Құқық-заң
Жанболат МАМАЙ: МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ САЛАДА ҚЫЗМЕТ ЕТКІМ КЕЛЕДІ
Жас Алаш №73 (16529)   14 қыркүйек, бейсенбі 2017
12.09.2017 13:54

«Әблязов ұрлаған қаржының бір бөлігінің ізін газеті арқылы жасырған» деген айыппен істі болып, жеті ай бойы абақтыда отырып, ақыры сот үкімімен үш жылға шартты түрде бостандыққа шыққан журналист Жанболат Мамаймен тілдесіп, алдағы жоспарлары туралы ойын білген едік.

– Сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіретін ойың бар ма?
– Соттың үкімі әлі қолымызға тиген жоқ. Онда нақты не, қалай жазылғанын көзімізбен көрген жоқпыз. Бір-екі күнде шешім қолымызға тиеді. Әзір қорғаушылармен ақылдасып жатырмыз.
Біздің елдегі сот жүйесінің қандай екенін, қандай шешім шығаратынын да жақсы білесіздер, осы тұрғыдан келгенде апелляциялық шағым түсірудің мағынасы жоқ секілді. Бірақ қорғаушылармен кеңесіп, бұл мәселеге қатысты өз позициямызды айтамыз.
Соттың шешіміне қатысты айтар болсақ, ойланатын тұстар көп. Дегенмен соттың түрме жазасын емес, бостандықты шектей отырып шартты жаза беруі біз үшін де, қорғаушылар үшін де, қоғам үшін де күтпеген жағдай болды. Сондықтан бұл қоғамдық пікірдің, қоғамдық күштердің, қоғамдық ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың үлкен жеңісі болды. Яғни қоғамдық пікірге билік құлақ асты деп ойлаймын.
– Бүгінгі шара туралы айтып өтсең.
– Бұл мені қорғаған, қолдаған азаматтармен кездесу форматында болады. Жеті ай бойы маған қолдау көрсеткен барлық азаматтарға рақметімді айтқым келеді. Абақтыда отырғанда қоғамның қолдауы маған үлкен күш-қуат берді және сот шешімінің осындай болуына алып келді деп ойлаймын.
«Жас Алаш» газетіне рақметімді айтқым келеді. Сіздер үнемі сот барысынан ақпарат, мәлімдеме, мақалалар беріп тұрдыңыздар. Бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Сол үшін «Жас Алашқа» алғысым ерекше. Сіздердің ұжымдарыңыздың алдында бас иіп, алғыс айтамын. Сонымен қатар Азаттық радиосы, «Дат» газеті, «Жұлдыздар отбасы» журналы және бірқатар блогерлер, халықаралық ұйымдар – солардың барлығына алғысым шексіз.

– Алда қандай жоспарың бар? Қоғамдық жұмыстармен айналысасың ба?
– Соттың үкімімен маған үш жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бірақ қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салынған жоқ. Сондықтан қоғамдық жұмыспен айналысуға құқым бар. Қандай жұмыспен айналысамын, ол қандай форматта болады, ол жағын әлі ойластырамыз. Өзім мәдени-ағартушылық салада қызмет еткім келеді. Бұл тұрғыда біраз ойларым бар. Және еңбектер жазамын ба деген де ниет бар. Өйткені жеті ай бойы талай кітап оқылды, талай ойлар мен идеялар келді. Сол ойларды алдағы уақытта жүзеге асырсам ба деген жоспарым бар. Бірақ ақпараттық салада қала беремін деп санаймын.
– Рақмет. Біз де саған тілеулеспіз!
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kukyk-zan/20724.html