1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Елiн сүйген ер едi

Ендi бiр-екi күнде марқұм Зардыхан Қинаятұлының қырқы берiлмек. Осы айтулы күнге орай асыл азаматтың қайраткерлiгi, отаншылдығы, ғалымдығы туралы жазылған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Зардыхан ағамен алғаш танысқанымнан берi 40 жылға таяу уақыт өтiптi-ау...
1980-жылдардың аяғы 1990 жылдардың басында Кеңес империясы ыдырай бастаған тұста, Кеңес елiмен 70 жылдай бiрге бiте қайнасқан Моңғолияда да саяси өзгерiстер орын ала бастады. Бұған түрткi болған жайт – Моңғолия халық революцияшыл партиясының Орталық комитетi жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының бөлiм меңгерушiсi, философия ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы бастаған бiр топ ғалымдардың “Моңғол елi бұдан былай коммунисшiл бiр партияға бағынышты болудан бас тартып, шынайы тәуелсiз, демократия жолымен өркендеуi керек” деп жазған мақалалары болды. Елдiң “Үнэн”, “Хөдөлмөр” секiлдi басты саяси басылымдарында жарық көрген бұл мақалаларда Зақаң бастаған топ Моңғолия елiнiң саяси және экономикалық жағдайын терең зерттей келе, 70 жылғы дамудың қателiктерiн алға тарта отырып, бұдан былайғы дамудың қалай жүру керектiгiне қатысты ғылыми негiздегi өз ұсыныс, тұжырымдарын келтiрген болатын. Көп кешiкпей Моңғолияда құрылған Жас демократтар ұйымы Зақаңды өздерiне идеологиялық басшы ретiнде тани бастады.
Зақаң үшiн “күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан” айырылған арпалысты заман осылай басталған едi. Моңғолияда саяси арпалыстар күшейiп жатқан сол бiр шақта ел астанасы Ұланбатырдағы Зақаң бастаған зиялы қазақ қауымы Моңғолиядағы қазақтардың жағдайына және болашақ ұрпақ қамына да аса алаңдай бастаған едi. Себебi, қаймағы бұзылмаған Баян-Өлгей қазақ аймағынан басқа iшкi өлкелер және астана Ұланбатыр, оның айналасындағы аймақ, қалаларда тұратын қазақтардың рухани жағдайы шынымен-ақ қиындаған-ды. Олардың ұрпақтары үшiн ана тiлiнен айырылу, салт дәстүрiн жоғалту, бiртiндеп моңғолдану қаупi күшейе түскен едi. Көп ұзамай бас хатшы Ж.Батмөнх басқарған Моңғолия халық революцияшыл партиясы Зақаң бастаған ғалымдар тобы және С.Зориг, Б. Элбэгдорж бастаған жас демократтар ұйымының талабы бойынша ерiксiз билiктен кетiп, елде демократиялық сайлау жүргiзуге келiстi.
Осы бiр қиын шақта Зақаң әуелi Моңғолия үкiмет басшысының орынбасары қызметiне, одан соң Моңғолияның тұрақты парламентi төрағасының орынбасары қызметiне тағайындалып, демократиялық сипаттағы Моңғолияның негiзгi заңы – Конституциясының жобасын дайындайтын топ жетекшiлерiнiң бiрi болды. Конституция жобасын талқылау кезiнде “Моңғолияда моңғолдардан басқа ұлт өкiлдерi бар ма? Қазақтарды дербес ұлт деуге келе ме?” деген сұрақтар төңiрегiнде үлкен дау-дамайлардың болғаны белгiлi. Соның алдында ғана Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың “Баян-Өлгей аймағына жеке автономия берудi” талап еткендерi парламентте отырған моңғол ұлтшылдарының ашу-ызасын туғызған болатын. Осы бiр ұлт тағдырына қатысты қарбалас күндерi Зақаң өзiнiң ұлтын жоқтаушы, сөйте тұра демократиялық принциптерге бағынатын iрi саясаткер ретiнде танылды. Ақыры Зақаң және басқадай қазақ депутаттарының орынды талаптары ескерiлiп, Моңғолия конституциясының 8-тармағының 2-бабына: “Моңғолиядағы басқа тiлдi шағын ұлттар өз ана тiлдерiнде оқып, бiлiм алып, мәдени өнерi мен ғылыми iс қызметтерiн жүргiзулерiне ерiктi” деп енгiзiлген едi. Конституцияға енген осы баптың қалай орындалатындығына 1990 жылы қыркүйек айында Түркиядан келген дiн қайраткерi Халифа Алтайды Зардыхан аға үкiмет үйiндегi өзiнiң кабинетiнде ресми қабылдаған кезiнде куәсi де болдым. Сол кезде Моңғолия үкiметiнiң вице-премьерi қызметiндегi Зардыхан аға Түркиядан келген дiн қайраткерi ағамызбен 2 сағат бойы тек қазақ тiлiнде сөйлесiп, әңгiмелескен едi. Бұл Моңғолия конституциясында қазақ тiлiне берiлген заңды мәртебенiң орындалуы болды. 1991 жылы Моңғолия парламентi “Еңбек заңын” талқылау кезде Баян-Өлгей аймағынан сайланған қазақ депутаттары қазақ халқының ұлттық мейрамы ретiнде “Наурыз” мейрамын атап өтудi заң тармағына енгiзудi сұрап, пiкiр ұсынған кезде, бұған болған қарсылықтарға сол кездегi парламент спикерiнiң орынбасары, доктор Зардыхан нақты ғылыми түрдегi дәләлдермен түсiнiктеме берген соң барып, парламент “Еңбек заңына” Наурызды атап өтудi енгiзiп, бiрауыздан мақұлдаған болатын.
Моңғолияда демократия жолындағы осындай күрестi күндер жүрiп жатқан шақта, Қазақ елi өз тәуелсiздiгiн жариялады. 1991 жылдың басында қазақ баспасөзi арқылы қазақтың белгiлi ақын- жазушылары мен ғалымдарының шетелдегi қандас бауырларына арнаған шақыруы жарияланды (“Қайт, қазақ, Отаныңа!). Iле-ақ ел президентi Н.Назарбаевтың “Алыстағы ағайынға ақ тiлек” атты әйгiлi хаты жарияланды. Атажұрттан жеткен бұл үндеулер мен тiлектер Моңғолия қазақтарына үлкен рухани күш-қуат бердi. Атажұртқа қарай көшудiң дұрыстығын елдiң бәрiнен бұрын сезiнген Зақаң Моңғолиядағы аса жоғары лауазымды қызметтерiне қарамастан, көштiң бас идеологына айналды. Зардыхан ағаның қала орталығындағы үш бөлмелi пәтерi кешкi уақыттарда қазақ зиялылары жиналып, Моңғолия қазақтарының келешек тағдыры, жалпы Қазақстанға қарай көшу мәселесiн талқылайтын орынға айналды.
1991 жылдың қыркүйек айының соңына қарай Қазақ елiнiң Еңбек министрi Саят Бейсенов басқарған үкiмет делегациясы Моңғолиямен арадағы көшi-қон мәселесiн талқылау мақсатында Ұланбатырға келдi. Кейiн белгiлi болғандай, қазақтардың Қазақстанға көшу мәселесiнде моңғол жағымен болған аса қиын келiссөздiң оңтайлы шешiлуiне сол кезде Моңғолияның тұрақты парламентi төрағасының орынбасары қызметiндегi Зардыхан Қинаятұлы үлкен рөл атқарған екен. Бұған оның сол кездегi Моңғолия президентi Очирбатпен мектепте бiрге оқығаны, соның арқасында екi ел арасындағы шешiлмей тұрған мәселеге президент өзi араласқан соң, шешiмiн тапқандығы белгiлi болды. Бұл Зақаңның қазағы үшiн жасаған үлкен ерлiгi едi.
Зақаңның бұдан былайғы өмiрi тәуелсiз Қазақ елiмен тығыз байланыста өттi. Моңғолия парламентiнде вице-спикер, Моңғолия үкiметiнде вице-премьер қызметтерiн атқарған Зақаң Моңғолияның Ташкент қаласындағы бас консулы, Қазақстанда ашылған Моңғолия елшiлiгiнде кеңесшi секiлдi дипломатиялық қызметтердi атқарды. Бұл қызметтерiн аяқтаған Зақаң Қазақстанда бiржолата қалуға шешiм қабылдады. Бұл оның талай жылдары “атажұртқа ұрпағымды жеткiзсем” деп келген асыл арманы, мұраты едi. Сол арманы орындалып, ұрпағын атажұртқа әкеп табыстаған Зақаң атажұртында тарихшы ретiнде жаңа қырынан танылды. Әрине, Зақаңды атажұртта жақыннан танып бiлген азаматтар ол кiсiнiң аса бiлiмдi, ел басқарудағы мол тәжiрибесi бола тұра аса қарапайымдылығына таңғалысты. Бiрде Қазақстан парламентi мәжiлiсiнiң алғашқы төрағасы Марат Оспановтың Зақаң жайында: “Бiз өзiмiздiң кәсiби парламентiмiздi жаңадан құрып жатырмыз. Ол кiсiнiң парламент құрудағы тәжiрибесi бiзге керек-ақ. Бiз ол кiсiнi парламентке кеңесшi қызметiне шақырайық деп жүрмiз” дегенi бар едi....
Зақаң ғалым, тарихшы ретiнде артына мол рухани дүние қалдырды. Қазақ мемлекеттiгiнiң тарихына қатысты оның жазып қалдырған “Моңғол үстiртiн мекен еткен соңғы түркi тайпалары”,“Шыңғыс хан және Қазақ мемлекетi”, “Қазақ мемлекетi және Жошы хан” атты монографиялық зерттеу кiтаптары және “Моңғолиядағы қазақтар”, “Жылаған жылдар шежiресi”, “Көшпендiлiк ғұмыр” атты құнды еңбектерi қазақ тарихшылары үшiн аса құнды рухани дүниеге айналып үлгердi.

Досан БАЙМОЛДА, ғылым докторы, саясаттанушы, журналист

 

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар