Руханият
Нобель сыйлығы лауреаттарының тізімі түгенделді
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:52

БЕЙБІТШІЛІК СЫЙЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНЕ ТАҒЫ БҰЙЫРМАДЫ

Әдебиет, медицина, химия, физика, экономика салалары мен әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесі үшін берілетін Нобель сыйлығының 2017 жылғы лауреаттарының есімдері белгілі болды. Әр сала бойынша үздік шыққан жеңімпаздар 1 миллион АҚШ долларынан астам ақшалай сыйлықпен марапатталмақ. Әдебиет саласы. Биылғы жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына британдық жазушы Кадзуо Исигуро ие болды. Шығу тегі жапондық жазушы Жапонияда туып, бес жасында Ұлыбританияға көшіп, сонда ержеткен. Әдебиетке 1981 жылы аяқ басқан жазушыны хикая-романдары әлемге лезде әйгілі етті. 1989 жылы Исигуро Букеров сыйлығын алса, 2005 жылы Time басылымы оның антиутопиялық романын әлемдегі ең үздік 100 туындының тізіміне кіргізді. Жазушы романдарының желісімен бірнеше фильм түсірілген. Бертінде фантастикалық жанрға қалам тербей бастаған Исигуроның ағылшын әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Нобель сыйлығының комитеті Исигуроның эмоциялық күші мықты романдары адамзаттың әлеммен байланысының терең иірімдерін аша білді деп таныды.
Химия саласы. Бұл саладағы сыйлық Жак Дюбоше, Йоахим Франк пен Ричард Хендерсонға бұйырды. Ғалымдар ерітіндідегі биомолекулалардың құрамын анықтауға көмектесетін криоэлектронды микроскопияны дамытқаны үшін сыйлыққа қол жеткізді. Криоэлектронды микроскопияның арқасында тірі биомолекулаларды бақылап, жасушадағы үш өлшемді ақуызды көрудің мүмкіндігі туды. Бұған қол жеткізу үшін Дюбоше ақуызды суретке түсіретін мономолекулярлы пленканы жасап шығарса, Франк ақуыздың ақырғы құрылымын жасап шығаратын әрі мұның суретін өңдейтін әдісті ойлап тапты. Ал Хендерсон алғаш рет электронды микроскопия көмегімен үш өлшемді ақуыздың құрылымына қол жеткізді.
Физика саласы. Тартылыс толқындарын зерттеген америкалық ғалымдар Райнер Вайсс, Кип Торн және Барри Бариштың LIGO детекторының дамуына қосқан үлесі еленіп, сыйлыққа ие болды. Ғалымдар былтыр екі қара ойықтың қосылуынан пайда болған тартылыс толқынын анықтаған еді. Мұндай уақыт-кеңістік өлшемін өзгерте алатын ерекше текті толқындардың бар екенін кезінде Альберт Эйнштейннің өзі болжаған болатын.
Ғалымдар бұл толқынды өздері дамытқан LIGO – тартылыс толқындарын зерттейтін лазерлі-интерферометрикалық обсерватория арқылы бақылай алды. Ғалымдардың бұл еңбегі физикадағы елеулі жаңалық болғандықтан, олардың биыл әйгілі сыйлыққа ие болатынына ешкімнің күмәні болмаған.
Медицина саласы. АҚШ ғалымдары Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг биологиялық ырғаққа әсер ететін молекулярлы механизмдерді зерттегені үшін Нобель лауреаттары атанды. Ғалымдар шіркейдің биологиялық ырғағын зерттей келе, ағза құрамында биологиялық сағатқа жауапты ген мен ақуызды анықтады. Ғалымдардың айтуынша, бұл ген ағзада түні бойы жиналып, күндіз ыдырайтын ақуызды синтездейді. Осы тектес зерттеулер бұған дейін жасалғанымен, бұл ғалымдар шіркейдің биологиялық ырғағына әсер етуші генді ашқаны үшін сыйлыққа ие болды.
Экономика саласы. Биылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының арасында америкалық зерттеушілер көп. Экономика саласындағы сыйлық Чикаго университетінің профессоры Ричард Таллерге берілді. Таллердің мінез-құлық арқылы басқарылатын экономика мен қаржы саласына қосқан еңбегі ерен. Дәлірек айтқанда, ол адамның қалауы мен оны тежей алмауы шешім қабылдауға қалай әсер ететінін әрі ол шешімдерді болжай білудің жолдарын зерттеп, саралады.
Бейбітшілік сыйлығы. Нобель комитеті бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін берілетін сыйлықты ядролық қаруға қарсы халықаралық науқанға (ICAN) тағайындады. Норвегиялық Нобель комитетінің төрайымы Берит-Рейсс-Андерсен ICAN ядролық қаруға қарсы күрес жүргізіп жүрген бірегей ұйым екенін атап өтті. «Бұл ұйымның ең елеулі еңбегі – ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі келісім. Бұл келісім биылғы шілдеде БҰҰ ассамблеясында мақұлданып, оған 53 ел қол қойды», – деді ол.
ICAN құрамына 101 елде орналасқан 468 ұйым кіреді. Биылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығына 215 адам мен 103 қоғамдық және халықаралық ұйым үміткер болған. Бұлардың арасынан топты жарып шыққан ICAN 1980 жылдан бері ядролық қаруға қарсы күресіп жүр.
Нобельдің Бейбітшілік сыйлығынан жеті жыл қатарынан үмітті болған Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың биыл да жолы болмады. Н.Назарбаевты Швейцариядағы Базель бейбітшілік кеңесінің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ален Варе ядролық қарусыздандыру, Семей полигонын жабу жолындағы еңбегі үшін биылғы сыйлыққа ұсынған еді. Бұған дейін Н.Назарбаевқа Нобель сыйлығын Қазақстан халқы ассамблеясы, пәкістандық теологтар, америкалық конгрессмендер, Шешенстандағы балалар үйі, Дүниежүзілік түркі елдері ассамблеясының жетекшісі, норвегиялық үкіметтік емес ұйым, «Ақ Орда» қозғалысы, шешен-ингуш мәдени орталығы, Қырғызстан парламенті әпермек болып сыйлыққа ұсынған.
Қазақстан президентінің бұл жолы да сыйлықтан қағылатынын «Жас Алаш» осы жылдың ақпан айында-ақ болжаған еді. Қазақстан президентінің Семей полигонын жабу жолындағы еңбегі елеулі болғанымен, бұл мәселенің өзектілігі 90-жылдардың басындағыдай емес, әрі полигонды жапқалы бері біраз уақыт өтті. Бұл кезеңде бейбітшілік саласына кеше емес, бүгін үлес қосып жүрген, басқа да маңызды істерімен еленіп жүрген тұлғалар мен ұйымдар көзге түсті. Мәселен, ICAN Бейбітшілік сыйлығына кезінде жасаған еңбегі үшін емес, биылғы жылы ядролық қаруға қарсы келісім әзірлеп, оны БҰҰ-ның қарауына жеткізе алғаны үшін ие болып отыр. Сондықтан әлемнің әр тарапындағы ұйымдар мен тұлғалардың Қазақстан президентіне сыйлықты әпермек ниеті әзірге бос дәмеден ары аспай жатыр.
 


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/20920.html