Сараптама
Сағынтаевтың сөзіне сенбедім...
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 13:48

ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ А.АТАМБАЕВТЫҢ СӨЗІНЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАҒАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТР Б.САҒЫНТАЕВҚА САНСЫЗ СҰРАҚ

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Сіз мәлімдемеңізде «Қырғыз елінің жасалған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс» депсіз.
Қазақ – көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты халық. А.Атамбаевтың айтқанын тыңдадық. Қырғыз басшысы қазақ ұлты мен қазақтың салт-дәстүрі, тарихын кемсітпегенін көрдік. Тату-тәтті екі көрші ел арасына от жағып, ұлтты арандату, достық қарым-қатынасқа нұқсан келетін сөздер айтпаған. Тек Қырғыз елінің ішкі мемлекеттік ісіне Қазақстан билігі араласпасын дегендей өткір сын айтыпты. Егер мәлімдемеңізде айтқандай, А.Атамбаев тарапынан заңға томпақ сөздер болса, халықаралық сотқа жүгініп, Атамбаевтан ресми түрде кешірім сұрауды неге талап етпейсіз?
Оның орнына қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуымен дереу хабардар етуді, сондай-ақ қазақстандықтар да біле жүрсін дегендей экономикалық есеп жариялапсыз.
Сол мәлімдемеңізде «Тәуелсіздік жылдары біздің экономикамыз 20 есе өсті» депсіз.
Алайда Қазақстанда қымбатшылық ай сайын қарыштап өсіп, жалақы мен еңбекақы мардымсыз ғана көбейіп, оның өзін сол сәтінде инфляцияға жұтылып кететінін айтпапсыз.
«2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 ең озық экономикасының қатарына кірді» деп атап өтіпсіз.
Әкімдер мен министрлердің жалған мәліметтері арқылы 50 ел қатарына енген шығармыз. Десек те, халықтың әлеуметтік жағдайы әлі күнге дейін орташа. Оның үстіне Бүкіләлемдік экономикалық форумның жақында ғана жариялаған есебінде Қазақстан бәсекеге қабілеті сыналған 137 елдің ішінде 57-орынға тұрақтап, сіз мақтанып айтқан «елуліктен» шығып қалды (2015 жылы Қазақстан 42-орында болатын). Бұл деректі ескермепсіз.
«Қазақстанның көлік инфрақұрылымы да кең ауқымда жаңғыртылуда. 25 жылдың ішінде 10 мың шақырымнан астам автожол салынды және қайта жөнделді. Таяу жылдары, бұған қоса, ұзындығы 8000 шақырымнан асатын автокөлік жолдарының желісі жаңғыртылатын болады» депсіз.
Бұл санды жоққа шығармаймыз. Алайда автожолдар сапасыз, сол себепті жыл сайын бір жерді қайта жөндеп, ілгері жылжымай отырмыз. Сапасыз жолдың кесірінен жол-көлік оқиғалары көбейіп жатыр. Ауыл-аймақта әлі күнге дейін дені дұрыс жол жоқ.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдары 120 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 1,1 млн-нан астам қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз етті» депсіз.
Басқа аймақтарда баспана мәселесі шешілсе шешілген шығар. Алайда Орал қаласында үй кезегі орнынан жылжығанын көрмедік.
«Тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамуда. Тек осы жылдың өзінде 10,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі» депсіз.
Еңбекке жарамды адамдарды айтпай-ақ, Орал қаласындағы әлеуметтік қорғауға жататын: мүмкіндігі шектеулі жандар, зағиптар, жетім-жесірлердің өздері үйдің шексіз кезегінде әлі тұр. Баспана мәселесі, сіз айтқандай, қарқынды шешіліп жатса, көпшілік неге жалдамалы пәтер жағалап, кісі есігін тоздырып, босағада жүр?
«Елімізде әлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамып, 500 жаңа балабақша және 1,4 мың мектеп салынды» деп көрсетіпсіз.
Мектеп пен балабақшаны салуын салдық. Дегенмен Қазақстанда 1356 мектеп жетпейтінін қырғыз басшысы емес, іргеңізде отырған қазақ депутаттарының өздері айтып жатқан жоқ па? Есепке жүйріксіз ғой, бір мектепке орташа алғанда 600 бала барады деп санап жіберсеңіз, 813 600 баланың тағдыры шыға келмей ме? 1 миллионға жуық бала мектеп тапшылығын көріп отырғанда қай бетімізбен мақтануға болады? Сосын 26 жыл бойы үздіксіз реформаға түскен білім саласы әлі күнге дейін орнықты жүйеге түспей, былыққа батпады ма?
«Жыл сайын орташа есеппен 270 мың жаңа жұмыс орындары ашылады» депсіз.
Егер осы мәлімет шындыққа сай келсе, барлық қазақстандықтар 26 жылдан бері жұмыспен толық қамтылар еді ғой. Амал не, зейнет жасына жақындар мен жастардың басым бөлігі жұмыссыз қаңғып жүргені баршаға аян.
Мәлімдемеңізде «соңғы 15 жылда орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астам көбейді» депсіз.
Өскенін жоққа шығармаймыз. Бірақ сол 15 жылда халық көп тұтынатын азық-түлік пен заттардың, бензиннің, коммуналдық тарифтердің, дәрі-дәрмектің де қанша мәрте еселеп өскенін де айта кетпедіңіз бе?
«Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарын іске асыра отырып, біз жаңа Астанамызды салдық. Астананың дамуына 50 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Қазіргі таңда Астана тұрғындарының саны 1 млн адамнан асты» дейсіз.
Астана салынды, оған сөзіміз жоқ. Ұлттық-рухани, моральдық-материалдық жағынан әбден қалжыраған халқыма, азаматтық қоғам қалыптастыра алмаған еліме теледидарда көркейген Астана не береді?
«Биыл Астанада бүкіл ТМД елдерінің ішінде алғаш рет «Болашақтың энергиясы» Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Оған 115-тен астам мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені өткізу кезінде 4 миллионға жуық турист келді» деп әдемі сандарды көрсетіпсіз.
Көрме барысында қанша қаржы, пайда түскенін сіз бәрібір айтпассыз, біз сұрамай-ақ қоялық. Бірақ осы ЭКСПО-2017 не үшін қажет болды бізге? «Жасыл энергия», «Болашақтың энергиясы» деп ала жаздай ұрандадыңыздар. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Жылы креслода жабысып отыра бермей, бір сәтке орныңыздан тұрып, үкімет үйінің терезесінен әсем деген Астанаға бір қарап қойыңызшы. Көмірден шыққан қара түтін мен қою ыс басқан сұрлы, нұрсыз Астананы көрдіңіз бе? «Жасыл энергия», «Болашақтың энергиясы» деген осы ма еді? Айтпақшы, көмірдің үстінде отырып көмір таппай жүрген облыстарды айтпағанда, жерлестеріңіз, бас қаланың қарапайым тұрғындарына жаздай салған «Жасыл энергия» жыры не берді?
 

Талғат ҚАТАУОВ, қоғам белсендісі
Орал қаласы
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/saraptama/20896.html