Руханият
Көрген-баққан
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 14:53

Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде – көзің, ұстағанда қолың қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз иә таусылған. Кей ағаларым сияқты...

***
Біздің елдің саясаты көп байға тиген әйелдің қылығын еске салады.

***
Жорғаның қадірін желгенде білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!

***
Қонаққа барғанбыз. Ағамыз күндей күркіреп, жеңгеміз найзағай боп ойнап, ғазиз басымызды от пен судың ортасынан әрең алып шықтық.

***
Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден» деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.

***
Ақсақалдар түшкіріп жіберсе тау жарылып кетердей боп тұр...

***
Италия сапарында бір топ үндісті кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы – бәрі, бәрі... Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын «Ай» дедім. Олар да осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, уда-шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.
Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.

***
Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.

***
«Түрікмен төрін бермейді» деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, теке, сонан соң жәуміт... осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл жазылмаған заңдылық!
Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түрікмен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше, іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы.
Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!

***
«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» XIV-XVI ғғ. Еуропа халықтарының дұғасы.

***
Бұл заманда біреудің ойы Байронда, біреудің ойы айранда.
***
Иманғали кездесіп хал сұрады.
Жақсы, – дедім. – Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта.

***
Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!
***
Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.

***
«Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты» деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.
Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау...

***
Кей-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны, рас, білем.

***
Сүмелек біреу мен жайлы жазып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Мынау, шынында да, ит екен ғой деп жүдә қуанып қалдым.

***
Түрікмендер ұлттық қазынаға аса сақ. Бренд деп күні-түні бірдей күзетеді. Мәселен, сіз қай ұлт болсаңыз да бәрібір, түрікменнің бір күлімкөз гөзаліне ғашық болдыңыз делік. Үйленгіңіз келді. Кешіріңіз, алдымен үкіметке қалыңмал есебінен 50 мың доллар төлейсіз. Ал қыздың әке-шешесі, ағайын-тумасымен өзіңіз келісе беріңіз. Әйтпесе қыз жоқ. Шекарадан аттап бастырмайды. Сол сияқты ақалтеке мен алабайы, нәзік ою-өрнекке малынған кілемі де сондай құрметте. Бұл олардың ұлттық мақтанышы. Жол-жөнекей қолтыққа қысып кете алмайсыз. Міне, өз-өзін құрметтеген елдің көрінісі.
Бізде ше? Қазақта бәрі де бар, бәрі де жоқ!
Әкет, тасы, үйлен, құрт, жой, қызығына бат! Кім қолыңнан қағар екен?! Жалаңаш құйрығыңмен тақырға отырған соң ес жиғаның кімге керек?..

***
Өткен ғасырдың 70-жылдары ноғайдан Қадырия Темірбулатова деген ақын қыз шықты. Аса талантты. Өзі де көрікті, жарқырап туған ару еді. Москвада екі кітабы үсті-үстіне жарық көріп, дүйім елді аузына қаратқан. Әттең... Алыс құрлыққа, Дүниежүзі жастарының фестиваліне аттанғалы жатқанда қапияда қаза болды. Қалай дейсіз ғой? Түн ішінде Мақашқаладағы үйінің есік-терезесін бітеп, тірілей өртеп жіберді. Куә да, кінәлі де жоқ. Тым-тырыс қалды... Кетті-ау, менің ноғайым!

***
Москвада бір түрікмен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.
– Сен бізге жиен болғанмен, тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.
Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де, шамданып қалдым.
– Дәлелмен сөйле.
– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000 жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегістік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. «Өлтір!» деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. «Неге айтқаныңды орындамадың?» – деп. «Е, жай сені қорқытайын деп айтқанмын», – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды екен деп іргемді аулақ салдым.
– Неге?
– Түрікмендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме – өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек.
Үнсіз мойындадым.
 

(Жалғасы бар)


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/ruhaniyat/20921.html