Спорт
Қаға бер қанатыңды!
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
12.09.2017 14:26

(ҚАНАТ ИСЛАМҒА)
Қыран боп, Қанат балам, шеттен келдің,
Ұран боп туған елге өктем келдің.
Қазығын тапса айналып ер-азамат –
Өтеуі нақақ жаза шеккендердің.

Ер жігіт жүре алмайды тойған жерде,
Бөрінің еті қалар сойған жерде.
Оралдың сағынышпен атамекен
Бейітін бабалардың қойған жерге.

Қарсы алды құшақ жая Қазақ елің,
Құлдықтан енді бүгін азат елің.
Намысын қорғаймын деп туған елдің,
Қарыштап қанатыңды жаза келдің.

Танытып қазағыңның құзыретін,
Танытып жұдырықтың құдіретін,
Талайды менменсіген мықтымын деп,
Келтірдің тәубасына түсінетін.

Бел тұтып зор рухын бабалардың,
Қазақтың қасиетін бағаладың.
Нұрмахан, Серік, Бекзат, Ермахандай
Жалғадың жеңіс жолын ағалардың.

Шетелдік бокстың шын шеберлерін
Шыдатпай кезегімен жеңе бердің.
Желігіп, жеңемін деп жетіп келген
Кукты да шаршы алаңда шегеледің.

Халықтың желбіретіп туын бүгін,
Таныттың елім деген ұлын мығым.
Асырып ел мерейін жеңісіңмен,
Жаптың сен ЭКСПО-ның шымылдығын.

Тек қана қазақ емес және бүгін
Ұлысың күллі Ислам әлемінің.
Қарыштап қанатыңды самғай бергін –
Тілегі сені сүйген бар еліңнің.

Абдрахман АСЫЛБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/sport/20720.html