1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Оқырман және «Жас Алаш»

Қадiрлi оқырман! 2016 жылдың соңғы – 104-нөмiрiн қолыңызға алып, кезектi рет дидарласып отырсыз. Бәрi жыл қорытындысын шығарып жатқанда, бiз де – журналистер мен газет шығарушылар – сiздердiң рухани қажеттiлiктерiңiздi өтей алдық па деген сұраққа жауап iздедiк.
1. “Жас Алаштың” қоғамдағы орнын қалай бағалайсыз?
2. Газеттiң ұстанған бағыты мен жарияланған материалдары көңiлiңiзден шықты ма?
3. Айтар тiлегiңiз бен ұсынысыңыз қандай? деген сауалдарға қайтарылған жауаптар төмендегiдей.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:: СЫН САҒАТТА РАЙЫНАН ҚАЙТПАДЫ

“Жас Алаш” шын мәнiнде мемлекетшiл, халықшыл, ұлтшыл, өз оқырманы, өз аудиториясы бар абыройлы басылым. Расын айтқанда, қазiр қалың оқырман үдесiнен шығатын газет қалмады өзi. Оны жасырып қайтемiз. Ұлттың сөзiн сөйлейтiн, қамын жейтiн, қажет жерiнде араша түсетiн “Жас Алашқа” өз басым оқырман ретiнде де, азамат ретiнде де разымын. Қоғамдағы жағдайды, болып жатқан сан алуан оқиғаны жай ғана ақпарат ретiнде бере салмайды. Ой елегiнен өткiзiп, жан-жақты саралап, талдап бередi. Сонысына көңiлiм толады. Құрметтеймiн.
Әрине, газеттiң ұстанған бағытына тәнтiмiн. Тарихы тереңде жатқан басылым өзiнiң әу бастағы ұстанымына адал. Үнемi қазаққа қажеттi танымдық, саяси-экономикалық, әлеуметтiк тың тақырыптарды қозғайды. Билiктiң түрлi қысым көрсетуiне сағы сынбай, еңсесiн тiк ұстап келедi. “Жас Алашқа” жала жауып, үнiн өшiргiсi келген арампиғылдылардың iс-әрекетi жүзеге аспады. Кешегi жер тағдыры шешiлер сын сағатта да райынан қайтқан жоқ. Әдiлеттiң ақ туын биiк желбiреттi. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезiндегi ерлiгiне өте разымын.
“Жас Алаш” – шын мәнiнде халықтық газет. Осы алған бетiнен қайтпағанын қалаймын. Қалың оқырманға, қазаққа керек басылым. Көпшiлiк қауым осы “Жас Алаш” арқылы сан қилы ақпаратқа қол жеткiзiп отыр. Сондықтан абыройлы болыңыздар, сiздердiң еңбектерiңiздi оқырман бiледi. Сыйлайды. Келер жылы да осы межеден көрiнулерiңiзге тiлектеспiн.

Абзал Құспан, заңгер: БИЛIКТIҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛМАЙДЫ
“Жас Алаш” газетiн мектептен бастап жаздырып алып оқимын. Студент кезiмде сатып алып оқыдым. Қызметке араласқалы “Жас Алашқа” жазылмай қалған кезiм болмады. Басылымның қоғамдағы орны ала-бөтен, ерекше. Ешкiмге ұқсамайды. Батыл жазады. Кейбiр басылымдар сияқты билiктiң ығына жығылмайды. Қоғамдағы болып жатқан оқиға, жаңалық атаулыға баламалы баға беруде “Жас Алаштың” алдына түсетiн газет жоқ. Бұл – менiң қоспасыз, шын сөзiм.
Қазақтың мүддесiн қорғайтын газет болғандықтан осы тұрғыдағы ұстанымы, жазған мақалалары көңiлiмнен шығады. Бүгiнгi таңда ұлттың мүддесiн көздейтiн партия болса, мен соған мүше болар едiм. Өмiрiмде бiрде-бiр партияға мүше болып көрмеппiн. Өкiнiшке қарай, ондай партия жоқ. Сондықтан менiң партиям – “Жас Алаш”. Өзiнiң мызғымайтын дара ұстанымы бар.
Тек әдiл айтып, ашық жазатын бағытынан таймаса екен деп тiлеймiн.

Асылы Осман, қоғам қайраткерi: ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН – ДӘСТҮР
– “Жас Алашты” көзiм ауыратындықтан бұрынғыдай астын сызып тұрып оқымаймын. Газет тек шындықты жазады, ақиқатты бүркемелемей айтады. Мәселен, күнi кеше ғана әйгiлi батыр Баукеңнiң келiнi Зейнеп Ахметова мен Орынша Қарабалинаның естелiгiнде тек шынайы шындық, ақиқат жазылған.
Газеттiң ұстанған бағыты дұрыс. Адамның бес саусағы бiрдей емес қой, қоғамдағы олқылықты, айтылмай қалған ақиқатты бәрiнiң де айта алуы қиындау. Газет осы жағынан алғанда ешкiмнен именбейдi, ықпайды.
Газет ұжымына айтар ұсынысым, мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесi өз тұғырына қонуын тереңiрек қаузаса. Ана тiлi деген ұғым бар, мемлекеттiк тiл деген ұғым бар. Ұйғырдың да, шүршiттiң де, шешеннiң де, татардың да ана тiлi бар. Мемлекеттiк тiлдiң дамуы кенжелеп қалды десек, ештеңе көрмегендей болармыз. Қазақ тiлiнiң өз биiгiнде тұруына тек “Жас Алаш” қана емес, қоғам да үлесiн қосса деймiн. Одан бөлек отбасындағы тәрбие беру мәселесiн де үнемi қаперде ұстаса. Киiз үйдiң бiртұтастығын ұстап тұратын зат – басқұр. Ал ұлтты ұйыстыратын – дәстүр. Қазақтың дәстүрi, салты, әдетi, ғұрпы қандай керемет! Ұлттық тәрбиенiң ғажап екенiн насихаттайтын да мерзiмдi баспасөз, радио, теледидар.

Әмiржан Қосанов, саясаткер: “ЖАС АЛАШ” ЖОҒАРЫҒА НЕГЕ ЖАҚПАЙДЫ?
– “Жас Алаш” – жұртқа жақса да, жоғарғы жаққа жаға бермейдi, өйткенi ол шендiлердiң емес, қарапайым халықтың сойылын соғады! Сонысымен ол елге қадiрлi! Сынаған газеттi қай билiк жақсы көрсiн?
Басылымның бағыты – дұрыс! Маған, әсiресе, газеттiң билiкте болып жатқан иiрiмдi процестер мен ауыл-аймақтағы жағдайларды шынайы көрсететiн өткiр материалдары ұнайды.
Басылым осы батыл да баянды бағытынан айырылмасын! Алаш ағайын “Жас Алашына” адал болсын!


Амангелдi Кеңшiлiкұлы, сыншы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегерi:
ОҚЫРМАН IЗДЕП ЖҮРIП ОҚИДЫ

– Ақпараттық кеңiстiкте өзiнiң орнын жоғалтып алған, беделiнен айырылған басылымдар өте көп. “Жас Алашты” жұрт iздеп жүрiп оқиды. Неге? Өйткенi мұнда қоғамдағы шындық, болып жатқан оқиғалар айна-қатесiз жазылады. Шыны керек, кейде өзiмiз де газетте мынадай мақала басылыпты десе, елеңдеп, iздеп оқып бiткенше дегбiрiмiз қалмайды. Қоғамдағы саяси жағдайлар орын алғанда көпшiлiк “Жас Алаш” қалай жазыпты” деп елеңдеп тұрады. Бiзде қазiр көп жайттар жабық, айтыла бермейдi. Сондай тақырыптарды “Жас Алаш” қаузап, мән-жайын ашып бередi. Содан кейiн газеттiң қоғамдағы орны мығым, беделi биiк деп ойлаймын.
Мемлекеттiң тарапынан қамқорлық көрiп отырған газеттердi билiк орындары зорлап, күштеп жаздыратын болса, “Жас Алашты” жұрт өзi iздеп жүрiп жазылады, сатып алып оқиды. Өйткенi халық қандай кезде де тек ақиқатты бiлгiсi келiп, оқығанды қалап тұрады.
Газеттiң ұстанған бағытына көңiлiм толады. Дәл осындай ащы, өткiр жазатын басылымдар өте сирек. Ұсыныс ретiнде айтарым – сараптамалық материалдарды жариялауда сараңдау секiлдi көрiнедi. Болып жатқан оқиғаларды ақпараттық тұрғыда баяндайды. Оқырманды хабардар ету үшiн солай жазылғаны дұрыс та шығар. Десе де кез келген мәселенiң астарын тереңнен қозғап, жан-жақты зерттеп, сараптап ұсынуға көбiрек көңiл бөлiнсе.
Басқа басылымдарда, әсiресе, орыс тiлiндегi басылымдарда тың тақырыптағы қадау-қадау материалдар жарияланса, соны аударып басудың еш сөкеттiгi жоқ деп ойлаймын. Орыс тiлiндегi басылымдардағы тақырып, “Жас Алаштың” бетiнде жарық көрсе, оқырман үшiн де мол олжа болар едi.
Руханият, әдебиет мәселесi “Жас Алашта” жиi қозғалатыны қуантады.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар