1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Қырғызстан президентi Құрманбек Бәкиев отставкаға кету жөнiнде Таразда жазған арызынан неге Минскiде бас тартты?
Таразда оны «туғаны» Н.Назарбаев мәжбүрлегендiктен (61.9%)
Шошқа етiнiң дәмi таңдайына татығандықтан (14.4%)
Жас тоқалының кеңесi ғой бұл... (14.1%)
Қырғыз халқының болашағын ойлағандықтан (9.7%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Менiңше, ойлау қабiлетiң жақсы болуы үшiн басқа үнемi жұмыс iстету керек. Егер бас ойланбаса, басқа органдар да жұмыс iстемейдi. Физикалық дайындық та аса маңызды. Денсаулықты үнемi күту керек. Еркекке ләззат сыйлайтын жақсы нәрселер бар. Мен оларды атамаймын, сiздер бәрiн түсiнiп отырсыздар.  
ҚазҰУ 75 жылдығына орай студенттер алдында сөйлеген сөзінен
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (15477) 10 наурыз, сәрсенбі 2010
10 наурыз 2010
Қылмыс

Бүгiн бiз өз оқырмандарымызға Қытайдағы аса тағдырлы қандас жазушымыз Қажығұмар Шабданұлының “Қылмыс“ атты 6 томдық ғұмырнамалық романынан үзiндi ұсынуды жөн көрдiк. Романның бас кейiпкерi Биғабiл (мұны Қажығұмар Шабданұлының өзi деп түсiнiңiз) 1967 жылы Қытайдың атақты Тарым түрмесiнен қашып шағып, өзi туып-өскен өңiрге келiп, ендi Қазақстанға жасырын түрде өтiп кетуге әрекет жасайды. Төмендегi оқиға да – осы жөнiнде.

...Биғадiлдiң қазасын ес­туiмнiң алдында Толы қалашығына жасырын барып қана көне достар арқылы Доланмен танысып, олардың көмегiмен Қы­зылтұз, Бортала арқылы Iлеге өтiп кетудi ойлап едiм. Ендi Дөр­бiлжiнге барып, алыс-жақын туыстардан қалғаны болса, өзiме қажеттi ахуалды солардан айқындап ұға кетуiме тура келдi. Бұл пiкiрiмдi Бақтыбай да, Азыкен де құптады. Азыкен Дөрбiлжiнге, одан Толыға бастап жеткiзiп қайтуға өздiгiнен белсендi. “Ендiгi осы екi аудандағы жолыңыз аса қатерлi. Үл­кен жолмен жү­руiңiзге болмайды. Кiшкене жолдардан көрiнiп қалсаңыз, саяқ жолаушы тiптi күмәндi. Бiрге жүрсем, әр жақтылы септiгiм тиiп қалар!” деп құлшынды ол. Орталау мектептi Толыда бiтiрiп, одан соң оқи алмай қалған пысық жiгiт, осы екi ауданның жолдарына да, әлеуметтiк қарым-қатынасқа да недәуiр төселiп қалғандығын бiлдiрдi. Сол шатқалда үш күн жатып, он алты қарақшының алдымен қолға түскен төртеуi барлық серiгiн тауып берген­дiгiн Азыкеннiң құлағы арқылы естiген соң шықтық сапарға. Таң белгi бере жүрiп Жәйiрден түстiк те, Өшетiдегi Азыкеннiң таныс үйiне жетiп қондық. Ертеңiне ауыл араларындағы жалғыз аяқ жолдарды қуа жортып, Дөрбiлжiнге жақын Ақсуға ерте жеттiк. Ондағы көптеген таныс-бiлiстерден Бигелдi ағаның баяғы дүнген помещикке бiрге жалданған досының үйiн таңдап барып түстiм. Әйе­лiнiң де, өзiнiң де сырға берiк, көптi көрген бiлерлiгi мол жандар екендiгiн бiле­тiнмiн. Бұл үйге шынымды төтесiнен айтып, танысып амандастым да, өте жасырын келгенiмдi айтып ауыздарын жаптым.
Осы жақында қала көшесi­не үкiметке қарсы ұрандар жап­сырылып, қарсы үгiт қағазы тараған екен. Оны iстеп жүргендерден бiр әйел ғана қолға түсiптi. Басқа серiктерiн ол мүлде айтпай қойғандықтан, содан берi аудандық сақшы жалданба тыңшыларын тiптi көбейтiптi. Үй иесi алдымен осыны айтып, өзiме де аса сақ болуды ескерттi. Сонан соң Би­ғадiлдiң қаза болғанын естiрту үшiн шал мен кемпiр тынышсызданып, бiр-бiрiне жалтақтай бастағанда, сезе қойып, оны естiп келе жатқанымды өзiм айтып тоқтаттым. Үнсiз ғана жыласып алдық. Би­ғадiл бiрнеше адамды өлтiрiп барып өлген “керi төңкерiсшi” болғандығынан, жұртшылық оның атын атаудан қорқады екен. Ал, мен, “керi төңкерiстiк зор ұйым құрған атышулы қандыбалақ” ендi қатерiм тiптi зор жау болып көрiнiп тұрыппын. Жазатайым тiрi қалған болып ке­лiп амандаса қалуымнан тiтi­рей қашатындардың дәл қазiр өте көп екенi айтылып, ондайларға таныстық берiп амандасуымның қажет­сiздiгi де ескертiлдi.
Бұрын маған таныстығы бар зиялылар стиль түзету науқанында түгел күреске тартылып, жұлмаланып, кейi түр­меленiп шыққан екен. “Биғабiл ұйымы” дегендi мойындай алмағандары мұғаллақ болып асылып, мойындағандары қал­пақ киiп, әлi де жапасы ауыр ерiксiз еңбекпен жазаланып жүргенiн айтты үй иесi. Олардан менi “Тарымда өлiптi” деп естi­гендерi өздерiнiң ендi ағара алмай өлетiндiктерiн айтып, зар қағыпты. Тiрi екенiмдi ести қалғандары ашықтан-ашық қуанады екен. “Ол тiрi болса, бiздiң нақақ күйiп жатқанымызды дәлелдемей, ағартпай қоймайды” деген сенiмдерi әлi өшпептi.
 – Ал, бауыр, сөйтiп сенi бұл жақтағы кейбiр дұспаның ғана емес, жақын таныс-бiлiс, дос-жарандарың да ұстататын жағдайда тұр! – дедi шал. – Достарың қуанғандарынан дау­рығып айқайлап ұстатады да, жалақор дұспандарың өз қылмыстарын жасыру үшiн ұстата­ды. Биғадiл марқұмның Сәрсен атты ең қатерлi жауыңды ба­уыздап кеткенi болмаса, сақшы орындарының арнайы өшiк­тiрiп қойған жендеттерi әлi баршылық. Осындағы туыстық жақындығы бар жамаға­йында­рыңның анда-санда се­нiң қай­да екенiңдi сұрастырып жүр­ген­дерiн де естiдiм!..
Биғадiлiмнiң бауыздағаны баяғы “Сәрсен – саясат” екенiн ұққан соң, ол сұмырайдың Биғадiлдi қалай өшiктiрген себебiн сұрадым үй иесiнен:
– Сәрсен – гомендаң шпио­ны, әрi үш аймақтың соңғы дәуi­рiнде iстеген зиян­кес­тiктерi бо­йынша шеттетiлiп, қалпақ киiп едi ғой?
– Үрiмжiде оңшы, керi төң­керiсшi болып сен қолға алынған соң, үкiмет оны ақтап, тiрiлтiп, “белсендi” сайлап асы­рай қойған. Осындағы “Биғабiл ұйымының” мүшелерi деген жаламен ұсталғандардың көбiнде сол Сәрсеннiң қарақолы бар!..
Бұл iңiрдегi әңгiмеде маған қарайлап қалған Биғадiлден басқа туыстарымның Қазақстанға аман өтiп кеткенiн, рулас ағайындардан қазiр Дөр­бiлжiнде кiмдердiң қалғанына дейiн қаныға естiдiм.
 Мұндағы қала адамдарының да қыс күндерi киетiн киiмiнiң көбi әскери сары iшiк пен сары малақай болыпты. Өзгеше болып көрiнбеу үшiн мен де соны қайта кидiм де, таңертең сәске көтерiле қалаға велосипедпен кеттiм. Азыкен аттарды күтiп дайын тұруға қалды да, олай-бұлай ахуал бола қалса көз-құлақ болу үшiн шал: “осындағы ең мықтымыз” деп бiр ұлын қосып бердi. Қалаға жақындаған соң ол менiмен бiрге жүрмей, сыртымнан күзетiп жүретiнiн түсiндiрiп, соңымнан әудем жерден ерiп отырды.
 Ең шеттегi көшеде бұрын­ғы шешен қарттарымыздан жалғыз қалған Ораз имамның үйiне кiрiп бардым. Кiшiпейiл­дiлiкпен қауқалақтай сөйлейтiн, байыпты, салмақты қарт үңiле қарап, сәлемiмдi бар ықыласымен қабылдады да, төрге, өз қасына шақырып алып, қос қолдап амандасты. Бұрынғы шоқша ғана сирек бурыл сақалы түгел ағарғанымен, қызғылт қоңыр ажары әлi тая қоймапты. Тағы да үңiле түстi. Мен қарттың төменгi жағында отырған қызылсары кемпiрге амандастым. Бұл қарттың бұрынғы кемпiрi емес, өзiнен жасырақ бiр ағамыздың әйелi екенiн жазбай таныдым. Бала ке­зiмiзде “жеңеше” деп атайтыным бойынша тағы да солай атап амандастым. Қарт ендi жымия амандасты маған:
– Балам, сен... жаңылсам қартайғандығыма, алжығандығыма есеп болсын. Көзiң Мә­диен­ге, жүзiң мен даусың Биғазыға ұқсайды, өзiмiздiң Биғабiл емеспiсiң?
– Сол, сол! – дедi жеңешем. Бәсең ғана дауыспен келiп бас салып көрiстi. Көз-жасым ағы­тылып кеп кеттi. Үн шығармасам да бет-аузым төңкерiс жасап, апыр-топыр болып кет­ке­нiн бiле солқылдадым. Өйте­тiнiм, жеңешемнiң көрiсiн­де марқұм әкемнен бастап, өзде­рi­нен тiрi айырылысып сағындырған шешем мен ағалардан да елес бере келiп, Биғадiл жоқталды. Өзiнiң туыс-туғандары, қайын-бауырларының да жал­ғыз қалдырып кеткенi сурет­тел­дi.
– Құдай тағала көп зарлатайын деген әйел пендесiне жоқтау жырын аямай бередi екен ғой, Нұри, сабыр ет, отыр! – деп Ожаң әмеңгерiн айыра сала, егiлiп отырған маған қарады:
– Биғаш, мына қарт ағаңның көз жасы таусылып болған. Бая­ғыда елден айырылып қа­шып келгеннен бергi көп жы­лау­мен құрыпты. Ал айырылған аяулылардың қайсысына жылай берерсiң, сен де қой! Әсiресе, сенi жасық кемпiр­лермен бiрге жыласады деп ойламайтынмын. Қара аспан қарсы айрылып түссе де қайыспайтын қаранарым деп, iшiмнен сенiң ғана тiлеуiңдi тiлеп жүретiнмiн. Қайсар қайратың жетерлiк едi ғой! Жұрт аузында үш өлiп, үш тiрiл­генiңде сенiмiм тiптi күшейiп едi. Жаратушы ием, мiне, аман көрсетiп отыр. Осының өзi үл­кен қуаныш, тоқтата ғой ендi! – дегенiнде, мен де көзiмдi сүрт­тiм. – Сен үшiн, сенiң ауырыңды жеңiлдету үшiн құрбандыққа шалынған алыс-жақын бауырларың аз емес, тiлектерi ақыры қабыл болыпты марқұмдардың. Бұл жақтағы ел қотарыла қашып, көшiп жатқанда, Биға­дiл сенi бұл жаққа жалғыз қалдырып кетпейтiнiн айтып, отырып алған екен. Шешесiне ке­лiн­шегi мен екi ұлын қосып берiптi. Үрiмжiден сенiң келiн­ше­гiң мен балаң келiп, бiрге кетпек болғанда да мызғымаған. Сенiң “маған қарайламай ол жаққа өте берiңдер, арттарыңнан қашан да, қалай да жетемiн!” деген сәлемiңдi ке­лiн­­­шегiң әлденеше рет айтыпты оған. Бигелдi ағаң оларды бастап кетiп бара жатып, Би­ғадiлге үш рет қайырылып келiп көндiре алмай, үш рет жылап қайтыпты. Биғадiл марқұм оған соңында шынын айтып жөнел­тiптi: “Жастайымыздан малайлыққа жалданып, әрең оқытқан жалғыз аяулымызды тастап кетiп, ол жақта мен не бiтiр­мекпiн! Тiрi болса, Биғабiлдiң өзiн, егер олай-бұлай болып кетсе, “кегiн алмай кетпеймiн!” деп серт еткен жайы бар екен. Ер жiгiттiң сертiне қылыш өтпептi. Тағдырда солай жа­зыл­ған ғой, сенi өлдi деген хабар бiрiншi рет естiлiсiмен Сәр­­сендi бауыздап, сертiн орын­дады да, өз жастығын се­гiз есе артығымен жастанып қаза болды. Ажалы жеткен адам есе­сiз-төлемсiз тегiн-ақ өле бермей ме, мұндай қазаға ер туысы өкiнбесе керек, Биғаш!
– Қысқаша болса да Жәйiр­ға келiп естiгенмiн. Жеңешем­нiң мына жалпылай жоқтауынан бәрi есiме түсiп кеттi. Ал өзi жерлендi ме?
– Осындағы ағайын, дос, замандастары бiрлесiп, түнде ұрлап әкелiп, жаназалап, әкесi­нiң қасына жерледi. Басына жасырын белгi қойдық! Ал ендi Нұри жеңешең екеумiздiң сы­нық шыныша жамалып, мына отырысымыздан-ақ, сопиып-сопиып жалғыз қалғандығымызды байқаған шығарсың. Уақы­тында естiп дайындалып отырғандары тұра зытып, елге қайтып үлгердi. Етек-жеңiн жия алмаған дайындықсыздары қалып қойды. “Бөлiнгендi бөрi, жарылғанды жау жеп”, өлiп, көресiлерiн көрiп, ендi қалғандары жау атанды: “не мiн­дет­пен қалдың?”, “шеттiң қағып кеткен шегесiсiң”, “жаудың кө­мiп кеткен бомбасысың”, “қа­шан жарылып қопармақ едiң?” деген қатал тергеуге қалыппыз. Қалғандар ендi сондай дерттен күйреп жатыр!..
Оразиман қарттан қал-жайды осылай тыңдап отырып, келiнi жасаған кең дастарқаннан шай iштiк. Кемпiрiн о дү­ние­ге аттандырып, өзi тұстастардан мүлде адаланып қал­ған қарт, жалғыз қызы ұзатылып сопиып қалған осы тетелес жесiрiмен бас қосыпты. Өзiнiң кеш көрген жалғыз ұлын үйлен­дiрiп, одан көрген кiшкентай тұңғыш немересiн мына кемпi­рiмен кезектесiп сүйiп, алданыш ететiн ғана жайы қалған көрiнедi.
 Кеш бата отыннан келген ұлына Ожаң менi таныстырды. Атымды атап кеп қалғанында, селк ете түстi “ынжығы”. Әкесi­не “ақырын!” деп күбiрлей сала қол берiп амандасты менiмен.
 – Жарайды, әйтеуiр атышулы қандыбалақ деп түсiнсең де бiлгенiңе қуанамын! – деп жымиды қарт. – Сен құрмет­теу­ге ең лайық ағаң осы, танып ал!
 Ұлы екi шыны шай iшiсiмен, мал союға қузаған қарт “Тәкеңдi шақырып кел!” деп келiнiн жiбердi.
 “Тәкен” дегенi, жанағы айтылған екi iнiмнiң үлкенi екен. Қырыққа келiп қалған қою қара шашты қара жiгiт сәлем бере кiрiп, төменгi жағыма отырысымен, қарт сұрады одан:
– Тәкен, мына кiсiнi танисың ба? – Жiгiттiң бiлiнер-бiлiнбес қана бас шайқағанын көрiп, тағы сұрады. – Биғазы ағаңды бiлесiң бе?
– Ә, ендi таныдым, атын атамай-ақ қойыңыз! – Қос қолымен қолымды ұстай алып, сiлкiлей амандасты жиен.
– Аман-есен қайттыңыз ба, аға? Денсаулығыңыз қалай, ауру-сырқаудан амансыз ба? – Қол орамалын алып көзiн сүрт­тi. Ытқып шыққан көз жасын тағы сипап тастап, тағы шыққанын тағы қақты. Үнсiз отырып қалды сөйтiп.
...Түн ортасында қарттың үлкен iшiгi мен пимасын кидiм де, ұлына жол бастатып, зират басына бардым. Қар омбылап барып, әкемнiң көнерiп, төмендеп кеткен топырағына иiле сәлем бердiм де, күнбатыс жағына таяу үйiлген топырақ түбi­не жүгiнiп отыра кеттiм. Жол бастап келiп көрсетiп берген жiгiттi үйiне қайтардым да, топырақ үйiндiсiнiң үстiндегi қар­ды сыпырып тастап, құшақтай жығылдым.
“Қырауың келдi, түрiгiм!” – деп еңiреп жiбердiм. – “Аман келдiм, титтей болса да сезi­нер ме екенсiң, тыңдар ма екенсiң зарымды!.. Менi күтiп, анаңнан, бала-шағаңнан айырылып қалуға шыдағаныңда, қаскөйлердiң менi өлдi дегенiне шыдай алмағаның-ай!.. Бiрге туылсақ та шын азаматтың бiрге өлуi жоқ едi ғой, бiрi өлсе де, бiрi соның егесi­мен жасауы қажет едi ғой! Мен келдiм, бауырым, бiрақ құшақтасып, сағыныш уын қайтару түгiл, сәби кезiмiздегiдей құ­лақтаса да алмаймыз ғой ендi! Менi оқыту үшiн қаршадайыңнан малай болдың! Мен үшiн әскер болып, қанды майданға кiрдiң! Мен үшiн жапа шектiң – барлық ауыртпалығымды кө­тердiң, ақыры мен үшiн кекте­нiп, мен үшiн өлдiң. Ал, сен үшiн мен не iстеп бере алдым!.. Жаны жалғасып бiткен жалғыз iнiм, аға болып не iстеп бере ал­дым саған!.. Сезер ме екен­сiң зарымды!.. Мына жатқан әкемiз де менiң тiрлiгiмнен хабар ала алмай, ақтық демiне дейiн аһ ұрып өлiп едi ғой, осыны айтқан өзiң едiң ғой маған, сол айықпас қасiретiмдi тағы да қайталатып-жаңғыртып кет­кенiң не! Қайталанбас өмiрде осы қасiреттiң қайталанғаны қалай!.. Басқа қасiретiм аз ба едi! Мен келiп, үстiңе үйiлген суық топырақты құшақтап жатырмын, бауырым, сезер ме екенсiң?... “Құрауым аман қайтыпты” деп бiр тебiрене алар ма екенсiң?.. Жоқ, жоқ, сез­бейсiң ендi, осы топырағыңның дәл өзi болып кеттiң...”.
Осылай солқылдап-солқылдап барып сұлқ жатып қалыппын. Оның кiшкене кезiн­дегi аянышты халдерi ап-айқын тiзiлiп, кино акттерiнше өте бердi көз алдымнан: ел-жұрт, үй iшiнен түгел айырылып келiп, көң-қоқыр күл үстiнде жалаңаш түнеп жүрген кiшкентай ғана панасыз жетiм, тұла бойы күлдей көксұр, қотыр-қотыр, көзiне былшық, аузы-мұрнына әлденедей нәжiс қатып қалған ап-арық, аш баланы Шәуешек­тiң базар көшесiнде үш-төрт сотқар қуып келедi, жетiп қалыпты. “Құрау,Құрау, қарашы мыналарды, күнде ұрады!” деп шағына, еңiрей жетiп, артыма тығылды. Алдымда келе жатқан шешем иығындағы қоржынын тастай салып, құшақтай алды оны. “Биғадiлiм ғой мынау!” деген анамның даусы саңқ ете түстi.
 Түсiм сияқты. Биғадiлдiң үстiндегi мұзды топырақты құшырлана құшақтадым. Көзiм қайта жұмылды...
 Құшақтап жатқан топырағымды қыса түстiм.
 Ергейтiде жалаң аяқ жалаңбас, мал тезегiн терiп жүрген кезiмiз. Ерте оянып қарасам, қасымдағы Биғадiл жоқ. Жер үйден далаға шығып қарасам, шешем өзен жақтан бiр дорба тезек терiп әкелiп төгiп жатыр екен. Биғадiлдiң жоқтығын менен естiп, Бақудың төменгi түбектегi бие бауы жаққа жүгiрдi. Мен ере жүгiр­дiм. Жарқабаққа тоқтай қалып, бие желiсiне қарасақ, жылқышы қосынан “апа-ау!” деп жылаған дауыс естiлдi. Жүгiрiп барсақ, жылқышылар шидей қол-аяғын босағадағы қазыққа мықтап таңып тастапты. Түн жарымында сабадан бiр шыны қымыз ұрлап iшiп жатқанында ұсталып байланыпты. Шешем кешiрiм сұрап босатты. Әрең түрегелген iнiмдi үнсiз қолтықтап, жылай сүйемелдеп келе жаттым. Биғадiл маған жаутаң-жаутаң қарап еңiредi: “Сен шыдаған аштыққа мен қалай шыдай алмаймын!” деп боздап жiбергенiн­де, алдымыздағы шешем де үн сала жылады: “Сенiң күтiмiң тiптi аз, түсiнемiн балам, түсiнемiн, бiрақ лажым жоқ!” дейдi.
 Қырық жылдан асып қал­ған сол оқиға суретi көз алдыма келе қалғанда, көзiмдi ашып алып, мұз топырақты тырналай, басымды шайқай еңiредiм...
Көз жасымды топыраққа төге жатып, ұйықтап кеткен сияқтымын...
Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫ
Жалғасы бар
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (4)
Ақжол | 11 наурыз 2010 09:14
Қажығұмар ақсақалды елге қайтарамыз ба, әлде жоқ па? Қазақ зиялылары неге үндемей қалды? Әйтеуір, бір істі дабырлатып бастаймыз да артын сиыр құйымшақтандырып жібереміз.
Шығыс Қызы | 11 наурыз 2010 16:52
Туған жерінің топырағын аңсап жүрген қарияны елге қайтара алмасақ, ел болып, мемлекет болып отырғанымыз бекер деген сөз. Алты томын қайдан алуға болады екен? Атажұртқа телефон шалып едім, ешкім жауап бермеді.
?? | 30 наурыз 2010 12:01
Қаншама ақсақал, ақ жаулықты әжелер өз елін,туған жерін аңсап бұл өмірден рамандарын арқалап кетті.....Мен,туған жерінің топырағында өлуді армандаған, жылағанда сай сүйегіңді сырқыратар қарияның ұрпағымын... Оларды қашқын деп атап отырған ағйындарда аз емес.СҰМДЫҚ! Өз елімізге келіп ұлтан болайық деген азғантай ғана тілегімізде көп көрініп отыр ....не дейін ?
?? | 30 наурыз 2010 12:01
Қаншама ақсақал, ақ жаулықты әжелер өз елін,туған жерін аңсап бұл өмірден рамандарын арқалап кетті.....Мен,туған жерінің топырағында өлуді армандаған, жылағанда сай сүйегіңді сырқыратар қарияның ұрпағымын... Оларды қашқын деп атап отырған ағйындарда аз емес.СҰМДЫҚ! Өз елімізге келіп ұлтан болайық деген азғантай ғана тілегімізде көп көрініп отыр ....не дейін ?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті