Сұхбаттар
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі: ТҮБІНДЕ ОҢТҮСТІК БӘРІНЕН ОЗЫП ШЫҒАДЫ...
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:06

Оңтүстікті басқарып, осы өңірдің өркендеуі үшін бар күш-жігерін салған әкімдерден «Жігіт болсаң, Шымкентті басқарып көр» деген ескілікті сөз қалған. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының басқа өңірлергеқарағанда өзге шелеу екенін, өзіндік өмір салты, жазылмаған тәртібі, жария қылмайтын ережесі бар екенін аңғартса керек. Яғни жер көлемі аз, халқы көп, тіршілігі бұрқ-сарқ қайнап жатқан бұл өңірдің басшыларымен сұхбаттасу қашанда қызық. Содан болар, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа қоятын сұрағымыз көп болды

– Жансейіт Қансейітұлы, ашық әңгімемізді алдымен кадр мәселесінен бастасақ. Осы қызметке тағайындалғалы бері біраз ауыс-түйіс жасап тастадыңыз. Сіз қызметке тағайындар кезде қандай талаптар қоясыз? Және қызметке тағайындаған адамдарыңыз ол талаптың үдесінен шығып жүр ме?
– Осы қызметке келе салып жеті-сегіз айға дейін ешкімді қызметінен ауыстырған жоқпын. Жергілікті кадрларды зерттедім, байқадым. Жұмысын жақсы істеп жатса, неге қызметтен босатып жіберуім керек?! Сондықтан бұл мәселеге байыппен қарау керек деп шештім. Жарты жылдан кейін ғана алғашқы кадрлық өзгерістер жасадым. Әрине, кадр мәселесінде бәрімізге белгілі бір қатаң талап бар. Қызметкер жұмысты жақсы істеуі керек, өз саласының профессионалы болуы шарт. Өйткені қойылатын талап өте жоғары. Қазір заман басқа. Бүгінде мемлекеттік жүйеде қызмет істеу оңай емес. Біреулер ол қиындыққа шыдайды, кейбіреулері қолын бір сілтеп басқа салаға кетіп жатады. Тағы біреулері жұмысындағы кемшіліктерге байланысты қызметінен ауысады. Бұл табиғи процесс. Менмемлекеттік қызметте, президент әкімшілігінен бастап қатаң талаптың арқасында өстім, жетілдім, шыңдалдым. Солдат сияқты жұмыс істеуге қалыптастым. Қызметкерлерге де сол қатаң талапты қоямын. Шыдағанықалады. Шыдамағаны кетеді. Әрине, талабы барларға мүмкіндігінше үйретеміз, көмектесеміз. Әзірге көп ауыс-түйіс жасағаным жоқ. Талапқа сай жұмыс істеп жатқан кадрлар, негізінен, сол қызметтерінде қалды.
 

– Жалпы, мына кадрды дұрыс таңдамаппын-ау деген сияқты өкініштер болды ма?
– Шынын айтқанда, болды. Кадрды қалай таңдаймыз? Жасыратыны жоқ, бұл өңірде өзім білетін, танитын кадрлар көп емес. Сан түрлі сала бар. Содан, амал жоқ, кейде жергілікті адамдармен ақылдасасың. «Осы салаға басшылық жасай алатын кім бар еді? Тәжірибелі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, профессионал кадрлар бар ма?» деп, сол саланы жақсы біледі-ау деген мамандармен пікірлесесің. Солардың көрсетуі бойынша біреулерді қызметке тағайындадым. Бірақ артынша бұл кадрды дұрыс таңдамағаным білініп қалды. Кейбір адамдар өздерінің жеке мүдде, жеке таныстығына қарай ол кадрды ұсынып жіберетіні байқалады. Сол кадрдың қызметке тағайындалуына жеке бастарының қызығушылығы болған сияқты. Немесе артында белгілі бір топтар тұрды. Мақтап-мақтап қызметке өткізіп жібереді. Кейін атқарған жұмысына көңілім толмай, өкініп қалған жағдайларым болды. Яғни кадр таңдаудың осындай қиын жақтары бар. Қателіктер болды.
 

– Өзіңіз бір кездері еліміздің білім саласына жетекшілік жасадыңыз. Яғни бұл саланың проблемаларын жақсы білесіз. Дегенмен де облыстың білім саласының жетекшісін өте ұзақ таңдадыңыз. Мұның сыры неде?
– Рас, білім саласына басшы тағайындауды өте көп ойландым. Өйткені Оңтүстік Қазақстан – оқушылар саны ең көп облыс. Мектептерден бөлек, колледждердің де саны көп. Сондықтан сапаға назар аудармасақ болмайды. Бұл мәселе бойынша да облыстағы азаматтармен ақылдастым, сұрастырдым. Сонда екі-үш-ақ кадрдың есімі аталды. Мектеп директоры, білім бөлімдерінің басшылары айтылды. Тіпті мынандай қызық жағдай болды. Алғаш келгенде денсаулық пен білім саласының басшылары кім болатынына жергілікті халықтың қатты назар аударатынын байқадым. Журналистер де сол халықтың өкілі ғой. Алпыс шақты журналистпен кездесіп әңгімелескенімде, олар «осы екі саланы түзеу керек» деген ұсыныс айтты. Мен «Бұл саланың мамандарын жақсы білмеймін, дегенмен де ақылдасып жатырмыз. Бұл саланың қазіргі басшыларына көңілім толмайды. Сіздер кімді ұсынасыздар? Қай үміткердің есімі көп аталса, сол адамды шақырып алып сөйлесейін, байқайын» дедім. Сонда білім саласы бойынша бір-екі адамның есімі аталды, ал денсаулық саласы бойынша бір адамды айтты. Яғни сол кезде облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрген Мұқан Егізбаев деген азаматтың есімі айтылды. Кейінірек ол кісі туралы зерттей келіп, атқарып жатқан жұмыстарын сараптай отырып, денсаулық сақтау саласына басшы етіп тағайындадым. Шынында, ол азамат өз саласының жұмысын бірден игеріп кетті. Көптеген тың бастамаларды қолға алуда. Ал білім саласы бойынша да көп ойланып, көп толғанып, ең соңында бұрын білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеген, тест орталығының басшысы қызметін атқарған азаматты шақырдым.

– Сырттан шақыруға не себеп болды?
– Білім басқармасының басшысы болып тағайындалған бұл азамат өте жақсы маман. Білім саласын терең біледі. Жаңа технологияны меңгерген. Біздің облыста жаңа технологияны енгізе отырып, жұмыс істемесе болмайды. Халықтың саны көп. Мыңнан аса мектеп бар. Әрине, бұл салаға басшылық жасау да оңай емес. Ең бастысы, ол жергілікті былық-шылықтардың барлығынан таза, топтармен тығыз араласа қоймаған кадр. Тек өз жұмысымен айналысады деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, білім саласы бойынша ел ішінде түрлі әңгімелер көп. Артық әңгіме көбейген сайын, жұрттың күдігі де қалыңдай береді. Астанадан келген жаңа басшы осы саланы жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Осы оқу жылында өңірімізде 20 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы тоғыз білім беру нысаны ел игілігіне беріледі. Қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, апатты және үш ауысымды білім нысандарының мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Жалпы, аймақтағы 1027 мектепте 640 мың бала оқиды.

– Өзіңіз қолға алған «Шатқал» бағдарламасының мақсаты жап-жақсы еді. Бұл бойынша көп жұмыстар атқарылды. Бірақ қазір бұл бағдарлама бойынша ақпарат құралдарында сын айтылуда. Шынында, бұл жұмыс ойластырылмай істелген тірлік болды ма?
– Иә, «Шатқал» бағдарламасын көктемде бастадық. Халықты жұмылдырып, алдымен бес шатқалға ағаш ектік. Жалпы, Шымкент қаласында 14 шатқал бар. Әрине, бұл жақтың ауа райы өте ыстық. Содан барып біраз мәселе туындады. Біршамасы қурады білем... Бұл табиғи заңдылық деп ойлаймын. Топырақтың да ерекшелігі бар. Отырғызылған көшеттер осы процестерден өтіп, іріктелді. Бес шатқалға 50 мың дана көшет отырғызылды. Көпшілігі өсіп, жайқалып тұр. Жақында егуді қайтадан жалғастырамыз. Әр шатқалдың аумағы 15-20 гектарды құрайды. Сол шатқалдар болашақта үлкен орманға, саябаққа айналса деген ойым бар. Шымкент көк жасыл қала деп айтылғанымен, қазіргі таңда шаһарда ағаштың қарасы аз. Жекеменшік үйлер ауласына ағаш екпейтін сияқты. Жасыратыны жоқ, қала бұрынғы Шым қала емес. Қалада орталық және Абай атындағы саябақ, сосын шет жағында дендробақ қана бар. Басқа жоқ. Ал шатқалдар әр жерде болады. Бұлар қаланың оттегісі, өкпесі ғой. Солардың қатарын көбейтсек, бұл бір жағы демалыс орнына да айналар еді. Қазір 100 мың түп көшет дайындалып жатыр. Бұл істі міндетті түрде жалғастырамын. Тағы бір айтары, бұл бағдарлама тек облыс орталығында емес, аудандарда да қолға алынып, сай-қыраттардың бойлары, бос жерлерге ағаштар егу жұмысы жүруде. Келес, Арыс, Шаян және басқа да өзендердің бойлары көріктеніп қалды. Өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы жер-жерде қолға алынғалы бері өңірдің аудан, қалаларында аталған бағдарлама аясында 400 мың түптен астам жасыл желек егілді. Шымкенттің өзінде 200 гектардан астам жер осы шатқалдардың аумағына кіреді. Бұдан бөлек, қаланы сыртынан қоршап тұрған жасыл белдеу бағдарламасы бар. Шамамен 16 мың гектардай жер.

– Осы қызметке тағайындала салысымен оңтүстіктен шыққан іскер азаматтардың басын қосып, туған жерді түлетуге қол ұшын созуды өтіндіңіз. Бұл бастамадан қандай нәтиже бар?
– Осы қызметке тағайындалғаннан кейін ойлана келе, осы оңтүстіктен шыққан, бүгінде Астана, Алматы, басқа да өңірлерде, шетелде жүрген азаматтардың басын қосып, «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» деген үкен іс-шара өткіздік. Алдымен Шымкентте бас қостық. Сосын ол азаматтар туған жерлері, туған аудандарына барып, өздері бас қосты. Іскер азаматтарға материалдық жағынан, ғалым азаматтарға интеллектуалдық жағынан көмек беруін өтіндік. Іс-шараға 200-дей азамат қатысты. Бұл үлкен күш. Оның ішінде академик Ө.Айтбаев, ақын-жазушылар Д.Исабеков, М.Шаханов, И.Сапарбай, қайраткерлер С.Терещенко, Қ.Абдуллаев, Б.Жылқышиев, З.Тұрысбеков және белгілі кәсіпкерлер де болды. Нәтиже жаман емес. Мысалы, кәсіпкер С.Сейітжанов өз демеушілігімен биыл балалар бақшасын ашты. Қ.Молдасейітов денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған орталықтың құрылысын бастап кетті. Облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Төлтебаев туған жерінде әртүрлі әлеуметтік нысандар салуда. Мұндай жомарт жандардың қатары көбейіп келеді. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Енді тек нағыз іскер азаматтар бейтарап қалмай, бірігіп аймақтың дамуына күш салуы керек. Мәселен, көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленген, Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағын абаттандыру жоспарланды. Өңірімізді көркейтудегі жобалардың қатарына «Сарыағаш» курортты аумағын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеру, Шардарада жағажай туризмін дамыту мақсатында Шардара суқоймасы аумағында демалыс аймақтарын орналастыру үшін инвесторлар тарту, облыс аумағында тау-шаңғы туризмін дамытуға бағытталған халықаралық стандарттарға сай «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенін іске асыру, өндірістік жылыжайларды көбейту, Шымкент қаласын дамыту сынды жоспарлар да бар.

– Сіз бірнеше жыл Түркияда елші болғандықтан шығар, көбінесе сол елдің озық технологиясын, озық тәжірибесін, үздік жұмыстарын үлгі етесіз. Тіпті бірқатар оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер, басқа да маман иелері Түркияға барып, ол жақтың жұмыстарымен танысып та қайтты...
– Иә, айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім... Мен Түркияда жұмыс істегендіктен, ол жерде көптеген достарым бар, арасында ірі кәсіпкерлер де жетерлік. Қазір солармен жергілікті кәсіпкерлердің арасын байланыстырдым. Қарым-қатынас нығая түсті. Ел көріп, жер көріп, озық дүниелерге куә болған адамдарда құлшыныс пайда болады. Шетелде ондай екен, мұндай екен деп аузымызды ашып, жүз рет естігеннен бір рет көрген артық емес пе? Сондықтан Түркияға топ-тобымен азаматтарды жібердім. Мысалы, қалалық әкімдіктің мамандарын жібердім. Олар Анкара әкімшілігінің жұмысымен танысты. Ол жақтағылардың жұмысы тап-тұйнақтай ғой. Әкімшіліктен барған 20 қызметкер түрік қаласының құрылыс, абаттандыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Сондай-ақ 50 шақты мұғалімді, 20 шақты журналист, 60 шақты дәрігерді жібердім. Түркия соңғы жылдары денсаулық саласы бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Өнер адамдары да барып қайтты. Осынау адамдардың бір аптадағы шығындарының бәрін Түркиядағы кәсіпкер достарым көтерді. Бюджеттен ешқандай қаржы жұмсағанымыз жоқ. Сол сияқты Түркиядан да көптеген азаматтар келіп, туризм, медицина саласы бойынша семинарлар өткізді. Ешқайсысы ешқандай қаржы сұраған жоқ. Бәрі тегін өтті. Қарқынды баулар, жылыжай, құрылыс саласы бойынша түркиялық іскер азаматтар келіп, инвестициялар салуды жоспарлауда. Нақтырақ айтсақ, Сарыағашта 240 гектарлық қарқынды бау жобасы жүзеге асуда. Құрылыс бойынша жаңа технология енгізіп жатыр. Жақында ғана қолға алған көшпелі сүт қабылдау бекеттері, соның ішінде сүтті суытып ұстап тұратын танкерлер де Түркиядан әкелінді. Міне, көптеген салалар бойынша олардың көмектері тиіп жатыр. Жалпы, Түркия экономикасы жағынан дүниежүзі бойынша 16-орында, Еуропа бойынша 6-орында тұр. Сондықтан олардан алатын, үйренетін нәрселеріміз өте көп.

– Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болған осы уақыт ішінде сіз қандай қиындықтарға тап болдыңыз, қандай проблемалар алдыңыздан шықты? Оңтүстік – өзіңіздің туған жеріңіз. Жасыратыны жоқ, ағайынбыз ғой, бір руданбыз ғой деп сағалап келгендер де көп болған шығар...
– Әрине, ағайын-туысқаным бар ғой... Бірақ осы қызметке келгеннен кейін олардың қатары тіптен көбейіп кеткенін де жасыра алмаймын. Алайда менің мақсатым – адал қызмет істеп, халықтың әл-ауқатын көтеру. Туған-туысқанның, жекжаттардың қамын күйттеп, адал жолымнан тая алмаймын. Ең басты мәселе – кадрларды таңдауда ептеп қиналдым. Бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлер бар. Заманға сай өзгергісі келмейді. Жаңа бастамаларды қабылдамай жатады. Бәрін ауыстырып, жаңалап тастауға тағы болмайды. Түркияға жібергенімде де үйренсін, көрсін, тәжірибе алмассын деген мақсатты көздедім. Астана мен Алматыдан кадрлар шақырғанымды жасырмаймын. Бір жағы шетелдің тәжірибесін молынан көрген, ой түйген, соны іс жүзіне асыра алатын кадрларды көптеп тарту керек болды. Таң атса жұмысқа келіп, кеш батса үйге қайтып, қол қусырумен күні өтіп, жаңашылдыққа, жақсылыққа ұмтылмаған қызметкерлерден не үміт, не қайыр...

– Президент Н.Назарбаев оңтүстікке жасаған соңғы сапарларының бірінде бұл өңірдің, негізінен, дотацияның арқасында күн көретінін айтып қалды. Бұған не айтар едіңіз?
– Шынында, оңтүстік өңірі экономика жағынан алғанда 80 пайыз мемлекеттің көмегіне сүйеніп отыр. Яғни кірістеріміз өзімізді асырауға жетпейді. Неге? Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының негізгі даму бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Оған міндетті түрде мемлекеттің көмегі қажет. Бұл саланың шығыны көп, кірісі аз. Бірақ біз осы саланы дамыту үшін үлкен жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Қарқынды бау, жылыжай, кәсіпорындардың қатарын көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жетістіктер де жоқ емес. Және бір қиындық – біздің облыста табиғи газ бен электр энергиясы бағасының тым қымбаттығы көптеген тірліктердің, кәсіпкерлердің адымын кең аштырмай отыр. Бүкіл республика бойынша ең жоғары баға бізде. Кірістің төмен болуының тағы бір себебі – қазба байлықтар аз. Қазба байлық есебінде бары тек қана – уран. «Қазатомпром» белгілі бір мөлшерде салықтарын төлейді. Болды. Бұл да басқа облыстарға қарағанда көрсеткішімізді төмен тартады.

– Не істеу керек сонда?..
Айтып отырмын ғой, индустриаландыру бағдарламасын жандандырып, зауыт-фабрикаларды көптеп салуға көп көңіл бөлуіміз керек. Тек фармацевтика саласы бойынша биылдың өзінде 4 кәсіпорын ашылды. Металлургия зауыты салынып жатыр. Әрине, дотацияны азайтудың негізгі жолы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Оның үстіне өзіңіз білесіз Оңтүстіктің халқының кәсіпке бейімі жақсы. Осы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде биыл 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 176 586 бірлікке жетіп, өткен жылға қарағанда өсім 105 пайызды құрап, республикада алдыңғы орынға шықтық. Осыдан көресіз, түбінде Оңтүстік бәрінен озып шығады...

– Оңтүстіктің тірлігі орасан. Үнемі үлкен жобаларды қолға алуымен көзге түседі. Осы орайда, Шымкент қаласының жанынан қолға алынып жатқан «Шымкент сити» жобасы туралы не айтар едіңіз? Бұл, шынында, жүзеге асатын жоба ма?
– Шынын айту керек, Шымкенттің қазіргі келбеті өте күрделі. Қала болған соң көпқабатты үйлер жекеменшік үйлерден көп болуы керек емес пе? Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы халықтың 30 пайызы ғана көпқабатты үйде тұрады. Қалғандары өздері салған жеке үйлерде тіршілік етуде. Осыдан кейін кейде Шымкентті қала деп айту ептеп қиындау ма деп қаласың. Бұл көрсеткішті, әрине, 2013 жылы Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 41 елді мекен көбейтіп жіберді. Облыс орталығы 40 мыңдай отбасыға, 145 мыңдай халыққа көбейді. Ол елді мекендердің шешілмеген көптеген проблемалары бар. Ол да оңай шаруа емес. Бұрын Шымкент қаласының аумағы 47 мың гектар болса, қазір 117 мың гектарға жетті. Яғни 70 мың гектар қосылып, Шым-қаланың қазіргі аумағы Астана мен Алматыдан да үлкейіп кетті. Ендігі мақсат – көпқабатты үйлер мен ғимараттарды көбірек салу. «Шымкентсити» 436 гектарды алып жатыр. Жоспар бойынша онда көпқабатты 206 үй мен 30 әлеуметтік нысан бой көтермек. Болашақтың қаласы атанған шағынаудандағы басты коммуникациялық жүйені тарту жұмыстары 50 пайызға орындалды. Тағы бір айтары, «Шымкентсити» шағынауданында салынатын 57 қабатты екі үйдің де орындары белгіленген. Мұндағы сауықтыру кешені мен саябақтардың көлемі 56 гектарды құрамақ. Мұнда 70 мың тұрғын қоныстанады деп күтілуде. Қазір біршама үйлердің құрылысы басталды. Дегенмен де бірте-бірте жүзеге асатын жоба.

– Соңғы кездері ел ішінде «облыстағы Мақтаарал, Сарыағаш аудандары қайтадан бөлінеді екен» деген әңгіме бар. Өзіңіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай? Бұл шын сөз бе, жоқ әлде жел сөз бе?
– Бүгінде Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш, Мақтаарал аудандарының халқы 700 мыңға жуықтады. Бір ғана Сарыағаштың өзінде 325 мың, Мақтааралда 310 мыңдай адам тұрады. Кезінде Сарыағаш – екі, Мақтаарал үш аудан болған. Адам саны көп болғандықтан, бұл аудандарда мемлекеттік қызметкерлерге, білім, денсаулық сақтау саласының мекемелеріне жұмыс істеу тіптен қиын болып кеткен. Көбінесе адам қабылдап үлгермей жатады. Басқару да ауыр. Сондықтан аудандарды бөлу өте тиімді әрі ыңғайлы болар еді. Халық та соны қалап отыр. «Жас Алаш» газеті де осы күрделі мәселелерді дұрыс көтеріп жүр. Бұл мәселені президентке өтініш етіп айттым. Президенттің тапсырмасымен мамыр айында әртүрлі министрліктен құралған комиссия келіп, бұл мәселені зерттеді. Тексерудің қорытындысы президентке баяндалды. Үкіметте осы мәселені қараған кезде де өзіміз қатысып, аудандарды бөлуіміз керек деген ұсынысымызды айттық. Енді бұл мәселе алдағы уақытта оңды шешіледі деп ойлаймын. Жоғарғы жақтан жақсы хабар күтіп отырмыз.

– Тіпті «Шымкент қаласының өзі де облыстан бөлініп шығады екен, тікелей Астанаға бағынып, облыс орталығы Түркістан қаласы болады» деген әңгімелерді де құлағымыз шалып қалды...
– Әрине, ел ішінде түрлі әңгімелер, қауесеттер бола береді. Ондай жағдайда арнайы комиссия келуі керек. Арнайы жұмыс тобы құрылады. Зерттейді. Пікірін айтады. Содан кейін барып шешім қабылданады. Әзірше Шымкент қаласы бойынша мұндай жұмыстар атқарылған жоқ.

– Жыл өткен сайын Оңтүстік Қазақстан облысында туризм саласы жанданып келеді. Дегенмен де туристерді көптеп тарту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Оңтүстік Қазақстан – туризмге өте ыңғайлы облыс. Содан болар, облыста туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өсіп отыр. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, 43 пайызға көбейді. Биыл облысымызға 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға жоғарылаған. Облыстың барлық аудан және қалаларында 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленген. Оған 84 тарихи-мәдени және табиғи объектілер енді. Бұған қоса, облысымызда туризмді дамыту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Шымкенттің ескі қалашығының аумағында ашық аспан астындағы мұражай ашу жоспарланып отыр. Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз қонысын және Абылай ханның ордасы орналасқан Ханқорғанды қалпына келтіру туристер ағынын ұлғайтады деп күтілуде. Тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіру мақсатында Қазығұрт және Ордабасы аудандарын арнайы туристік кешен арқылы әлемдік деңгейдегі қызмет көрсету брендіне айналдыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр бір ғана Отырар ауданына 156 мың адам, ал Ясауи кесенесіне 1 млн-нан астам зиярат етуші келген.

– Сіз Түркияда елші болып жүрген кезде Ресей мен Түркияның арасын жарастыру ісіне белсене араластыңыз. Бұл туралы әңгіме бола қалса сіздің де есіміңіз аталады...
– Бұл үлкен күрделі мәселе болды. Және мұны шешуде президент Н.Назарбаев басты рөл атқарды. Соған куә болып, сол келіссөздердің арасында болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Ресей де, Түркия да үлкен мемлекеттер. Президент алдын ала екі жақпен жеке-жеке сөйлесті. Елшілік қызметіме байланысты президенттің тапсырмасымен Ердоғанның командасымен тығыз жұмыс істеп отырдым. Былтырғы ақпан айынан бастап жасырын келіссөздер қызу жүріп жатты. Сол кезде Астанаға Түркияның премьер-министрі келіп, президентке жолықты. Өйткені Ресеймен арадағы келіспеушіліктен кейін Түркияның туризм мәселесі бірден әлсіреп қалған еді. Мысалы, Ресей жақтан келіп жатқан туристердің сол жылы 8-ақ пайызы келді. Бұл деген үлкен шығын. Қарым-қатынас, сауда, экономикалық байланыстар бәрі бірден төмендеді. Президент маусым айында Ташкентте өткен Шанхай саммиті кезінде Ердоған мен Путин өкілдерінің басын қосып, сол жерде мәселені шешті. Тамыз айында Түркияға барған кезде Ердоған бүкіл ел-жұрттың алдында біздің президентке алғысын білдірді. Бұл біздің президентті мойындау деп санаймын.

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
– Сізге де көп рақмет. «Жас Алаш» – елді біріктіруде, рухани байлығын дамытуда, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып келе жатқан басылым. Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін.

– Көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ
Суретті түсірген Самат Мырзалиев


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/suhbattar/20900.html