Әлеумет
Елді мекендерді өз атауымен атайық
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:26

Еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толды. Көптеген елді мекендер өзінің тарихи және де жаңа атауларға ие болуда. Бұл жағдайлар бізді қуантады. Дегенмен де көпшілік тұрғындар, әсіресе жастарымыз елді мекендердің бұрынғы атауларын атаумен келеді. «Баяғы жартас – сол жартас» дегендей. Осы бір елеусіз келеңсіздікті, өкінішке қарай, жиі естіп қалып жүрміз. Біреуге итің жаман десең өкпесі қара қазандай болатын қазақпыз ғой. Қойшы, қартайғанда нем бар десең де, кейде қаның қайнайды екен.
Алысқа бармай-ақ, қазақтың қаймағы болған өзіміздің туған өлкемізде, Мақтаарал ауданында елді мекендердің ескі атауларын күнде естиміз. Осыдан 18-20 жылдай бұрын бұрынғы Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандарындағы елді мекендер – Атакент, Мырзакент, Асықата, Қазыбек би, Атамекен, Ділдәбеков, Ералиев, Нұрлыбаев, Жылы су, Жаңа жол т.б. болып жаңа атауларға ие болған еді. Сол кезде осында тұратын көпұлтты халық та қолдап, қуанған-тын... Біреулерге өкпелеп қайтеміз, өзіміздің қаракөздеріміз жолаушы болып жолға шықса, автокөлік жүргізушілеріне: Киров, Ильич, Славянка, Дзержинский, Свердлов, Молотов, Фрунзе, Сталинабад, Микоян, Большевик, Қызылту, Каганович, ХХ партсъезд және т.б. дегендей ескі атауларын атаудан жарысқа түскендей, жарыса айтқандарын қоймай келеді. Онысымен де қоймай, ескі атауларды көшелерде, автокөліктердің әйнектерінде бадырайтып жазып қойғандарын да жиі кездестіреміз.
Сонда мұндай өрескел заңбұзушылықтарға кім тосқауыл қоймақ? Біз өз елімізде тәртіп орнатпасақ, бізге кім келіп өз кемшіліктерімізді түзеп бермек?
«Әй, қойшы, бұрынғы атауларын атаса атай берсін, онда тұрған не бар?» дейін десек, ол атаулардың көбі біздің егемен елімізге, елдігімізге үлкен сын емес пе?! Ол ескі атаулардың иелері кімдер болғанын жас ұрпақтарымыз қайдан білсін...
Аудан әкімшілігіне бара қалсаңыз – кілең шіреніп отырған жақсылар мен жайсаңдар. Бірі-бірінен асып түсетін азаматтарды көресіз. Аудан штатына қарасаңыз, тек бір ғана атынан, атауынан «жер жарғандай» шошисың: ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, жастар одағы дейсіз бе, өңшең ығай мен сығайлар. Үлкен мінбелерде сөйлегенде небір шешендер жолда қалады. Өңшең «менмін» деген атқамінерлер. Осы дөкейлеріміз «көрмес – түйені де көрмес» дегендей, қайда қарап жүр екен деп қайран қаласың. Ең болмаса өздеріне тапсырылған тиесілі жұмыстарымен нәтижелі айналысса екен дейсің...
Ауданымыздағы елді мекендердің, көшелердің атауларын реттейтін мезгіл әлдеқашан жетті деп ойлаймыз. Және бір айта кететін жайт, мемлекеттік қызметтегі азаматтарымыз «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп және этика кодексі» ережелерін бұлжытпай орындағандары жөн.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында осы біз қозғаған мәселе нақты айтылған болатын. Қазақ ұлты – көпұлтты халқымыздың көшбасшысы. Мызғымас достық елін құрып отырған көп ұлттың азаматтары қазақ ұлтына қарап бой түзейді. Сондықтан да қоғамымыздағы болып жатқан әрбір іске немқұрайды қарауға болмайды.
Рас, бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс, өкінішке қарай, болымсыз болып отыр. Кейде осы үкімет сеніп тапсырған кейбір мемлекет қызметкерлері көп жағдайда өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс түсіне бермейді-ау деген ойда қалады екенсің.
Мемлекеттік қызметкерлер, ең біріншіден, мемлекеттің дамып, көркейіп, өсуіне мүдделі болулары тиіс. Ата заңымызды, үкіметтің қаулы-шешімдерін бұлжытпай орындаулары қажет. Сонымен қатар халықтың ойынан, бағыты мен мақсатынан шығатындай адал қызметкер болуы керек. Ондай жағдайда болмаса, мемлекет пен қоғам арасы алшақтай түспек.
 

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ, жазушы
Оңтүстік Қазақстан облысы
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20912.html