыз болған соң, оның таза болғанын бәріміз де қалаймыз. Десек те, сол үшін тиімді шара атқарып жатқанымыз шамалы.
Ал енді Балқаш қаласына келер болсақ, шаһардың қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Қаланың байырғы тұрғындарымен тілдесіп көрдік. Олардың айтуынша, Балқаш шағын да болса кезінде жасыл желекпен көмкерілген қала еді. Бір кезде халық қаладағы әрбір ағашқа аса қамқорлықпен қарайтын. Жасыл желектер апта сайын суарылып, ерекше күтімде болды. Ал қазір сол игі дәстүр ұмытылған. Ағаштарды суару тұрмақ, керісінше, қала көшелерін абаттандырамыз деп ағаштардың біразын қырқып тастаған. Экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұратын, оттегінің жалғыз көзі – ағаштарды көбейтудің орнына отап-бұтап жатқаны несі дейсің. Қала басшылығының жөн-жосығы, ой-жоспары қандай? Бұрын ағаштарды суаруға арнайы тартылған құбырлар болған екен. Қазір ол құбырлар қайда кеткені белгісіз. Комбинаттан шыққан газ ауадағы оттегінің мөлшерін азайтып, күкірт қышқылының мөлшері шамадан тыс өсіп кеткен. Мамандардың айтуынша, ауада күкірт қышқылының тым көп болуынан жаңбыр да сирек жауады екен. Жауған күннің өзінде, ауыр металдар мен күкірт қышқылы мол араласқан жауын ағаштарға, басқа да өсімдіктерге зиян. Жауын айнала төңіректің бәрін, оның ішінде көлді де ластап өтеді.
Шағын қалада аз күн аялдасаңыз, өндіріс ошағының «кереметтерін», қала мен далаға келтіріп отырған залалын өз көзіңізбен көріп-сезіне аласыз. Кей күндері қала көк түтінге оранып, демалудың өзі мүмкін болмай қалады. Тамағыңды жыртып жіберердей газ қолқаңызды қауып, тұншықтырып, берекеңізді қашырады. Мұндай күндерде қала тұрғындары сыртқа бейсауат шықпауға тырысады. Ал жаңбыр жауар алдында қаланы борсыған жұмыртқаның иісі алып кетеді. Бұл не дейсіз ғой? Тағы да сол кен-металлургия комбинатының қалаға жіберіп жатқан «сыйы» десек болады. Қаланың ішінде құс атаулы атымен жоқ деуге болады. Бұрын көл үстінде қиқу салып жүретін шағалалар әлде қырылып қалған, әлде басқа жаққа ауып кеткен. Қаладан кәдімгі торғайдың өзі безіп кеткенге ұқсайды. Тұрғындар бір кездері көшеден өліп жатқан торғайларды жиі кездестіргенін айтады.
Қала халқы жыл озған сайын азаймаса, көбейіп жатыр деуге келмейді. Осы қалада туған нәрестелердің жарық дүниеге жарымжан болып келуі жиілеп бара жатқаны жанға батады. Демографиялық өсім қажет дегенімізбен, науқас ұрпақ еліміздің ертеңі бола ала ма? Ел ертеңін ойлаған азаматтар осы мәселеге назар аударса дейміз. Ал статистикаға сүйенсек, Қарағанды облысы бойынша құрт ауруына, яғни туберкулезге шалдыққан сырқаттардың дені осы Балқаш қаласынан екен. Бұл дегеніңіз дабыл қағарлық жағдай. Ауадағы ауыр металдар, күкірт қышқылы, газдың басқа да түрлері халықтың денсаулығына кесірін тигізіп-ақ жатыр. Қала халқының 70 пайызының табыс көзі осы комбинат болған соң, ешкім нәпақасынан айырылғысы келмей, көнгеннен басқа амалдары болмай отыр. Бұл жағдайды дұрыстаймыз деп комбинат басшылығы қай заманнан бері уәдемен жарылқап келеді. Өндіріс ошағы соның бір шарасы ретінде зауыттан бөлініп шығатын улы қалдықтарды ауаға жібермей ұстап қалатын сүзгіш орнатыпты-мыс. Ол рас болған күннің өзінде, жағдайдың оңалып, ауаның тазарғанын сезінген ешкім жоқ. Көшедегі ағаштардың жапырақтары жаппай шіріп жатыр. Әдетте, күздің соңына қарай түсетін қараағаш жапырақтары жаз ортасына жетер-жетпестен сарғайып, шіріп жатыр. Мұның бәрі, әрине, ауадағы улы заттардың зардабынан.
Табиғатқа осынша кесірін тигізіп жатқан өндіріс ошағы адам ағзасын қалай улап жатыр десеңізші. Ата Заңымыздың алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары иен бостандықтары» делінген. Ендеше, ең қымбат қазынасына қауіп төніп тұрғанда мемлекеттің жауапты орындары қарап қалмауы керек. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе десек те, Балқаштың бүгінгі ахуалы амалсыз дабыл қақтырып отыр. Көлдің де, қаланың да тынысы барған сайын тарылып барады. Баяғыда назар аударатын проблема еді, десек те, әлі де кеш емес. Ал ертең кеш болуы мүмкін, әрине...

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
Балқаш қаласы
Қарағанды облысы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/20516.html