2 наурыз 2010
Әдеби-мәдени әлем
ЖЕТI ТОМНЫҢ ҮШ ТОМЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
«Тiрi болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар едi, қазаққа қызмет етуге ғұмырымды арнаймын!» деп серт берген «Алаш» ұлттық қозғалысының көсемi, Алашорда Ұлттық Кеңесiнiң төрағасы болған, мемлекет және қоғам қайраткерi, ғалым, публицист, ұлттық мұрат жолында шаһит кеткен Әлихан Бөкейханның (Ә.Бөкейхан – ханның тұқымы) 7 томдық шығармалар жинағының үш томы жарық көрдi. «Сарыарқа» баспасынан басылып шыққан бұл жинақтың құрастырушысы – әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы.
МӘСКЕУДЕ ӘЛIШЕР НАУАЙЫНЫҢ ЕСКЕРТКIШI ОРНАТЫЛДЫ
Жақында Мәскеуде түркi дүниесiнiң ұлы ақыны Әлiшер Науайының ескерткiшi орнатылды. Бұл ескерткiш кiмнiң қаржысына орнатылды? Ресейдiң бе, Өзбекстанның ба?
Ескерткiшке кеткен қаржыны Өзбекстан көтерiптi, ал жердiң шығынын Мәскеу әкiмшiлiгiнiң өзi көтерiп алыпты.
«НАМЫС» АТТЫ ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ, МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ЖУРНАЛ АШЫЛДЫ.
Бұл журналдың (редакция алқасының төрағасы – Бекболат Тiлеухан, бас редакторы – Бекен Қайратұлы) алғашқы нөмiрi Бекболат Тiлеуханның оқырманға арнаған сөзiмен ашылыпты. Б.Тiлеухан былай дейдi: «Намыс – қозғаушы күш. Жұртқа деген жанашырлық, елге деген махаббат намысыңды жанымақ. Намысты жан – арына, ұятына берiк. Яғни, НАМЫС – иманнан! Ол – «Жабыққанын бiлдiрмейдi, жамандар мазақ қылар деп!». Елiм деген ерiңнiң қадiрiне, иен жайлаған жерiңнiң қадiрiне НАМЫС жеткiзедi. Қазақиядағы құлдық сананың құрсауын да оянған НАМЫС шешедi.
Қадiрлi қандас! Қазақияны құраушы ұлттың тұтастығы осы мемлекеттiң тағдырын айқындамақ. Әр қазақтың баласы осы жауапкершiлiктi сезiнуi шарт. Сонда ғана шын мәнiнде тәуелсiз ел болмақпыз. Сол жолдағы көп салалы мiндеттiң бiр арнасын мойнына алған «НАМЫС» журналы оқырманына жол тартты. Оқығаныңыз аз, зердеңiзге түйгейсiз. Тiлектес қана емес, үлестес болғайсыз. Олқымызды толтыру үшiн талқысына қатысыңыз. Себебi, ел аманат, жер аманат, дiн мен тiл аманат. Аманатқа қиянат – қасiрет. Аманатты аялау шарт, алаш баласы!»





Уәж айту