Қоғам
Кісі
Жас Алаш №65 (15444)   17 тамыз, бейсенбі 2017
10.08.2017 12:42

Ол қайда барсаңыз да, алдыңыздан шығады. Құдды көлеңкеңіз сияқты. Ол егер сізбен желіде дос болса, оны өшіріп тастап «құтылдым» деп қуанып үлгергеніңізше, о кісі яки жаныңыздан өтіп бара жатады, яки қарсы келе жатады, не болмаса сіз кіретін есікте алдыңызда отырады. Одан құтылмайсыз. Ол кім деп қабақ шытарсыз, айтайын, ол – кісі. Кісі болғанда да сондай бір кісі. Қалай айтсам екен, мың құбылған, мың түрлі түрге енетін бір кісінің бейнесі. Біздің кісіміз жынысқа бөлінеді. Бірақ ұқсастықтары тым көп. Мәселен, ол кісілердің қызметіне келсек, күзетшіден үкімет кеңсесіне дейінгі аралықты алып жатыр.
Шығу тегі, негізінен, ауылдан. Шірегенде аудан. Әлдеқалай қала келген. Содан қалып қойған. Араларында ілініп-салынып оқу бітіргендері кездеседі, көбі бірнеше дипломды сатып алғандар. Ең ғажабы, олардың ішінде ғылым кандидаттары мен докторлары да кездеседі. Жарайды, кандидаттар мен докторларды қоя тұралық та, әуелі осы кісілердің ортақ сипаттарына тоқталайық. Әдетте, бойлары орта болып келеді. Жүздері қан-сөлсіз, ақсұр. Ал көзі... Көзіне кездейсоқ көзіңіз түсіп кетсе, өз-өзіңізден қораштанып, ыңғайсызданып қаласыз. Өйткені ол көз адамды көруге жаратылмаған. Тек өзін және өзінен жоғары тұратын кісілерді ғана жазбай көреді.
Киімді еттеріне жабыстырып, тырыстырып кигенді жақсы көреді. Әсіресе костюм-шалбарды оқыс қимылдаса дар етіп жыртылып кететіндей етіп киеді. Ондағы бар мақсат – шіреніп, шікірейіп көріну әрі сол бейнемен реті келсе ықтырып алу. Олардың тағы бір «ерекшеліктері» – әмияндары. Оны олар міндетті түрде көзге түсетін етіп ұстайды. Әмиянның іші бос болса да қампайып тұрады. Іші толған карточкалар. Егер зәудеғалам әлгі әмияндағы карточкаларды көре қалсаңыз, банк атаулыдан Халық банкі карточкасынан өзгелері дүкендер мен дәмханалардың жеңілдік карточкалары екенін көрер едіңіз.
Сырт көзге уақыты тапшы, халықаралық мәселелерді шешуден қолы босамай я бір елдің экономикалық қиындығымен күресіп жатқан адамдай әсер қалдырады. Себебі кісілер үшін ең бастысы – әсер қалдыру. Қалғаны қалпақта деп біледі. Уақыты тығыз болғаны себепті жүре сөйлеседі, сөйлессе, әрине. Көп жағдайда олар алдына барған я болмаса жолыққан адамдарды көрмейтіні сондай, өзін айдалада бір өзі қауырт жұмыс істеп жатқандай ұстайды. Мәселен, біздің кісіміз күзетші болса, ол сізді ішке бірден жібере салмайды. Сіз ең әуелі оның өзіңізге сон-а-а-а-а-у галактикадан қарап, оның өзінде көзінің қиығын болар-болмас салып тұрғанын байқайсыз. Әлбетте, ол өзін айналасында тірі пенде жоқтай ұстайды. Асықпайды. Ыңыранады. Шіренеді. Телефонмен өте маңызды істерді өзі сияқты бір кісімен ұзақ талқылайды. Сіз сарылып күтесіз. Күзетшіден өзге қызметтерде о кісілердің біз сипаттаған «қасиеттері» тіптен қоюланады. Ол кісі әлдебір мекеменің бірдеме деген бөлімінің бірдеңесінші маманы болуы мүмкін. Бірақ оны сіз ешқашан біле алмайсыз. Өйткені ол өзін сол мекемедегі ең маңызды әрі біртуар ретінде көрсетудің хас шебері, соған сендіреді.
Енді бұ кісілердің қоғамдық сипатына келейік. Бір қызығы, олар қоғамда (негізінен, әлеуметтік желіде) ашық әрі толерантты, көпвекторлы, көпқырлы, жаңашыл болады. Егер біздің кісі белгілі бір мамандығы жоқ, бірақ жұртқа заманауи кәсіптердің бірін бүге-шігесіне дейін меңгерген адам деп таныстырып, келе-келе ол өтірігіне өзі де өлердей сеніп кеткен болса, онда о кісі қоғамның айнасы, желінің жайыны дей беріңіз. Негізінен, «надан, оқымаған, заманға ілесе алмай қалған» қалың жұрттың көзін ашуды, жарыққа сүйреуді өзінің ең биік мақсаты деп есептейді. Сол жолда әлемдегі дәретханаға жаңалықтарын түсіндіруден бастап, мемлекеттің дамуы, болашағы, қоғамға не керек деп келетін, яғни «қайтіп ел боламыз?» дейтін өте үлкен әрі күрделі сауалдың неше түрлі жауап нұсқаларын өзінің идея, ой, ұсынысы есепті күніне бәлен рет жазып, «ағартушылықпен» айналысады. Ел алдында көрініп қалған немесе биліктің әлдебір тетігінің бұрандасының сыртына май болып жағылып қалуға құмар «үлкен» кісілермен күтпеген жерден жай ұшыраса қалғанын өте-мөте маңызды кездесу деп астын сызып атап өтеді. «Үлкен» кісіге де керегі сол. Өзі сияқты кісілердің көптігіне, олардың өсіп келе жатқанына іштей қуанып қалады. Әрі олардың өзін алыстан танып, үйірсектегені жанына жағады. Жақпағанда қайтеді, сені біреу пұт көріп табынамын десе, табан астында Құдай болу екінің біріне бұйырмаған «бақ» қой. Дәл осындай үлкен және кіші кісіні өткенде бір жиында көріп едім. Аумайды ғой, аумайды.
Жоғарыда айтқан кісілер де қоғамға келгенде өте патриот. Ұлтшыл емес, көпұлтты татулықты ту еткен патриот. Биліктің әр бастамасы олар үшін әлемде баламасы жоқ жаңалық. Оны қайдан біледі дейсіз ғой, өйткені үкімет және оның қалтарыс-бұлтарыс, қуыс-тесігінің бәрінде өздері секілді кісілер отырғанын біледі. Ал оны білу, сезіну кісілер үшін бұл дүниедегі ең ләззатты нәрсе. «Бұл ләззаттың бір минутын бермеспін, патша тағы, бүкіл дүние малына» дегендей күй кешеді.
Мәдениет және спорт министрі айтқандай, жазда ыстық, қыста суық болып ауа райы өзгерген бе екен, әлде саяси ауа райы төрт мезгілдің шеңберінен шығып, белгісіз бір маусымға өтіп кеткендіктен бе, кейінгі жылдары кісілер күрт көбейді. Содан ғой, қайда қарасаңыз да, қайда барсаңыз да, алдыңыздан әлгі кісілер шығатыны... Қайтесіз енді, кісімен кісі болатын емес.

Т.ТАҒАН


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kogam/20518.html