Өлке
Ауылға барған жас маманға 1 миллион теңге беріледі
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:22

Оңтүстік Қазақстан облысында ауылдық жерде жұмыс істегісі келген жас дәрігерге 1 миллион теңге көмек беріледі. Ауылдағы дәрігер тапшылығын шешу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай бастама көтерді. Айта кетері, мұндай жаңалық әзірге тек Оңтүстік Қазақстан облысында қолға алынып отыр.

– Бұған дейін ауыл медицинасына қызмет еткісі келген дәрігерлерге 100 мың теңгеден бір реттік көмек беріліп келген болатын. Бұл мәселе облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен қайта қаралып, облыстық мәслихаттың шешімімен ауылдық жерлерге жолданатын мамандардың әлеуметтік көмек пакетіне өзгерістер енгізілді. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ауылдық жерге жолданатын жас мамандарға бір реттік 1 миллион теңге көмек беріледі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
«Алмақтың да салмағы бар» демекші, 1 миллион теңге алған дәрігерге қойылатын талап та өзгерді. Екіжақты келісім бойынша, дәрігер барған жерінде кемінде бес жыл қызмет етуі тиіс. Бұған дейін бұл мерзім үш жыл болатын.
Жасыратыны жоқ, шалғайдағы ауылға барған мамандарды баспанамен қамту мәселесі әлі толық шешілмеген. Осыған байланысты облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді. Келесі жылдан бастап ауылдарда дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған 5-10 пәтерлік үйлер салына бастайды.
Республикада халқы ең көп өңір саналатын Оңтүстік Қазақстанда бала туу көрсеткіші жоғары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметі бойынша, 2016 жылы республикада 403 200 бала дүние есігін ашса, соның 79 160-ы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Солтүстік Қазақстанда жылына 7000 бала өмірге келсе, оңтүстікте бір перинаталдық орталықтың өзінде 8000 сәби туады екен. Оңтүстік пен солтүстіктің арасындағы бала туу көрсеткіші 10 еседен көп. Еліміздегі әрбір бесінші сәби күнгейде дүние есігін ашады, оңтүстікке еліміздегі демографиялық өсімнің 20 пайызы тиесілі. Алайда облыста перинаталдық орталықтар мен перзентханаларды босану төсек-орындарымен қамтамасыз ету әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Өңірде төрт перинаталдық орталық жұмыс істесе, соның біреуі ғана типтік. Облысқа кем дегенде тағы екі перинаталдық орталық қажет.
– Оның біріншісі Сарыағаш қаласында орналасса, халқы ең тығыз орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандарының тұрғындарына қызмет етуге қолайлы болар еді. Екіншісі халқы миллионға жеткен Шымкент қаласында салынуы тиіс. Қазір Сарыағаш және Шымкент қалаларында перинаталдық орталықтарды салуға жер телімдері бөлінді, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс жаряланды. Бұдан басқа, облыс әкімдігі жаңа онкологиялық диспансерін салуға жер телімін бөлді. Туберкулезге қарсы диспансерді қала шетіне шығару мәселесі шешілді. Оған да жер телімі бөлінді. Дегенмен облысқа қажетті аталған нысандарды салу үшін қаражат бөлу мәселесі үкімет деңгейінде шешуді талап етеді, – деді облыстың бас дәрігері.
Жалпы, облыс медицинасында соңғы уақытта қолданылып жатқан тың тәсіл де, жеткен жетістік те көп. Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2010 жылғы 69,5-тен биыл 72,6-ға жеткен (республикада бұл көрсеткіш 72,3-ті құрайды). Өңірде ана мен бала өлімі төмендеп келеді. Бұл нәрестелер мен жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін табысты ендірудің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, облыста ана өлім-жітімінің көрсеткіші биылдың сегіз айында 44 пайызға төмендеп, алғаш рет республикалық көрсеткіштен төмендеді. Ал нәрестелер өлім-жітім көрсеткіші соңғы бес жыл ішінде тұрақты түрде азайып келеді, сегіз айдың қорытындысы бойынша ол 4 пайызға төмендеген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Шымкент қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысы бар. Тағы үш қалалық емхана құрылысы кезең-кезеңімен салынатын болады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 34 нысанның, оның ішінде Кентау қаласында, Ақсукент ауылында, Жетісай қаласында және Мырзакент елді мекенінде төрт ірі емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бір мезгілде төрт ірі емхананы салу облыс тарихында бұрын-соңды болып көрмеген.
– Бұдан бөлек, облыста 87 медициналық пункт жетіспейді. Қажеттілікті өтеу үшін құрамалы модульдік медициналық пункттерді сатып алу бойынша жоба іске қосылды. Облыстық әкімдіктің келісімімен биыл мұндай медициналық пункттің 20-сын, келесі жылы 67-сін орнатпақпыз. Мұның басты артықшылығы – бұрынғы медпункттердің біреуінің құны 55-60 миллион теңге болса, бұл екі есе арзан. Аумағы – 125 шаршы метр. Бұрын медпунктті салу үшін екі жыл уақыт кететін. Бірінші жылы жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейді. Екінші жылы салады. Ал мұны екі айда орнатып қоямыз. Келесі жылы осы 87 медпунктті орнатып, қысқа мерзімде облыстағы қажеттілікті 100 пайыз өтейтін боламыз, – деді М.Егізбаев.
Ендігі мәселе медициналық кадрлардың сапасына қатысты. Соңғы жылдары денсаулық сақтау басқармасы медицинасы дамыған өркениетті елдердің клиникаларымен тәжірибе алмасуды қолға алды. Ресей, Франция, Түркия, Беларусь, Украина, Моңғолия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің ірі медициналық орталықтары басшыларымен тәжірибе алмасу жөнінде келісім жасалды. Нәтижесінде бір жылдан аз уақытта 100-ден астам Оңтүстік Қазақстан облысының медициналық маманы шетел клиникаларында біліктілігін жоғарылатты. 148 маман республикалық деңгейде, 899 маман облыстық деңгейдегі тренинг орталықтарында біліктіліктерін жетілдірген.
 

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/olke/20910.html