Әлеумет
Мүгедектердің мүмкіндігі шектеулі емес
Жас Алаш №84 (16270)   19 қазан, бейсенбі 2017
12.10.2017 16:35

Билікшіл партия комиссиясы үш ай бойы Қазақстандағы 8000 ғимараттың мүгедектерге қаншалықты қолайлы екенін тексеріп, елдегі әрбір 10-шы әлеуметтік маңызды жер мүгедектерге қолжетімсіз екенін анықтаған. Комиссия мүшелерінің айтуынша, елдегі мемлекеттік органдар, мектеп пен аурухана, мәдениет сарайлары мен халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарының тең жартысы мүгедектерге ыңғайландырылмаған.

 Бұл – «Нұр Отанның» бүгін ашқан жаңалығы емес, елде арбаға таңылғандар талайдан бері айтып келе жатқан мәселе. Қанша жылдан бері осы секілді зерттеулер жүргізіліп, мүгедектерге жағдай жасалмағаны жиі айтылғанымен, министрлік те, жергілікті атқарушы органдар да шешіп бере алмай келе жатқан түйткіл. Сондықтан «Нұр Отанның» да бірдеңе өзгерте қоятынына біз сөйлескен мүгедектер сенбейді.
Мәселен, 2016 жылы еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция департаменттері қоғамдық көліктің, денсаулық сақтау және мәдени орындардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару мекемелерінің мүгедектерге қолжетімділігін тексеретін 83 іріктемелі және 287 жоспардан тыс зерттеу жүргізіп, 335 нысанға кемшіліктерді жөндеу туралы ескерту жасаса, 157 мекемеге жалпы көлемі 26,1 млн теңгедей айыппұл салған. Мұндай деректерді Б.Сағынтаевтың алдында оқыған Тамара Дүйсенова облыс әкімдері жұмысының шикілігін сынаған еді.
– Қандай да бір ғимаратты жоспарлау, сараптау, құрылыс пен жөндеу және оны өткізу кезінде облыс әкімдері ғимараттың мүгедектерге қолайлы-қолайсыз екенін мүлдем тексермейді. Қазір біз олардың кейбірін қайтадан өзгертіп, реттеп жатырмыз. Бірақ бұл осылай жалғаса бермейді ғой, сол орталық және аймақтық органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын, – деген еді министр.
Бірақ министр баяндамасынан кейін сөйлеген премьер мұны әңгіме қылмай-ақ, жасауға болатын оңай шаруа екенін айтып, бұл тақырыпты талқылауға ыңғайсызданып отырғанын жеткізді. Алайда әкімдерге де, жауаптыларға да ешқандай ескерту жасаған жоқ, тапсырма да бермеді.
«Елде «мүмкіндігі шектеулілердің» еркін жүріп-тұрып, қалыпты адамдардай өмір сүруіне дұрыс жағдай жасалмағандықтан, қоғам оларды көмекке зәру жандардай көреді», – дейді мүгедектер құқын қорғаумен айналысатын қордың өкілі Захира Бегалиева. Оның айтуынша, егер мүгедек жандарға жағдай жасалса, мұндай қате көзқарастар әлдеқашан өзгерер еді яки мүлдем болмас та еді.
– Егер мүгедек адам жалғыз өзі қалаған жеріне еш кедергісіз барып-келе алса, кім оны көмекке зәру деп ойлайды? Мысалы, қоғамдық көліктерде біз үшін мүлдем жағдай жасалмаған. Пандустан түсе алмай қиналып тұрған арбадағы адамды көргенде барлық адамда, әрине, аяушылық сезімі пайда болады. Өз басым станциядан станцияға 3 минутта жететін метроға міну үшін пандусты күтуге 20-25 минут уақытым кетеді. Кімді алдайды? Жасаған соң қолжетімді етіп жасау керек қой, – деп шамданады ол.
«Мүгедектер өзгелермен тең болып, басқаның көмегіне мұқтаж болмас үшін қоғамдық көліктер қолжетімді болуы керек», – дейді ол. Бірде өзі тәжірибе жасап көрмек болып, Алматыдағы Тимирязев-Байзақов көшелерінің бойына шықса, арбадағы кісінің автобусқа бет алғанын көрген жүргізуші аялдамаға тоқтамастан жүріп кеткен. Мұндай жағдайдың жиі болатынын айтқан ол «автобустар тоқтаған күннің өзінде, ондағы жүргізушілер арбаның көтерілуі үшін қойылатын темір тіреуішті төсей алмай әбігерге түсіп жатады» дейді.
Ресми дерек бойынша, елдегі көлік құрылымының мүгедектерге қолжетімділік көрсеткіші 50 пайызға да жетпейді. Қазақстандағы барлық мүгедектің тең жартысы ауылда тұратынын айтқан Захира Бегалиева «қаладағы мүгедектердің жағдайы осындай болса, елді мекендерде тұратындардың жағдайы қандай екенін елестетіп көрудің өзі қорқынышты» деп қынжылады.
Мүгедектердің еркін жүріп-тұруына мүмкіндігі болмағандықтан, көбінің құжаттары мерзімінен өткен, қағазбастылықтың кесірінен құжаттары түгел емес. «Осылайша олар елдің ең кедей де әлсіз тобы аталып, ешкім «бас сұқпайтын бөлменің» қоғамға көрінбейтін тұрғынына айналады» дейді ол.
28 жыл бұрын арбаға таңылған алматылық белсенді Әлима Бейсенбаеваның айтуынша, мұндай жағдайға елдегі мүгедектердің еті үйреніп кеткен. Ол өзін ең алдымен мүгедектігі бар әйел ретінде емес, қоғамдық қор төрайымының орынбасары, адал жар және сүйікті ана деп қабылдағанын қалағанымен, көпшілік орындарға қыдырып шыққанда өзіне жаны аши қарайтындарды көп байқайды. Бірақ Әлима апай «оларды мүлде айыптамаймын» дейді. «Себебі бізге масылдай қарау қоғамның санасына сіңіп қалған», – дейді ол. Әлима апай мүгедектер ешқандай жәрдемге мұқтаж емесін, тек оларға бәрімен теңдей жағдай жасаса жеткілікті екенін шегеледі.
Әлима апай 1989 жылы жол апатына түскен. Қатты зақымданған қос аяғынан жан кетіп, амалсыз арбаға таңылады. Сол сәттен бастап өмірі сүреңсіз болып кеткенімен, бұл күйге көп көндігіп отыра алмаған: өзінен жас қыз-келіншектер қос аяғынан айырылса да, қалыпты өмір сүріп жүргеніне көзі жетіп, өмірге қайта бейімделеді. Бұл ретте жақындарының қолдауы да оған айтарлықтай демеу болған.
– Оңай болған жоқ. Ұзақ үйренісе алмай жүрдім. Барлық мүгедектер секілді өмірім сау шағым мен одан кейінгі күйім болып екіге ажырады. Бірақ түсіндім, көндім, басқалардың да бар екеніне көзім жетті. Екі жылдан соң мүгедектігіне байланысты құқығы тапталатын қыз-келіншектердің мүддесін қорғайтын қоғамдық қор аштық. Мұндай идея өрімдей қыздар өкінішті жағдайға түсіп, өмірден түңіліп, өзімен мұң-шері ортақ адамдарды таппай, қамқорлыққа зәру болатынын көрген соң келді, – дейді ол.
Әлима Бейсенбаева өзінің қазіргі қызметі туралы сөз еткенде мүгедектерге деген қарым-қатынас пен оларға жасалған жағдай біршама жақсарғанына тоқталды. Дегенмен кей жұмыс орындары әлі де мүгедектерді жұмысқа қабылдауға ниетті емес.
– «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына» сияқты ірі компаниялардың өзі мүгедек жандарды жұмысқа алуға құлықсыз. Іскерлігі мен біліктілігі қанша жоғары болса да, кей компаниялар шай-кофесін еркін әкеп беретін қызметкерлерге басымдық береді, – деп кейіді қор өкілі.
Әлима апай ойға шомып кеткендей сәл үнсіз тұрды да, қор қамқорлығындағы Гүлнәр есімді келіншектің басынан өткен жағдайды баяндады. Аяғының кемістігі бар Гүлнәр атты келіншек қаладағы ірі компаниялардың бірімен телефон арқылы сөйлесіп, электронды пошта арқылы резюмесін жібереді. Жинаған тәжірибесі мол, білімі жоғары ол қызметке бірден қабылданған. Алайда бас есепші ретінде кеңсеге келген алғашқы күні Гүлнәрдің аяғын ақсаңдай басатынын байқаған басшылық оны лезде жаратпай қалыпты.
– Есепші болуға барған Гүлнәр «аяғыммен емес, қолыммен есептеймін ғой» дегеніне қарамастан, компания жұмысқа алмай қойыпты. Бұл – сондай көп оқиғаның бірі ғана, – деп қынжылды Әлима апай.
Бірақ ресми статистиканы қарасақ, мүгедектер әлдеқашан қоғамның белсенді бөлігі боп кеткендей көрінеді. Мысалы, 2017 жылдың алғашқы тоқсанындағы ақпарат бойынша, елде 652 мың мүгедек болса, оның 400 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жаста. Алайда оның тек 266 мыңына ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Дәрігерлер қызмет етуді мақұл еткен барлық мүгедектің 48 пайызы ғана жұмыс істейді.
Дегенмен мүгедектермен жұмыс істейтін кейбір мамандар бұл деректердің рас екеніне күмәнданады. «Ерекше Таңдау-Шелек» қоғамдық бірлестігіндегі жобалар координаторы Захира Бегалиеваның айтуынша, «мүгедектерді жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар статистикадағы әдемі сандар үшін жасалады».
– Мемлекет осындай бағдарлама аясында мүгедектерге қолайлы жағдай жасалған қызмет орындарын тауып беріп, сонда орналастырады. Сосын «мүгедектердің осыншасы жұмыс істеп жатыр» деп барлығы есепке алынады. Бірақ ол бағдарлама жарты жылға ғана созылады. Жарты жылдан кейін әлгі адамдар қайтадан төрт қабырғаға қамалған бастапқы өміріне қайта оралады, – дейді екінші топтағы мүгедектігі бар Захира.
Ресми статистикаға қарасақ, Захира апайдың бұл сөзі негізсіз еместей көрінеді. Мысалы, 2015 жылғы ресми деректер бойынша, еңбекке қабілетті мүгедектердің саны 9000-ға ғана жуықтаған. Ал 2016 жылғы статистикада жұмыспен қамтылған мүгедектер саны 126 680 адамға дейін артып кеткен. Есептеп көрсек, бір жыл ішінде қызметке орналасқан мүгедектер саны 14 есе артқан.
«Мысалы, – деп жалғастырды сөзін ол, – мүгедектер бағдарлама арқылы «әлеуметтік қызметкер» болып жұмыс істейді, ал ол жоба үш айдан кейін жабылады». Артынша мүгедектерді қайтадан үйіне қайтаратын мемлекеттік бағдарламаның шикілігін миығынан мазақтай күлген ол «мұндай статистика жалған» деп бағалады.
Әлима апай мүгедектердің қоғамдық өмірге ұзақ бейімделе алмауын қоғамдағы шешілмей келе жатқан ең маңызды мәселе ретінде көрсетеді. Ол «мүгедек атанған кезден бастап адамдар қоғамнан шеттетіліп, мәселесімен жалғыз қалады» дейді.
Қазақстанда мүгедектер саны жыл сайын артып келеді. 2014 жылы елде 626 мың мүгедек болса, 2015 жылы олардың саны 627 мыңға артқан, ал 2016 жылы 652 мыңға дейін өскен. Ресми дерек бойынша, елде мүгедектер үшін әлеуметтік маңызы бар 36 мың әлеуметтік нысанның 63,6 пайызы қолжетімсіз.

Аян ҚАЛМҰРАТ


zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/eleumet/20925.html