Әртүрлі
Суретші ұшақ
Жас Алаш №65 (15444)   17 тамыз, бейсенбі 2017
10.08.2017 13:23

2 тамыз күні АҚШ-тың Сиэтл қаласынан көтерілген ұшақ Америка аспанын шарлап, өзінің сұлбасын сызып, қайтадан Сиэтл әуежайына қонды. Оның көк жүзіндегі жолын адамдар flightradar24.com сайтынан тамашалап отырды.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей, Boeing 787 Dreamliner ұшағы осы ұзақ сапарға тегіннен-тегін шықпапты. Ол «Роллс Ройс» концернінің жаңа қозғалтқышын осылай сынапты. Бұл сапар АҚШ басшылығына ұшақтың жалғыз қозғалтқышпен алыс қашықтықтарға қауіпсіз ұша алатынына дәлел ретінде жасалған.
Boeing 787 Dreamliner 18 сағат тоқтаусыз ұшып, 12 шақырым биіктікте 16 мың шақырым жолды артқа тастаған. Лайнер АҚШ-тың 22 штатының үстінен ұшып өтті. Кеңфюзеляжді реактивті ұшақ көлеміне қарай 250-ден 330 жолаушыға дейін сыйдыра алады. Boeing корпорациясының өкілдері бұл аспан серісінің басқа үлгілерге қарағанда үнемді екенін айтады.
Қалай дегенде де, енді трансатланттық сапарларға да жалғыз қозғалтқышты ұшақпен шығатын күн алыс емес.


ГЕСТАПО ШТАБЫ МҰРАЖАЙҒА АЙНАЛАДЫ
Польшаның оңтүстігіндегі Закопане қаласының басшылығы гестапоның (1933-1945 жылдар аралығындағы Үшінші Рейхтің саяси полициясы) бұрынғы штаб-пәтерін мұражайға айналдыруға кіріспек. Қазір бұл ғимарат қонақүй ретінде пайдаланылады екен.
Отель иесі оны 12 млн злотыхқа (3,3 млн долларға жуық) бағалап отыр. Закопане әкімшілігі ғимаратты сатып алып, жергілікті басқаруға алдағы айлардан-ақ беруге ықыласты. Барлық қажетті жұмыстар аяқталған соң, ғимаратта түрлі әлеуметтік және оқыту шаралары өткізіліп тұрады. Мұражай жасау идеясы авторларының бірі – гестапоның бұрынғы тұтқынының қызы Люцина Галица-Юрецка. Осы қадам арқылы ол Закопане тұрғындарының өз Отанының азаттығы үшін азап шеккен поляктарға құрмет білдіре алатынын айтады.
Неміс нацистері бұл ғимаратты 1939 жылдың қараша айында басып алған. Бұған дейін онда «Палас» қонақүйі болған. Гитлер жендеттері оған гестапо штаб-пәтерін орналастырады. Бұл түрме кезінде «азап камерасы» деп айдарланды. Оған мыңдаған поляктар мен басқа да елдердің азаматтары қамалды. 250 адам азаптап өлтірілді. 1945 жылдың қаңтар айында Закопане қаласы азат етілгенде түрме де тіршілігін тоқтатты.
1994 жылы ғимаратта шағын мұражай ашылған еді. Алайда оны бір іскер азамат сатып алып, қонақүйге айналдырып жіберді. 2001 жылы белсенділер ғимараттың жертөлесінде шағын мұражайды қайта ашуға қол жеткізді.

САНАХТ АЛЫП БОЛҒАН БА?
Цюрих университетінің (Швейцария) эволюциялық медцицина институтының қызметкерлері Санахт перғауынның өз дәуіріндегі алып адамның бірі болғанын анықтады. Оның мумиесі 1901 жылы Египеттің Бет-Халлаф қаласындағы мазардан табылған-ды. Қорғандағы көне мәйіттер біздің дәуірімізге дейінгі 2700 жылдары көмілген делінеді.
Ғалымдардың анықтауынша, Санахттың бойы 198 см болған. Бұл дәуірде ежелгі египеттіктердің орташа бойы 170 см болғандықтан, перғауын алып адам ретінде көрінген.
Бірақ Санахт ерекше жаратылысынан емес, ауру салдарынан алып болған секілді. Ғалымдардың сараптауы бойынша, ол гигантизм ауруынан зардап шеккен. Бұл дерт бас миындағы гипофиздің ісінуінен пайда болады. Ісік өсу гормонын көп мөлшерде бөліп шығарады екен.



 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ertyrli/20526.html