Әлеумет
Біртанов реформасын кейінге шегергісі жоқ
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
12.09.2017 14:01

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегергісі келмейді. Ол медсақтандыру жарнасын төлейтін жұмыс берушілерге артылатын жүкті жеңілдету үшін әлеуметтік салықты азайтуды ұсынып отыр. Сарапшылар «министрдің бұл ұсынысы бюджеттің Ұлттық қорға тәуелділігін арттыра түседі» дейді.
Осыдан бірнеше апта бұрын сарапшылар мен кәсіпкерлер Е.Біртановпен кездесіп, денсаулық сақтау министрлігі енгізген міндетті медсақтандыру жүйесінің шикілігін айтып, ондағы кемшіліктер толықтырылғанша 2020 жылға дейін кейін шегере тұруды ұсынған. «Жаңа жүйенің кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға кері әсер ететінін айтқан» мамандарға министр нақты жауап бермей, «көреміз» дегендей қинала бас шұлғыған.
Содан көп уақыт өтпей президент қатысқан үкімет отырысында Н.Назарбаев аяқастынан осы тақырып туралы сөз қозғады. Президент 2,7 миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар медсақтандырудан тысқары қалатынын, мұндай шикілікті жоймай жатып жобаны бекітпейтінін айтты. Осыдан кейін-ақ сарапшылар мен баспасөз «Біртановтың бастамасы кейінге шегеріледі» деп ұлардай шулаған. Бірақ «айтқанынан қайтпайтын шенеунік» деп сипатталатын Біртанов дегеніне жетпей қоймайтын сияқты. Оған қыркүйектің 8-і күні журналистердің алдында сөйлеген сөзі себеп. Ол жобаны іске қосу заңмен қабылданатын шешім екенін, бірақ президенттің тапсырмасынан кейін реформаны енгізудің уақытын қайта қарағандарын айтты.
– Қазір ресми түрде тапсырма беруін күтіп отырмыз. Өзіміздің ұсынысымызды шамамен келесі аптада үкіметке өткіземіз, – деді Біртанов.
Айтуынша, министрлік өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту керегін алға тартқан сарапшылардың пікірімен келіседі.
– Халықтың 15-20 пайызы жүйеге кірмей қалса, бұл дұрыс емес. Одан да сәл тоқтап, барлығы кіруге ниет білдіргенін күту керек. Иә, бұған көп уақыт кететін шығар, бірақ біз соған қол жеткізгенде енгіземіз. Барлығы, ең алдымен, өзін жұмыспен қамтығандар «иә, бұл менің таңдауым, енді мен сақтандыруға ақша құйып, өз ақшама емделемін» деуі керек. Олардың сақтандыруға құлшынысы болуы тиіс. Халықтың біраз бөлігі қамтылмай қалуы мүмкін. Мен мұны бұл мәселенің шешімін табуға қанша уақыт кетсе, сонша уақыт реформаны кейінге қалдыруға тұрарлық себеп деп есептеймін, – деді министр.
Бірақ Біртанов басқарма басшысы 1,7 млн теңге айлық алатын қор жұмысын жалғастыра беруі керек деп есептейді.
– Біз қор халықтан ақша жинай беріп, бюджет қаржысын ұстап отыратын оператор ретінде тегін медициналық көмек беруді келесі жылдан бастасын деп ұсынып отырмыз. Реформа мен салымдарды жинауды кейінге қалдырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ақшалар ары қарай да жинала берсін, – деді ол.
Айтуынша, салық төлеушілер «екі я үш жылдан кейін болатын нәрсеге ақша төлеп нем бар?» демесі үшін кәсіпкерлерге артылатын басқа салық түрлерін азайтуға болады.
– Сақтандыру қорына ары қарай да ақша түсіп, бұл жұмыс берушілерге салмақ болмау үшін салықтың басқа түрін азайтуды ұсынамыз. Бұл Салық кодексі жобасында қарастырылған, – деді Біртанов.
Сарапшылар «Біртановтың бұл ұсынысы да біраз мәселеге себеп болады» дейді. Экономист Мақсат Халықтың есебінше, Біртановтың бұл бастамасы бюджет түсімдерін азайтады, себебі медициналық сақтандыру қорына түсетін қаржы бюджетке емес, жеке қорға жиналады.
– Салықтың басқа түрлерін азайту – бюджет табысының азаюы деген сөз. Бұл республикалық бюджеттегі дефицитті арттыра түседі. Жыл басынан бергі дефициттің өзі 1 триллион теңгеден асып кетті. Салық мемлекет шығынының 34 пайызын ғана жауып тұр. Ал салықты азайтсақ, түсім бұдан да кеміп, дефицит арта береді. Ал дефицит әдеттегідей мұнай табыстары жиналатын Ұлттық қор есебінен төленеді, – дейді сарапшы.
«Осылайша, – дейді маман, – Біртановтың ұсынысы болашаққа деп жинап жатқан Ұлттық қорға тәуелділікті арттырады». Ал бұл, сарапшы пікірінше, әлеуметтік төлемдерге әсер етеді.
– Дефицит тым көп болып, шығындар өсіп кеткенде, әлеуметтік төлемдер азаяды. Мүгедектерге, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыға не болады? Ол медициналық сақтандыру есебінен төлене ме? Төленбесе, үкімет бұған ақшаны қайдан алады? Міне, алдымен осыны анықтап алу керек, – дейді экономист.
Қазақстандықтар бүгінге дейін 7,2 млрд теңге аударып үлгерген қорды бюджет қаржысын бақылаудан шығарудың амалы деп сынаған. Сарапшылар «Бұл реформаның айналып келгендегі түпкі мәні – бақылаудан тыс, көзден таса қор құру. Реформаны сылтау етіп, бюджеттен денсаулық сақтауға бөлінетін барлық қаржыны, онымен қоймай, бизнес пен халықтан ай сайын жиналатын ақша көлеңкеге кетпек. Бұл – 1 трлн теңгеден асатын қаражатты бюджеттен тартып әкеткелі жатыр деген сөз. Бұл ақша денсаулық сақтау министрі мен оның қол астындағылардың иелігіне кетеді» деген еді. Ал денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы халық денсаулығының күтімі мен медициналық қызмет сапасын арттырып, қолжетімді жасаймыз деп сендіреді.

А.ҚАЛМҰРАТ


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20706.html