Руханият
Айға қатты ынтызарлық – ғашықтықтың нышаны
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
10.08.2017 13:13

КЕЗДЕСУ
Кездескенде «Құдай жоқ» деп көп әңгіме айтушы ем,
Әр сөзіме сені сондай ұйытып.
Содан кейін түн ішінде үй жағыма қайтушы ем,
Жаратқанға сыйынып.
Үй жолында, жолығатын ылғи-ылғи бір кісі,
Екі қолын жазуменен әрлеген.
Болмысымен Жаратқанға өкпелеген бұл пішін,
Бауыр етін былтыр ғана жерлеген.
Қайтарымда,
Үй шығатын, қақпасында моланың бір табы бар,
Кемпір мен шал сырт жағында тұратұғын жол қарап,
Бұл күндері кемпірі өлген, мола үйдің шалы бар,
Әй, дүние-ай доңғалақ.
Сол жолдар-ай қалалық қып, мінгестірген іңірге,
Сен қалдың ғой, сені тастап кеттім екен несіне?
Үй жағыңа бастайтын бір жолға түссем бүгінде,
Құдай жайлы әңгімелер түседі кеп есіме.
Күлік уақыт, бір-ақ сәтте, бір-ақ сәтте кісінеп,
Тірі адамдар қонағынан өлі болып тарасты-ақ.
Мен есейдім ырду тартып, ішіп от,
Сен бойжеттің үйдің маңын аластап.
Махаббат-ай, ауру қылған, өзің үшін жаралса ем,
Сырғалымға сөз айтқызбас мылқаулық.
Құдай берген көздеріңе ұзақ-ұзақ қараушы ем,
Құдай жайлы әңгімені сылтау ғып.
Солай болды, ырду уақыт, арты – ащы, басы – бақ,
Сол бір жолды көрген кезде жұпарыңа қанды дем.
Бұл күндері саған қалай?
…Маған болса тым жақын,
Құдай жайлы айтылатын әңгіме.

АЙ ҚАРАУ...
Ай аспанда аққу қанат сияқтанып қалықтап,
сенің маған қарасыңдай шақырады жарыққа.
Ғаріп басым… сенің менен кеткеніңді ұмытып,
сауып ішем көп мұңымның бұлтын.
Сен де маған айтушы едің «мұңың көп» деп бұрында,
Ал мен болсам екеумізді көк пен жерге теңейтін ем,
Ақымақ… екеуі де қосылмаған,
Сену керек ырымға.
Ай астында,
Қарашы енді, екі ғашық тұр ғой, әне табысып,
Бір беймәлім күйге түскен еріндей.
Негізінде, көп ақындар өледі екен алысып,
Махаббат пен ажалға да берілмей.
Сен кетіп ең мен әлі де жүрмін мұңға тұсалып,
Өзегімді өбектеткен жетім қозы құсалық.
Сен де қарғам, мен секілді іңір қайтыс болғанда,
қарайсың ба сол айға?!
Алайда…
Айға қатты ынтызарлық – ғашықтықтың нышаны.

САҒЫНУ
Апа...
Ақындар бармайды екен ұшпағыңа,
Өлең жазып өмірім қысқаруда.
Сен мені «ақын бол» деп тәрбиеледің,
Өле-өлгенше өтем бұл ұстанымда.
Апа...
Көңілде ұшқалақ ән
Көмірсіз-ақ шығамыз қыстан аман
Сеңделіп сары аязда ой бағамын,
Ой бағамын, ешкімге ұқсамаған.
Апа...
Мені кеп иіктесе тақсыр өлең,
Сен мені әуей деме, бақсы деме.
Мен деген құлшылыққа тәу етпеймін,
Бірақ та жұмақты жақсы көрем.
Апа…
Өлеңмен тұрақтаспын,
Ұлың сенің халқынан сыр ап қашты.
Адамдар көз жасыңа себеп болған,
Мен сені жылатпаспын.
Апа…
Мұңыңнан татыр ма еді?
Саған жазған оқылмай хатым да өлді.
Кешегі көрші үйден көмір тасыған,
Қара ұлың кәдімгі ақын болды.
Апа…
Неліктен шашыңа ақ түсіресің,
Өлеңмен көп ауырам, ісім осы.
Апа, түсінші, адасқаныңды.
Мен сені түсінемін,
Сен мені түсінесің.

СҮЮ
Әу басында саған ғашық еткен мені,
өз жүрегім, өз кеудем.
Бақсы тағдыр кектенгенде,
қоспайтынын сезгем мен
Әу басында мені саған ынтық қылған,
сенің көзің, сөзің, тіпті иісің жұпарлау.
қосылмадым, содан болар,
есім ауып, баққа кеттім мекендейтін құтандар.
Әу басында маған сені іздеткізген,
қолаң шашың, қой көзің, тағы біреу,
Жанкештілеу көзқарас.

Әу басында саған ғашық қылған мені,
Хауа ананың тамшысындай әрің мен
күн нұрындай дидарың.
Содан шығар, сенен безіп кетпек түгіл,
ойламауға қимадым.
Ойламауға тіпті, тіпті, болмайды екен,
Сүйе алмауға тіпті болмас, шынарым.

СҰРША ҚЫЗ
Сені сүйем,
Иә, сүйем,
Сен осындай жайтқа сен.
Сені көрсе ай да өзін сұлумын деп айтпас ед,
Сені көрсе күннің көзі шығардай,
Кешқұрымда іңір мініп, ұясына қайтпас ед.
Сені сүйем,
Иә, сүйем,
Міне, осындай бар халім,
Сені көрсе жұлдыз біткен атағынан жалтарып,
Жылаушы еді қара түн де, қара беттей қаусарып,
Содан кейін жерге қарап ұзақ-ұзақ ойланып,
Армандаушы еді, сырғасына айналсақ деп қалқаның.
Сені сүйем,
Иә, сүйем,
Сірә, бізге керек емес мұнша аңыз,
Жүректерде махаббаттан жарылардай тұрса уыз.
Сезім сынды көктен түскен,
Сәби сынды жүрегіне көктем піскен,
Тек ішімнен айта алам,
Сені сүйем, сұрша қыз...


ХАТ
Хат жазбайсың дейсің бе? Кешір, күнім...
Сансыз ойлар, баяғы есіл мұңым.
Хат жазбадым, оның рас, соңғы кезде,
Ұға алмадым, алып жүр есімді кім?
Хат жазбайсың дейсің бе? Ондай ойлар, міз баған.
Сары хатты жапыраққа айналдырар күз ғана.
Жаратушы екеумізді жұмыр жерге жіберген,
Сенсең сені алып қояды-ау деп,
Мен одан да қызғанам.
Хат жазбайсың дейсің бе? Түк жазбадым шындығы,
Шылым шегіп жүрмін қазір, түріп өмір түндігін.
Мендік ойлар, сендік сезім, білсең ғой,
Жұмыр жерде әлі ойлап табылмаған бір ғылым.
Хат жазбадың дейсің бе?
Хаттар жайлы түс көрем.
Хат жазбадым, бірақ неге көңіл одан күпті емес.
Екеумізге Жаратушы бұйыртқан бір жұмақ бар,
Хат дегенің не тәйірі, Хат дегенің түк те емес!

***
Сен мені, күнім, ақымақ қылдың
Сүйемін дедің тым қатты.
Жүрегім менің шатынап тынды,
Шешімін таппай жұмбақтың.

Ақынды, басты, ауырсынғанды,
Уақыт па, еркем?
емдеді!
Хатыңды күттім қауырсындағы,
Көгершін бірақ келмеді.

Сен емес, қалқам, хаттар алдады,
Бақыт көксеген, көп кілең.
Біздерді бөлген автовокзалды,
Қарғыс отаны деп білем.

Осылай күтіп, өлесің деді,
Сезімнің жанған бақтары.
Мен емес, күткен көгершіндерді,
Хаттар ғой, ақын хаттары...

Не табам, күнім, жылап алғаннан?
Сезім ғой, сүйіп кұлатар.
Біздерді бөлген шұбалаңдарға,
Көгершіндер екен күнәһар.

Серікжан ҚАЖЫТАЙ


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/20521.html