Қоғам
Ұлтшылдардың билікке келуі қоғамға байланысты
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:02

Қазақ мәселесінде даусы анық шығып, айтар сөзін іркіп көрмеген саясаттанушы Расул Жұмалы «Қазақұлтшылдығы қандай болу керек?» жобасында қазіргі қазақ ұлтшылдығы, билікпен ұлтшылдардың арақатынасы, саяси мәдениет төңірегіндегі ойларымен бөлісті.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Қазіргі қазақ ұлтшылдығы қазақтың санғасырлық тарихи-тағылымдық дүниелерін бойына сіңірген, ұлттың тілін, ділін, салт-дәстүрін және өзгеде ұлттық құндылықтарына иек арта отырып, жаңа заманның технологиясын, білімін, тілін меңгерген жаңа сападағы мемлекетшіл ұлтшылдық болуы тиіс.
Қазақ ұлтшылы, яғни қазақ патриоты ұлттық құндылықтарды өз бойына сіңіріп қана қоймай, оны айналасына таратып, шамшырақтай сәулесін төге білуі де керек. Бұл ойға тағы қосарым, қазақ ұлтшылдығы ескіні көксемей, өткен күндерге қарайлай бермей, ұлт тарихынан, құндылықтарынан алған тағылымын қорыта отырып, қазіргі заманның, уақыттың талабына қарай жұмыс істеуі шарт. Өйткені әр кезеңнің өз талабы, өз кеңістігі, өз өлшемі, өз заңдары бар. Ал бүгінгі күн талабы – жаңа технологияны меңгеру, мейлінше көп тіл білу, сол арқылы білімді барынша толықтыру. Бұл тұрғыда бізге Алаш зиялылары үлгі. Олардың әрбірі кем дегенде бес шет тілін білген, бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдеп, әртүрлі салада қызмет істеген. Байқап жүргеніміздей, аға буын мен жастардың арасында олардың дүниетанымы мен түрлі мәселелерді қабылдауында алшақтық, тіпті кейде кереғарлық бар. Мәселен, жастар ақпаратты, өзге де қажетті дүниелерді интернеттен, түрлі гаджеттерден қараса, аға буын газет-журналдан оқиды. Демек, технологияларды меңгеруіміздегі алалығымыз буынаралық түсінбеушілікке соқтырып отыр деуге болады.
Қазақ ұлтшылдары, патриоттары дегенді белгілі зиялы топ немесе ақын-жазушылар деп түсіну дағдысынан арылуымыз керек-ақ. Өйткені ол түсінік өткен шақтың сарқыншағы. Қазақтың патриоты, қазақ ұлтшылы кез келген азамат бола алады. Ол ауылда болсын, қалада болсын, қандай жұмыс істесін, мейлі тек жүрегі қазақ деп соқса, ұлт мәселесіне бейжай қарамайтын, азаматтық ұстанымы анық әрі нақты адам болса, ол онда қазақ мемлекеті үшін өзінің қолынан келгенін аянбай істеп, титтей де болса үлесін қосуға қашанда талпынуы керек. Міне, осындай әр азамат ұлт патриоты болуға қақылы. Осыған қарама-қайшы азаматтар да кездеседі. Қазір де қоғамға белгілі, лауазымды, белді азаматтар бар. Бірақ олардың сөзі мен ісі бір-бірінен алшақ. Сондықтан да оларды ұлт патриоты деп айту қиын. Неге десеңіз, ондай азаматтар өзінің жеке басының мәселесін бәрінен биік қояды, материалдық құндылықтарға иек артып, өзінің және айналасының ғана мәселесін шешуге дағдыланып кеткен. Бұл, әрине, өкінішті жағдай. Дегенмен кішігірім қызметте жүрсе де, ұлт ісінен шет қалмайтын, әрқашан өзгеге қолын созуға даяр тұратын азаматтығы жоғары адамдар да көп.
Бізде саяси ұлтшылдық бар. Ол тарихымыздың әр кезеңінде болған. Біздегі саяси ұлтшылдық биік деңгейге жеткен кездер болды. Ол – Алаш қозғалысының кезеңі. Әрине, заманның тәлкегі болды, уақыттың қысымына ұшырады. Тіпті совет бағытын ұстанған азаматтардың да ұлтшыл болғанын білеміз. Қуғын-сүргіннен кейінгі совет дәуірінде де ұлтшыл зиялылар, отаншыл адамдар өз ұстанымдарында қалды. Ал тәуелсіздік ұлтшылдыққа жаңа серпін берді. Саяси ұлтшылдықтың басты функциясының бірі – азаттыққа жеттік. Дегенмен әлі де болса тәуелсіздік толымды болмай, өзге елдерге қазірге дейін ақпараттық, экономикалық тұрғыда тәуелділік барлығына қарамастан, ұлтшылдық бар. Ол тым баяу жүріп жатқан үрдіс. Бірақ оны ешкім тоқтата алмайды. Оның басты мақсаты – Қазақстанды ұлттық нақыштағы мемлекетке айналдыру. Ендігі мәселе – ұлтшылдыққа жаңа серпін беріп, жаңа сапада дамуына көңіл бөлу. Және бұған белгілі топтың ғана шаруасы деп емес, бүкіл ұлттың ісі деп қарау керек.
Әлемдегі дамыған мемлекеттер екі нәрсеге иек артады. Бірі – демократия, екіншісі – мемлекет құрушы ұлттың құндылықтары. Әр мемлекеттің байлығы: ол – қазба кен орындары емес, өзіндік пікірі, ұстанымы бар, біртұтастыққа бейім азаматтары. Ал Қазақстан азаматтарын біріктіретін нәрсе – қазақтың құндылықтары. Соның аясында азаматтар нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан, ұйысуы шарт. Ұйыстыратын – қазақтың ұлтшылдары.
Қазіргі таңда Қазақстанда ұлтшылдар бар. Бірақ объективті және субъективті себептермен олардың арасында бірауыздылық жоқ. Түрлі мәселеде дауласып, ұсақ-түйек нәрселерге бола кикілжіңге барып жататынын да білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі қазақ ұлтшылдары негізгі басымдықтарын анықтап алуы тиіс. Ең негізгі басымдық – тәуелсіздік, ұлттық һәм демократиялық құндылықтар. Осы мәселеге келгенде қазақ ұлтшылдары ештеңеге қарамастан, бірауызды болуы керек. Өзара кикілжіңдерді тоқтатып, айдап салуларға көнбеу керек. Ол үшін ұйымшылдық қажет.
Рас, 90-жылдардан кейін рухани серпіліс, саяси жаңғырулар болды. Оны сол кездегі қоғам тынысынан, азаматтардың көзқарас, ұстанымынан-ақ байқауға болатын еді. Кейін келе түрлі себептермен саяси жағдай саябырсыды. Оған биліктің өктемдігі және қоғамның селқостығы әсер етті. Халықтың селқос болатыны, ол уақытта адамдарды саясат емес, күнкөріс көбірек мазалады. Cөйтіп, күнделікті тіршілік бірінші орынға шықты да, қоғамдық-саяси, рухани мәселелер екінші-үшінші орындарға ығыстырылды. Бір жағынан, бейжайлыққа қазақтың жуастығы, көнбістігі және совет заманындағы қуғын-сүргін кезінен санада қалып қойған үрей себеп болған шығар. Өте бәсең болса да, соңғы жылдар бедерінде жағдай өзгеріп келе жатыр. Қоғамдық пікір оянып келеді. Әсіресе жастардың саяси-идеологиялық мәселеге келгенде санасы да, ойы да көтеріліп келе жатқанын байқап жүрміз. Ендігі мәселе – осы серпіліске дем беру.
Біздегі отаншылдық, ұлтшылдық, патриотизм мемлекетті ойлайтын емес, көбіне аймақшыл, жершіл және белгілі бір әлеуметтік топ деңгейіндегі белсенділік сипатта. Аталған топтар өз жеке басына, өз тобына келгенде белсенді болғанымен, мемлекеттік деңгейдегі мәселе қозғалса, оған сүлесоқ қарап, ол проблеманы өзінікіндей қабылдамайды. Мұндай топтардың әрекетінде сыртқы күштердің де әсері жоқ емес. Сыртқы күш деп отырғанымыз – Ресей. Мәселен, жоғары жақтан «елді ұйыстыратын мемлекеттік идеология бар» деген сөзді Жаңаөзен, Бақай-Шаңырақ, жер митингісі секілді оқиғалар теріске шығарды. Жоғарыда айтқан әлеуметтік, аймақшыл топтардың мұндай елдік мәселелерде бұғып, білмегенсіп қалатын әдеті бар. Ал Ресейге келсек, Ресей Қазақстандағы қазақтардың түлеп, ұлттық жаңғыруын қаламайды. Оларға біз орыс әлемінің жетегінде жүре бергеніміз жақсы, ыңғайлы. Ресейдің осындай пиғылдағы әрекетін біздің орыс тілінде сөйлейтін, жазатын меморгандар мен БАҚ көрсетіп отыр. БАҚ дегенде ресейлік бағытты ұстанатын, сол сарындағы басылымдар. Ал бұл өз кезегінде ішкі идеологиялық жағдайды нашарлатып, қоғамды бөліп-жарып отырғаны белгілі. Мысалы, ауыл қазағы, қала қазағы, нағыз қазақ, шала қазақ деу де солардан шығады. Оның сыртында қазақты бір-біріне айдап салу, руға, жерге бөлушілікті қоздыратын да орыстілді баспасөз. Ақпарат, қауіпсіздік саласына жауапты құзырлы мемлекеттік органдар қалайша осындай дүниелерге жол береді? Жауапкершілікті билік орындарына артамыз. Алайда қоғамның өзі де селсоқ болмай, әр нәрсеге сергек қарайтын, үн қататын уақыт келді деп ойлаймын.
Ұлтшылдықты айтқанда, тәуелсіз Қазақстандағы саяси билік дамыған өзге елдер сияқты неге өзінің мемлекет құрушы халқының тарихымен тамырлас ұлттық идеяларға иек артпайды деген сауал туындайды. Меніңше, қазіргі саяси билік – өтпелі кезең билігі. Совет Одағынан шыққан басқа елдерде өтпелі кезеңнің екінші, үшінші кезеңі басталса, бізде бірінші кезең әлі аяқталған жоқ. Бәлкім, тым созылып кеткен де шығар. Өтпелі кезең билігі совет саяси мектебінен шыққан адамдардың қолында, ал олар Ресейдің ықпалынан шыға алмай келеді. Сондықтан ұлтшылдықты билік 90-жылдары өзіне қарсылас деп қабылдады, кейін менсінбей оппозицияға балап, жақтырмады.
Ұлтшылдық дегеніміз – оппозиция емес, ол патриотизм, мемлекетшілдік деген ұғымдардың баламасы. Сондықтан билік ерте ме, кеш пе, ұлтшылдар биліктің қарсыласы емес, керісінше, серіктесі екенін түсініп, ұлтшылдарға күмәнмен, секем алып қараудан арылуы керек. Өйткені демографиялық көрсеткіштердің өзі қоғамның қазақыланып келе жатқанының көрінісі. Мәселе осы үрдісті сапаландырып, үдетуде. Ал рухани жаңғырудың аясындағы тарихқа көңіл бөлінуі жоғарыда біз айтқан жайттарға биліктің назар аудара бастағанының бір көрінісі, нышаны. Сол үшін қоғам да серпіліп, билік неге Конституция талаптарын орындамайды, өз шешімдерін неліктен ашық талқыламайды, неге мемлекеттік маңызы бар мәселелер жабық есік жағдайында қабылданады, неге билікте жауапкершілік жоқ деген сынды дүниелерді қоғам талап етуі тиіс. Өйткені қазақтың еркіндігі, өскендігі, экономикасы, ұлттық құндылықтары қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ.
Билікті айтқанда «ұлтшылдар билікке келе ме?» деген де сұрақ көпті арагідік мазалайды. Рас, биліктің ауысуына заңдық-құқықтық негіз жасалды. Бірақ биліктің ауысу-ауыспауы өте бұлыңғыр мәселе. Биліктің ауысуының құқықтық негізі Конституцияға енгізілгенімен, жалпы, Конституция талай рет өзгеріске ұшырады. 1992 жылы қабылданған Ата заң 1995 жылы түбегейлі өзгеріп, жаңа Ата заңға айналды. Одан бері басты заңға қаншама өзгертулер мен толықтырулар енді. Оның ішінде бір-біріне қайшы қанша баптар бар. Тіпті сол Конституцияның баптары орындалып отыр деп те айта алмаймыз. Мысалы, Ата заңның тілге қатысты бабын шенеуніктер, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар күнде бұзып отыр. Сол сияқты басты заңда көрсетіліп, кепілдендірілген баспасөз бостандығы, сөз еркіндігі, шерулер мен митингілерге шығу еркіндігі орындалып отыр ма? Жоқ!
Дәл қазіргі кезде биліктің ауысуына негіз болатын саяси жағдай жоқ. Оппозиция, ұлттық қозғалыстар толықтай тұншықтырылған. Саяси алаң жоқ. Ал билік өзінің ұстанымынан айнығысы келмейді, бас тартпайды. Осы тұрысын, тұғырын ұзарта түсуге тырысады. Он жылға ма, жиырма жылға ма, қанша жылға болса да, қазіргі статус-квоны созуға талпынады. Сондықтан қазір де, кейін де ұлтшылдардың билікке келу-келмеуі қоғамға, оның белсенділігіне байланысты.
Ұлтшылдық дегенде біз қоғамда түрлі топтардың барын да есте ұстағанымыз жөн. Ұлтшылмыз деп жүрген адамдардың ішінде де түрлі көзқарастағы азаматтар бар. Бәріне бірдей бол деу, әрине, дұрыс емес. Біреулер радикалды бағыт ұстанса, енді біреулер орташа, салқынқанды ұстанымда қалғысы келеді. Кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс екенін уақыт көрсетеді. Уақыт өте келе осы бағыттардың бәрінен ортақ бір түйін қалыптасады. Ең бастысы, бізде кез келген мәселені дауға ұластырмай, жан-жақа тартпай, ушықтырмай шеше білетін ішкі мәдениет болғаны жақсы. Яғни этика, саяси мәдениет қай кезде де керек. Сондықтан ұлтшылдар арасындағы түрлі көзқарас, ұстаным, бағыттарға түсіністікпен қараған жөн шығар, өйткені қазіргі қазақ ұлтшылдығы жаңа заманға сай қайта қалыптасу үстінде. Қалыптасу кезеңінде көптеген нәрселерді үйрене отырып, саяси мәдениеттің қалыптасуына алып келуіміз керек. Мұндай жолдан басқа елдердің де ұлтшылдары, ұлттық күштері өткен.
Қазір ел ішінде тәуекелдер өте көп: ішкі және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс, күшейіп бара жатқан наразылықтар, түрлі радикалдық күштердің етек алуы сынды күрделі мәселелерге тойтарыс берудің бірден-бір жолы – ұлтшылдық, сол арқылы ұлттық сана-сезімді өсіру.
 

Дайындаған Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kogam/20899.html