Әлеумет
Bul latyn qaj latyn?
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
12.09.2017 13:49

БҰЛ ЛАТЫН ҚАЙ ЛАТЫН?
Қыркүйектің 11-і күні мәжілістегі парламенттік тыңдауда латын әліпбиінің нұсқасы таныстырылды. Сол-ақ екен, интернет желідегі жұрттың жаңа әліпбидің нұсқасына қарсылықтары қарша борады.
Мысалы, «ә» әрпі латын таңбасында «ae» болса, «ө» әрпі «oe» болады. Сонда «әлем» деген сөз латынша aelem, «өркен» сөзі oerken болып жазылады. Жұртшылық пікірі бұл қалыптағы әліпби нұсқасы қабылданса, тіл заңдылығы бұзылып, қазақ тілінің онсыз да мүшкіл халі одан әрмен әлсірейді дегенге саяды. Оның үстіне жаңа әліпби нұсқасын жасауда бұған дейін ғалымдар, қоғамдық ұйым өкілдері, сарапшылар, тіл мамандары тарапынан айтылған сын-ескертпелер мүлдем ескерілмеген көрінеді. Десе де, бұл нұсқа алдағы уақытта түзетіле ме, жоқ әлде осылай қызды-қыздымен қабылданып кете ме – ол жағы әзірге белгісіз. Жалпы, латын әліпбиінің елесі Қазақстанда көптен кезіп жүр. Президент Н.Назарбаев та бірнеше рет әліпби мәселесін көтерген-ді. Түркітілдес халықтар, соның ішінде Өзбекстан мен Әзірбайжан латын әліпбиіне көшті. Қазақстандағы әліпби мәселесі болса, ең бірінші саяси маңызды іске баланады. Латынға өту елдегі Ресейдің ықпалын азайтып, отарсыздану саясатының бастауы болады деген де сарапшылар пікірі бар. Алайда латын әліпбиіне қазақ мектептері ғана өтіп, орыс мектептері кирилл әліпбиінде қала береді делініп отыр. Сонда латынға өту саясатының мәні қоғамды екіге бөлу ме, әлде ұйыстыру ма?

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ

Айгүл ІСМАҚОВА, әдебиетші-ғалым:
– Латын әліпбиі қоғамды екіге бөлейін деп отыр. Латын әліпбиіне көшпес бұрын, қоғамда қордаланған сансыз мәселелерді шешіп алғанымыз жөн болар еді.
Биылғы білім жүйесіне енген өзгерістерден оқушы қиналып жатыр. Мұғалімдер проблеманы айтайын десе директордан қорқады, директор «жұмыстан алып тастайды» деп жоғарыдан қорқады. Содан келіп жоғарыға өтірік есеп беріліп жатыр. Бұл жайтты мұғалімдер жылап айтып жүр. Енді оның үстіне әкеліп латынды қосса, таза сауатсыздыққа ұрынамыз. Латынға көшпес бұрын, білім сапасын қажетті деңгейге көтеруіміз керек. Жаңа әліпби енген жағдайда ауылдағы қазақ не істейді? Қаладағы жұрт үйренер. Ауылдан шығатын жастар сауатсызға айналып, арба айдауға мәжбүр болып қалмай ма? Жаңа әліпби олардың жолын кесе ме деп қорқамын. Ана тілімізді толық меңгеруді жетістіре алмай отырғанда енді латын керек пе бізге? Жоғарыдағы азаматтар не ойлайды, түсінбеймін.
Әрине, латын әліпбиіне түптің түбінде, білім сапасы жетіліп, жүйелі арнаға түскен соң барып көшуіміз заңдылық. Оның қажеттілігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ асығыстық жасамаған жөн. Мен білетін Өзбекстандағы, Әзірбайжандағы ғылыми орта латын әліпбиіне көшкеннен кейінгі жағдайды айтып зарлап отыр. Сондықтан да дәл қазіргі жағдайда мемлекетте латынға өтуге ғылыми, рухани қажеттілік жоқ.
Шынында да, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігі мен сұранысы ресми тараптан айтылған жоқ. Есесіне латын жобасының оң қадам екеніне қоғамды иландыру үшін билік аз уақытта үлкен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Қоғам латынды Ресейдің тілдік және басқа да ықпалынан құтылудың оңтайлы жолы деп қабылдайды. Бірақ шынымен солай ма?
Біздіңше, латынға көшу биліктің ұзақ жылдардан бері бас ауруы болып келе жатқан қазақ тілінің мәселесін біржола жабуға бағытталған әрекеті. Егер латын әліпби отарсыздану болса, ол қоғамды алаламай баршаға ортақ іс есепті жүрген болар еді. Бұл жерде біз латын әліпбиіне қазақ мектептері көшіп, орыс мектептері кирилл алфавитінде қалатындығы турасында айтып отырмыз. Латынға дәл осылай көшу болса, онда бұл қоғамды екі бөліп қана қоймайды, Қазақстан халқының тұтастығына сызат түсіреді. Тілдік сызат кейін Ресей үшін таптырмас айла-шарғы болып шықпасына кім кепіл?! Әліпбидегі алалықпен билік Ресейдің көңілін де тауып, қазақтың да ойынан шыққысы келеді. Біздіңше, әліпбиден бұрын, билік таңдау жасау керек секілді. Яғни ол қазақты қолдай ма, әлде сырт күштердің көңіл хошын табуды жөн көре ме? Ал латынға көшу бір жылдың емес, ондаған жылдың мәселесі екені анық.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Әліпби туралы жаңалықты Стамбұлдан оқып отырмын. әліпбиді 25 әріп қатарына тығу дұрыс емес.
Кемі 3-4 әріп-дыбысымыз бөлек таңбалануы керек. Әсіресе дауыстылар.
Әліпби тек интернетшілердің ермегі емес. Халықтың 99 пайызы ең алдымен оқырман.
Үлкен бір дау басталғалы тұр.

(Facebook парақшасынан)
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20702.html