МБМ
Тоғыз айлық баланың денесiне хадистер пайда болуда
Жас Алаш №71 (15529) 7 қыркүйек, сейсенбі 2010
22.12.2009 10:55

Дағыстанда 9 айлық Али Якубов деген нәресте бүкiл әлемнiң ақпарат құралдарын назарын өзiне аударды. Оған себеп – баланың денесiне хадистердiң жазылып шығатыны. Қасиеттi жазулар адамды тәубеге келiп, Аллаға мойынсұнуға шақырады. Ғажайып бала Дағыстанның Кизляр ауданының Краснооктябрь ауылында туған. Алидi көру үшiн бұл ауылға Солтүстiк Қап өңiрiнен күн сайын 300-400 адам келедi екен. Ингушетия мен Қабардин-Балқариядан, тiптi Сауд Арабиясынан да делегация­лар келген. Атақты араб тiлдi Аl-Jazeera телеарнасының тiлшiлерi ғажайып бала туралы сюжет түсiрiп үлгердi. Батыстың белгiлi ақпарат агенттiгi Reuters-те хабар таратты. Жергiлiктi “Ас-Салам” басылымы Якубовтар үйiн ерекше назарына алған.

Денесiне жаңа жазу шығардың алдында сәбидiң ыстығы көтерiледi. Якубовтар отбасы аса дiндарлығымен ерекшеленген емес-тi. Әкесi Шәмiл – милиционер, намазын көңiлi түскенде ғана оқитын, шешесi Мадина – үй шаруашылығындағы әйел. Шариғатты берiк ұстамайтын. Нәресте­лерi­нiң бойындағы қасиет оларды түбегейлi дiн жолына түсiрдi.
Алғашқыда әке-шешесi тiл-көзден қорқып, нәрестенiң дене­сiндегi жазуларды ешкiмге көр­сетпей жасырған. “Менiң хабарымды пенделерiмнен жасырмаңдар” деген жазу шыққан кезде жергiлiктi имамның үгiттеуiмен елге жария етуге келiскен.
Бiрде еркiн күрестен Сидней олимпиадасының чемпионы, Кизляр ауданының басшысы Сагид Муртазалиев нәрестенiң дене­сiндегi жазуды өз көзiмен көргiсi келiптi. Алидiң ыстығы көтерiле бастағанда оған телефон шалып хабар берген. Муртазалиев түн ортасында жеке күзетiмен бiрге Якубовтар тұратын үйге сау етiп кiрiп келген. Күзет үйдi таң ат­қанша қоршап тұрған. Таңға жуық үйден Муртазалиевтiң өңi құп-қу болып шыққан. Неге таңырқап, неден шошынғаны – белгiсiз.
Ғажайып бала туралы хабар құлағына тиiсiмен Шешенстан президентi Рамзан Қадыров та салып-ұрып жеткен. Ол Якубов­тар­ға Шешенстанға көшiп келуге үгiттеп, кең сарайдай үй берiп, бар жағдайын жасап беруге уәде еткен. Оған Муртазалиев қарсыласып, өз қамқорлығына алатынын айтқан.
Өздерiн уәххабшылар деп атайтын қарулы топ содырлары да келiп, “үйлерiңдi өртеймiз” деп қоқан-лоққы жасапты. Маусым айында шаңқай түсте “Газель” автокөлiгi Якубовтардың есiгiнiң алдына тоқтайды. Iшiнен бiр топ қарулы адам түседi. Үйге баса- көктеп кiрiп: “Бiзге баланы көрсет”, – деп бұйырған. Олардың ойларынша, милиционердiң отбасында туған балада Алла жiберген қасиеттi белгiлер болуы мүмкiн емес. Өйткенi, олар бұл отбасыны кәпiрлер санатына қосады. “Баланың мойнына қандай тұмар таққансыңдар? Басыңдағы орамалыңды неге дұрыс байламағансың?” – деп баланың анасына дүрсе қоя берген. Содырлар қайтып кетедi.
Мадинаның сөзiне қарағанда, содырлар келгенде Алидiң дене­сiнде қасиеттi жазу болған. Олар баланың тәнiн жалаңаштап қарағанда белгiнiң орны да байқалмаған. Қарулы топ кеткен соң нышан қайта пайда болыпты. Мұндай жағдай бұрын да қайталанған көрiнедi. Бiр мас адам үйге келiп, Алидi көтерiп алады. Сол мезетте жазу аяқ астынан жоқ болып кетедi де, әлгi мас кеткен соң қайта көрiнген.
Али туылғанда шешесi перзентханада араб тiлiн бiлетiн, Құран оқи алатын бiр әйелмен бiрге жатқан. Екi әйел бұрын бiрiн-бiрi мүлде танымаған. Алидiң шешесi Мадина палаталас әйелге: “Баламның иегiнiң астына қарашы, қанталап кетiптi”, – дейдi шақалағын аяп. Ол әйел терiнiң астына ұйыған қанның “Алла” деген жазу екенiн бiрден таниды. Нәрестенiң қызуы қайта-қайта көтерiле берген соң, дәрiгерлерге көрсетедi. Бiрақ, олар сәбидiң денсаулығынан ешқандай кiнәрат таппаған.
Алиге жүктi болардың алдында анасы түс көредi. Түсiнде бiр адам келiп жақында ұлды болатынын айтады. Қолына тақия, тәспi және жайнамаз ұстатады. Сәбидi Али деп атаңдар деп аян берген. Сосын Мадина мұндай түстi жиi көретiн болған. Ұйықтап жатып құрсақтағы баласының жылаған даусын естiген. Бала туылар алдында да осындай түс қайталанатын болған. Бiрақ, тоғыз ай бойы ешқандай түс көрмеген. Баласының ыстығы 40-қа дейiн жететiнi, қасиеттi жазу шығатыны алаңдатып жүргенде оған “Али­дiң үшiншi тiсi шыққанда денесiн­дегi белгi­лердiң пайда болуы тоқтайды”, – деп аян берiледi.
Ресей мүфтийлер кеңесiнiң басшысы, шейх Равиль Гайнутдин Дағыстанға беделдi дiн өкiлдерiнен тұратын арнайы комиссия жiбередi. Комиссия жазулар адам қолынан жазылмағанын анықтайды. Дағыстан мұсылмандары дiни басқармасының мүфтиi Ахмад-қажы Абдуллаев ауыл тұрғындары мен нәрестенi көруге келгендердiң алдына шығып: “Алла бiзге өз ұлылығын көрсетiп отыр. Адамдар қазiр уағыз айтқандарға сенуден қал­ды. Сәбидiң денесi арқылы Алла-тағала бiзге: “Мен бармын, бәрiн естiп, көрiп тұр­мын. Алауыз­дықты тоқтатыңдар”, – деп бұйырады деп Хаққа құлшылық етуге шақырған. Махачкаланың Орталық мешiтiнiң имамы Мухаммад-Расул-қажы Саадуев былай дейдi: “Қаласа, нәрестенi ғалымдар зерттесiн, бақыласын. Бiз бәрiне дайынбыз”. Алайда, Али Якубов фе­номенiн зерттеуге әзiрге еш­бiр ғалым қызығушылық танытпай отыр.     

zhasalash.kz
Осы ақпараттың тұрақты адресі: http://zhasalash.kz/mbm/667.html