4 наурыз 2010
Құрметтесең, осылай құрметте!

Кеше Алматыда Германия Федеративтi Республикасының Қазақстандағы елшiсi Райнер Шлагетер мырза қазақстандық көрнектi жазушымыз Герольд Бельгерге «Германия Федеративтi Республикасына сiңiрген еңбегi үшiн» деп аталатын орден тапсырды. Бұл орден Германияның аса беделдi әрi мәртебелi ордендерiнiң бiрiнен саналады.
Герольд Бельгер Едiл бойындағы немiстердiң Орталық Азияға қалай жер ауғаны және олардың тағдыры жөнiнде кiтап жазғаны, одан кейiн «Гете мен Абай» атты аса құнды эссесiн жариялағаны бәрiмiзге мәлiм. Мiне, осының бәрiн ескерiп, есепке алып, немiс өкiметi Герольд Бельгерге үлкен құрмет көрсетiп отыр.
Қазаққа, орысқа, немiске, үш бiрдей халыққа ортақ сүйiктi жазушымызды «Жасалаштықтар» да шын жүректен құттықтайды. Мерейiңiз биiктеп, мәртебеңiз өсе берсiн, Гер-аға!
Бiле бiлсек, ұлы халықтың ұлылығы дегенiмiз де – осы. Немiстер өздерiнiң тарихына, әдеби-мәдени кеңiстiгiне үлес қосқан ұл-қыздарын ешуақытта ескерусiз қалдырмайды! Осы ретте ерiксiз еске Қажығұмар Шабданұлы түседi. Қытай мен Қазақстанның шекаралық аймағында ғұмыр кешкен қазақтардың 100 жылға жуық өмiр-тарихын тасқа басып, өшпестей етiп таңбалап кеткен осы қарияға бiз не жасадық? Ең аяғы көзiнiң жасымен жазған арыз-өтiнiшiне де құлақ аспай, 85 жастағы қорғансыз, сырқат қарияны елге алдыруға да шамамыз келмей отырған жоқ па?..
Ұлттың да, ұлт зиялыларының парқы да осындайда бiлiнедi!





Уәж айту