Руханият
«Тергеушілермен» табысар күн жақын
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
10.08.2017 13:16

Отандық кино тарихы жақында «Тергеушілер» атты жаңа телехикаямен толығады. Детектив жанрындағы бұл туынды қазақ тілінде және алдағы уақытта «Хабар» телеарнасынан көрсетілмек.
«Детектив жанры көрермендер үшін қашанда қызық. Бұған аталған жанрдың көрерменді сюжетке толықтай елітіп әкетуі, логиканы қолдануға және кейіпкерлермен бірге жұмбақтың сырын ашуға итермелейтіні себеп болса керек. «Тергеушілер» детектив сериалы – осындай жобалардың бірі. Сондай-ақ осы сериал арқылы көрермендер құқық қорғау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, түрлі жағдайларда қандай әрекеттерге тартатынын біле алады», – дейді «Хабар» арнасының директоры С.Рахымжанова.
Картина неміс көрермендерінің арасында 10 жылдан бері танымалдығын жоймаған неміс франшизасының негізінде түсірілуде. Қазақстандық жобаға халықаралық команда жұмылдырылған.
«Тергеушiлер» телехикаясы қарапайым азаматтарды қорғау үшін өмірін қатерге тігетін және талай ерліктерге барып жүрген полицейлердің күнделікті жұмысын баяндайды. Әр серияда көрермендерді түрлі тергеу оқиғалары, аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған жас та батыл тәртіп сақшыларынан құралған команданың қылмыскерлердің ізіне түсуі, оларды әшкерелеу оқиғалары күтіп тұр. Кәмшат есімді басты кейіпкер образын белгілі актриса Гүлшарат Жұбаева сомдайды. Кәмшаттың қарамағында адал, табанды және әділ ІІД тергеушісі Ермек Байназар (актер Азамат Шарғынов), көңілді әрі жедел қызметкер Нұрлан Ақберен (актер Ербол Садырбаев), мансапқор және бикештердің сүйіктісі Асқар Еділбай (актер Нияз Шайсұлтанов), маман-криминалист – Гауһар Елжанқызы (актриса Гүлбахрам Байбосынова) сияқты төрт әмбебап сарбаз бар, олардың әрқайсысы ерекше қабілетке ие.
Детективті түсіріп жатқан Adam Media Plus компаниясының бас продюсерi Динара Адамның айтуынша, сериалдың басты кейіпкерлері жасанды, мінсіз полицейлер емес. Олар – біздің қазақстандық ортада өмір сүретін қарапайым және өз қызметтерін адал атқарып жүрген қыз-жігіттер. Сондай-ақ бас продюсер осы сериал қазақ кинематографиясындағы детектив жанрына жол ашады деген үмітте.

ЖАС КИНОГЕРЛЕР БАҚ СЫНАЙДЫ
Алматыда 15-16 қыркүйекте қысқаметражды фильмдердің республикалық «Байқоңыр» фестивалі өтеді.
Жас киногерлердің үлкен өнерге деген талабын, ізденісін ұштайтын бұл шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. «Бродвей» кинопорталының ұйытқы болуымен өтетін байқауға ұзақтығы 30 минуттан аспайтын фильмдер қатыса алады. Режиссерлер мен түсірілім тобы мүшелерінің жасына шектеу жоқ. Картиналар деректі кино, анимациялық және көркем фильм секциясы бойынша қабылданады. Биыл байқау бағдарламасына «Қоюшы-суретші» аталымы қосылды.
Жалпы, фестивальде үздік деп табылған кинокартиналар 11 аталым бойынша марапатталады. Жеңімпаздар Нью-Йорк киноакадемиясында шеберліктерін шыңдап, халықаралық байқауларда бағын сынай алады.
– Ғарышты бағындыру идеясымен басталған «Байқоңыр» байқауы кинематографистердің үлкен өнерге қадам басар баспалдағы болғанын қалар едік. Сондықтан іріктеу комиссиясына басқа елдерде өтетін халықаралық фестивальдердің өкілдерін шақыру жоспарда бар, – дейді «Байқоңыр» кинофестивалінің директоры Әнуар Кенжебаев.
Қазіргі уақытта фестиваль қоржынына 80-нен аса фильм келіп түскен. Байқауға қатысуға өтініштер 20 тамызға дейін қабылданады. Ал 15-16 қыркүйек күндері «Көктөбе» саябағында алматылықтар мен қала қонақтары отандық жас кино мамандарының қысқаметражды фильмдерін тегін тамашалай алады.

«АЛЫП ҒИМАРАТТАР» 22 ТІЛДЕ «СӨЙЛЕЙДІ»
National Geographic телеарнасы Астана туралы фильм түсірді. «Алып ғимараттар» деректі фильмінің бұл жолғы сериясы елордадағы көз тартар кешендерге арналған.
Фильмде жаңадан бой көтерген вокзал мен әуежай жайында кеңінен айтылады. Ал негізгі әңгіме «Нұр Әлем» сферасы төңірегінде өрбиді. Фильм авторлары Астананың қолайсыз ауа райына ерекше назар аударады. Сонымен қатар күрделі логистикалық және инфрақұрылымдық жағдайларға қарамастан, осындай ғимараттардың салынуына таңданыстарын білдірген. 45 минуттық фильмнің тұсаукесері 10 тамызда 40-тан астам мемлекетте және 22 тілде ұсынылады.
National geographic Pathers Europe&Africa президентінің орынбасары Дебора Армстронгтың сөзіне жүгінсек, фильмнің тұсаукесері негізгі National Geographic channel арнасында өтеді және Ұлыбритания, Италия, Испания, Польша, Сингапур, Үндістан секілді барлық Еуразия аумағында екі жыл бойы көрсетіледі.
Жалпы, түсірілім тобын Астананың келбеті ерекше таңғалдырыпты. Олар әсіресе EXPO көрмесінің өте қысқа уақытта бой көтергендігін бүкіл әлем білуі тиіс деген тоқтамға келіпті.

Р.СЕРІКБАЙ
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/20522.html