Қоғам
Депутат ештеңеге жауап бермей ме?
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:30

Совет өкіметі тұсындағы Жоғарғы Кеңестің депутаттарын көзіміз көрді. Еңбекпен есейген, елдің қасиетін, жердің қадірін білетін қарапайым, қанағатшыл, кішіпейіл, еңбекқор жандардан құралған болатын. Қандай биік тұлға болсын партияның жетегінде жүріп, көлеңкесінде қалып қоятын. Сондықтан өздерін баулып ұшырған ұясы – әмірі күшті компартияны ұятқа қалдырмайтын, сөздерін екі етпейтін, жандарын қиюға әзір тұратын. Кемшілікті айтатын «керауыз», шындықты айтып шырылдайтын «қырсық-қыңырлары» кездеспейтін. Олар Алматы шаһарына жылына екі-үш рет барып, сессияға қатысып, қолдарын көтеріп-көтеріп дауыс беріп, ду-ду қол шапалақтап аунап-қунап қайтатын. Елге келген соң депутатпын деп қойын тастап Қырымға, сиырын тастап Сочиге кетпейтін. Сауыншы сиырына, шопан қойына, шахтер көмір бассейніне, диқан кетпенін иығына салып егістігіне, совхоз директоры шаруашылығын басқарып, ебіл-дебілдері шығып шапқылап жүре беретін. Елмен етене араласатын оларды депутат қой деп ешкім бөліп жармайтын, асып-тасқан құрмет те көрсетпейтін. Ең бастысы, олар жауапкершілігі үлкен жұмыстарды мойнына артқан жанкешті жандар болатын. Ол заман да келмеске кетті.
Бүгінгі депутаттар бұрынғы депутаттардан өзгерек, адам түсініп болмайды. Егер пейіш дегеніңіз жердің астында болса, оны ешкім де көрген емес. Ал жердің үстінде болса, парламент – пейіштің нақ өзі. Пейішке бір кірген адамның қайта шыққысы келмейтіні шындық. Төрт құбыласы түгел болған соң жүре береді. Ең кереметі, депутат жеке өзі нақты ештеңеге жауап бермейді. Қандай рахат! Адам жаны қиналса, азаптанса пейіш пейіш бола ма, тәйірі?!
Осыдан біраз жыл бұрын әр аудан халқының өздері сайлаған басыбайлы, «жекеменшік» депутаттары болатын. Халық мұң-зарын, арыз-шағымын, жанайқайын соларға жеткізетін. Олар да қара халықты қарық қылып қатырмайтын. Дегенмен дұрыс еді. Қазір ол жүйе жоқ, жойылған. Енді қандай дейсіз ғой. Айталық, аудан аралап бір топ депутат қаптап келе қалады. Ішінде генералдар да болады. Оларды аудан тұрғындары тап басып танымайды. Ешкім іш тартып сөйлесе алмайды. Сол депутат мырзалар халықты жинап ақыл айтады, президентті, парламентті, үкіметті жата келіп мақтайды. Мақтамағанда қайтсін-ай, кімдердің арқасында депутат болғандарын ұмытпайды, демек, «кімнің арбасына мінсе, соның «әшуләсін» айтады». Қабылданған заңдарды жарнамалайды. Тұрғындардың талап-тілектерін қойын дәптерлеріне жазып алғансиды. Бірақ түптің түбінде ештеңе өзгермейді. Көпшіліктің депутаттарға көңілі толмайтыны ащы да болса шындық. Өкпелері қара қазандай. Депутаттардың кеңес-көмегі субсидия, несие берудің жөн-жобасымен таныстырудан әріге бармайды. Ауылдың инфрақұрылымы, ауызсу, ағын су, жол, мәдениет т.б.туралы мәселе мүлдем көтерілмейді, баз-баяғынша қала береді. «Сұлу қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың» (Қ.Мырза Әлі) демекші, нән қалаларды көріп, ауруы асқынған ауыл-ананың қамқорлықсыз қалғанына қатты қынжыласын. Ауыл-ананың еңсесі түсіп, қартайып, мүжіліп, әл-қуаты кеміп бара жатқанын сол депутат мырзалар біле ме екен? Әй, қайдам... Бір сөзбен айтқанда, халық үшін отқа түсіп, маңдайы тасқа тиіп жүрген, елдің жанайқайын дөп басып, аталы сөз айтатын депутаттар жоқтын қасы. Депутаттарға «өзің дуанасын, кімге пір боласын?» деп айта алмайсың. Өйткені олардың бір айлық жалақысының өзі бейшара мұғалімдердің бір жылда алатын ақшасына пара-пар. Оның үстіне қызметтік пәтер мен су жаңа қымбат көліктерін қосыңыз. Сонда оларға не жетпейді дейміз-ау.
Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Альбер Камю: «Жақсылық жасаумен аты шыққандардың бәрінің жүзі әлемтапырық», – депті. Бұл сөздің біздің депутаттарға еш қатысы жоқ. Өйткені елге берген уәдесін ұмытып, арқалаған аманатын орындай алмай жүрген депутаттардың жүздерінен «әлемтапырық» табы сезілмейді. Қайта миықтарынан күліп, қол көтермей-ақ, тетікті басып дауыс беріп партада отырған үндемес «оқушыларды» көресің.
 

Махамбет САПАРМҰРАТОВ, М.Шоқай атындағы орта мектептің мұғалімі
Мақтаарал ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/kogam/20914.html