1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №1 (16187) 5 қаңтар, бейсенбі 2017
5 қаңтар 2017
Үшқара – басың биiк, аса алмадық...

1996 жылдың соңғы аптасы. Баянауылға соғымға баруым керек. Әуелi ат басын аудан орталығында тұратын Бөрiшiбай досымның үйiне бұрғам. Обалы не керек, аузын ашса, жүрегi көрiнетiн ақкөңiл досым дастарқанын жайғызып, қазанын көтертiп қойыпты. Сол күнi жақын араласатын көршi-қолаң, дос-жарандары бар, ән айтылып, күй тартылып дегендей, әсерлi кеш болды.

«АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН ҚАРҚАРАЛЫ...»

Бiрақ шаруа мен ойлағандай аудан басында шешiле салмады. Бөкеңнiң айтуынша, жылқы сонау Қарағанды жағындағы қыстақтардың бiрiнде екен. Қарағанды болғанда, кәдiмгi “Атыңнан айналайын Қарқаралы” деп жырлаған Мәдидiң Қарқаралысы. Күн боран-шашынсыз болса алты-жетi сағаттық жер.
Бұйыртқан соғымды “Күнбе-күн барып, ертеңгiсiн алып қана қайтармын”, – деп, тасып келген көңiл пәсейiп-ақ қалды. Досымның ойында ештеңе жоқ. – Саспа, Секе! Мен саған сай-саласында iзi, тауы мен тасында үнi қалған атақты Мәди атаңның жайлауын көрсетем, шабытыңа шабыт қосып қайтасың! – дейдi ағынан жарылып. Досымды мақтағаным емес. Бөкең жауырыны қақпақтай, балуан денелi, кәдiмгi жiгiттiң төресi. Өзi аңшы, өзi тәжiрибелi шофер әрi өкiрген механик. Қолынан келмейтiнi жоқ. Ол үшiн кез келген мәшиненi шашып тастап, бiрер сағатта жинай салу түк емес. Сегiз орындық ескi “УАЗ” автокөлiгi бар. Ескi деген аты ғана, әлгiсi кiшiгiрiм үй секiлдi. Еденiне линолеум төсеп, әйнектерiне перде тартып, iшi-сыртын жамап-жасқап жұтындырып қойған. Кабинасының төбесiне iштен отырып-ақ, қалаған бағытыңа бұра беруге болатын дәу прожектор орнатылған. Ал ендi ол көлiктiң iшiнде не жоқ деңiз. Ондағы бар керек-жарақты қайсыбiреулердiң үйiнен де таппайсың. Алып жүруге қолайлы, кiшкентай ғана баллоны бар газ плитадан бастап, пояльный лампа, шелек, кастрөл, ұсақ-түйек ыдыс-аяқ, мылтық, оқ-дәрi, фонарь, қақпан, арқан, пышақ, балта, күрек дейсiң бе, қысқасы не керектiң бәрiн Бөкеңнiң мәшинесiнен табасың. Барлығы рет-ретiмен аузы құлыпталатын арнайы жәшiкке салынған. Ол жәшiк – отырсаң орындық, жатсаң төсек. Қысы-жазы солай, сақадай сай. Қалаға келсе де, далада жүрсе де. Бiр сөзбен айтқанда, жылдың қай мезгiлiнде болмасын аң атуға, балық аулап, тау-тас кезуге өте қолайлы, арнайы жабдықталған әмбебап мәшиненi көрген де, көрмеген де арманда.
Ертесiнде сол, елде жоқ ерекше мәшинемен екеуiмiз жолға шықтық. Бағытымыз академик Сәтбаевтың туған ауылы – Теңдiк совхозы. Әрмен қарай қаракесектердiң жерi. Орындықтары арқардың терiсiмен қапталған көлiктiң iшi күйiп тұр. Айтуынша, кәдiмгi трактордың пешiн орнатып апты. Бiраздан соң сырт киiмдерiмiздi шешiп, жеңiлденiп отырдық. Әңгiме жол қысқартады деген, екеуiмiз өткен-кеткендi еске алып, өңiрдiң жер-су аттарының шығу тарихын, сирек кездесетiн ит-құсын сөз етiп отырғанда, әйгiлi Қарқаралының қойнауына дендей енiп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Жарықтық, тiрлiгiнде қарны жуан қайырымсыз байлармен жағаласып өткен Мәди бабамыздың:
– Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, – деп жырлаған қасиеттi Қарқаралысы. Сол Мәдидiң “Сайынан сайғақ құрлы пана таппаған” Қарқаралысының жайқалған жаз жайлауын көрмесек те, ақ қарға оранып ап, түксиiп тұрған тәкаппар тауларына қарап бiраз аялдадық...


ЖЫЛҚЫШЫЛАР ҚЫСТАҒЫНДА

Кешегi кеңес заманынан қалған қыстақта отырған жылқышылар құшақ жая қарсы алды. Бас табыншы Бiтән – сол кезде қырықты қырқалап қалған, тау тұлғалы шойынқараның нақ өзi екен. Гүж-гүж еткен дауысын айтпағанда, маң-маң басқан жүрiсi мен күректей алақанынан кезiнде құрық тимеген талай асауды құлақтан басып, шыңғыртып тұрып жуасытқаны байқалып-ақ тұр. Сырт пiшiнi таусоғардай алып көрiнгенiмен, ағамыз жаны нәзiк, сөз парқын бiлетiн, нағыз “өнер десе, iшкен асын жерге қоятындар” қатарынан екен.
Бiз барғанда қыстың қысқа күнi еңкейiп қалған. Әне-мiне дегенше ымырт та үйiрiле бастады. Қыстақтағы екi жiгiттiң бiрi – екi күн бұрын аттан құлап, аяғын сындырып жатыр екен. Оны бiзбен қалаға сап жiберетiн болды. Екiншi жiгiттi жылқыны айдап әкелуге жұмсаған Бiкең, қара қазанға толтырып тұрып ет асып жатып: “Секең iнiшектi бұрын телебiзiрден ғана көрушi ек, бүгiн бұйыртса таң атқанша тыңдап, айызымды бiр қандыратын болдым”, – деп қояды... Солай болды да…
Жылқы қыстақтан ұзап кетiптi. Үш жылқышы ертеңiнде түс ауа бiр-ақ айдап әкелдi. Бiтән ағамыз көңiлi түссе көл, жомарт мiнездi азамат екен. – Мына мен, Бiтiмхан атыммен бүкiл қазақ елi сыйлаған ақын iнiме байтал берiп не көрiнiптi, – дедi де, сойылуы тиiс байталдың орнына бес жасар ту биенi алып ұрды. Жануардың күйi де келiскен екен. Ойламаған жерден олжаға кенелiп, мен де қарқ боп қалдым.
Сонымен мал сойылып, қуырдақ қуырылып болғанша, көз де байлана бастады... Тағы да ет асылды. Бұл жолы жаңа ғана сойылған ту биенiң етi. Қолы ептi жiгiттер электр жарығымен-ақ қазыны айналдырып, еттi де әп-сәтте мүшелеп тастады. Мынадай сый-сияпаттарын көре тұра, аңқылдаған азаматтардың ақ дастарқанын қалай аттап кетесiң? Оның үстiне қыс iшiнде түн қатып жол жүру оқыс... Амал жоқ, жылқышылар ауылында екiншi күн түнеуге тура келдi...Түннiң бiр мезгiлiнде жел көтерiле бастады... Бұл – жылыстап жеткен жылдың ең соңғы күнi болатын. – Таңертең ертерек қамданып, Баянауылға бiр жетiп алсам, ары қарай жол сайрап жатыр. Павлодарға дейiн бар болғаны екi-үш сағаттық жер. Кешкi жетi-сегiздерде жетiп қалсам да, ар жағында жаңа жылды үйдегiлермен қарсы алуға мүмкiндiк мол – деген ой құшағында жатып ұйықтап кетiппiн.
Қанша жерден ерте қамдансаң да, үй иелерiнен асып кете алмайды екенсiң. Олар түрегеп, жуынып-шайынып дегендей, от жағып, ас-суларын қамдағанша мезгiл түске таяды. Тағы дастарқанға жайғастық. Тағы сол тiлек, тағы да “бiр-екi ән айтып жiбермен” және бiрқыдыру уақыт өттi. Сонымен, соғымды тиеп, аяғы сынған жiгiттi алып, қалғандарымен қоштасып жолға шыққанымызда сағат тiлi түскi екiден еңкейiп бара жатты.


ҮҢГIРГЕ ТҮНЕГЕН ҮШЕУ...

Шығуын шықтық-ау. Бiрақ дәл бiздiң шығуымызды күтiп тұрғандай-ақ, айналасы жарым сағаттан соң түнде басталған борасын да үдей түстi. Соғым сойылып, өзiмiздi де, жылқышыларды да риза еткен көңiлмен әуелде күннiң райына мән бермеппiз. Ұйытқи соғып ұлыған жел барған сайын күшейiп, жүрiсiмiз баяулай бастады. Айналамыз аппақ, ақтүтек боран түк көрсетер емес. Қырсыққанда мәшиненiң әйнек тазалағышы қарды тазалап үлгермей, қайта-қайта қатып, ақыры мүлдем тынды. Амалсыз тоқтауға мәжбүр болдық. Әсiлi, “Жолы болмас жолаушы, жол кеседi” – деген сөз текке айтылмаса керек. Ендiгi жерде Павлодарды былай қойып, Баянауылға жетуiмiздiң өзi мұңға айналды. Жолы қайсы, жырасы қайсы, адам бiлiп болмайды. Алғашқы екпiнмен жылқышылар қыстағынан да бiрқыдыру жерге ұзап кетiппiз. Ұйытқи соққан ақ боран мәшиненi шайқап қана қоймай, әне жер, мiне жерден саңылау тапқан сумақы жел қар ұшқындарын ендi iшке үрлей бастады. Үшеуiмiзде үн жоқ. Бөкең көлiктен түсiп, маңайды байқамақ болған. Қайдағы байқаған, құтырына соққан жел көлiктiң есiгiн жұлып әкете жаздап, әзер ұстап қалды.
Амалы әбден таусылған Бөкең арт жақтағы жылқышыға қарап: “Әй, Жарқынбек, бiздiң осы тұрған жерiмiз Үшқараның тұсы емес пе?” – дедi, өз тұспалына өзi дүдәмалдана сөйлеп. Манадан берi анда-санда басын көтерiп, маңайға қарайлап келе жатқан жылқышы жiгiт жұлып алғандай: “Бөке, дәл айтасыз, мөлшерiңiз дұрыс секiлдi. Менiң бiлуiмше оң қапталымыздағы тiк таудың етегiнде бұлақ болуы керек. Сол бұлақтың ту желкесiнде үңгiр бар болатын. Соған еңбектесек те бiр жетiп алсақ... Аман қалар едiк, мына тажалдан, қалайда жетуiмiз керек”, – дедi әлдебiр үмiттiң отын жылт еткiзгендей.
Үшқара. Тағы да сол Мәдидiң абақтыда жатып:
– Үшқара – басың биiк аса алмадым,
Жайқалтып, жапырағыңды баса алмадым – деп, күңiренетiн әйгiлi Үшқарасы ғой бұл. Кiм ойлаған, Мәди ғана емес, Қасым бастаған талай азулы ақындардың жырына арқау болған Үшқараны осындай алай-дүлей ақ боранда көремiн деп. Көремiн дегенiм, жай сөз. Мына ақтүтекте Үшқараны көру былай тұрсын, бiр адым жердi көру мұң болатын. Осы кезде:
– Әй, жiгiттер! Бiр амалын таппасақ, бензiн таусылып, арам қататын түрiмiз бар – деп, ойымды бөлген Бөкең, боран сәл саябырсыған бiр сәтте шапшаң қимылдап тысқа шығып кеттi.
– Әй, Бөке! Абайла, алысқа ұзама! – деген ескертпемiздi естiсе де, естiмеген секiлдi. – Апыр-ай, мына ақтүтекте адасып кетпесе жарады, – деп, қала бердiк.
Арада сүт пiсiрiм уақыт өтер-өтпесте қайтып оралған досым:
– Жiгiттер, суiшкiлiгiмiз бар екен. Құдай қарасқанда тура бұлақтың тұсына тоқтаппыз. Мен қазiр мүмкiндiгiнше екпiндеген қалпы бұлаққа барып бiр-ақ тоқтаймын – дедi, мәшинесiн оталдырып жатып. Қанша дегенмен қысы-жазы тау-тасты кезiп, әбден кәнiгi болған аңшы емес пе. Айтқанындай ендi-ендi жалдана бастаған күртiк қарды бұзып-жарған бойы мәшиненiң артын желге бере бұлақ басына кеп бiр-ақ тiредi де, иығынан бiр ауыр жүк түскендей “Уһ!” – деп, терең дем алды.
Айналасына үшқат пен итмұрын, тал-теректер қалың өскен бұлақ басы сәл де болса ықтасын екен. Бiр ғажабы, сырттағы аяз 20-25 градус болса да, бұлақ қатпапты. Қас қарайып кетпей тұрғанда бiрiмiз керек-жарағымызды алып, бiрiмiз жылқышыны арқалап қол созым жердегi үңгiрге жетiп жығылдық. Үңгiрдiң аузы сәл тарлау болғанымен iшi әжептәуiр кең екен. Алакөлеңке болса да, далаға қарағанда әлдеқайда жылы. Бiр бұрышта үйiлiп жатқан отын мен ағаштан жасалған мосыға, отыруға ыңғайланып қойылған бөренелерге қарап, бұл үңгiрдiң талай жанға пана болғандығын аңғаруға болады. Бiраз ентiгiмiздi басып, үстi-басымызды қаққасын, шығаберiсiне таман үш-төрт тас қойып, бұрын бiреулер от жаққан жерге Бөкең де от тұтатып, тiршiлiк қамына кiрiсiп кеттi. От – тiршiлiк белгiсi емес пе. Әлгiнде ғана түнерiп тұрған үңгiрдiң iшiне жарық түскесiн, бiздiң де бойымызға қан жүгiрiп, еңсемiз көтерiлiп қалды. Бiраз жылынғасын досым екеуiмiз мәшинеден ыдыс-аяқ, астыға төсейтiн көрпе-көншек, тiптi асатын ет те алып келдiк.
Бұл кезде айналаны қараңғылық әбден басып, дүлей боран үдей түскен. Далада ұлыған ит-құстың үнi ме, болмаса ұйтқи соққан жел ме, адам ұғып болмайтын үрейлi дыбыстар естiледi...
Бөкеңнiң әмбебап көлiгiнiң қызығын осы жолы көрдiк. Түннiң бiр уағында кез келген тығырықтан жол тапқыш досымның былқылдатып тұрып шелекке асқан етiн алдымызға ала отырып, көк жәшiктiң түбiнен табылған бiр шишаны үшеуiмiз қақ бөлiп iшiп, бiр-бiрiмiздi жаңа жылмен құттықтадық.
Осылайша, боранға қамалған үш жiгiт, үш ұйықтаған адамның түсiне енбейтiн жағдайда, жылнаманың 1997 жаңа жылын әйгiлi Үшқараның үңгiрiнде қарсы алуға мәжбүр болғанымыз бар... Күн жаманы өтер деген. Ертесiнде боран да басылып, жол да ашылды. Аман-сау үйiмiзге де жеттiк... Бiрақ өз заманында Мәди аса алмаған Үшқарадан сол жолы бiз де аса алмадық. Мәдидiң қалайша аса алмай жүргенiн кiм бiлсiн. Ал бiздi бөгеген ақ боран болатын.
Содан берi жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, осы бiр ғажайып оқиға жыл сайын ойыма оралып отырады.

Серiк ҚҰСАНБАЕВ
Өскемен қаласы
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
ергожа Ақтаудан | 5 қаңтар 2017 13:02
Өте керемет, әсерлі оқиға екен!!! Жақсы жазылған, өзім сол үңгірде болғандай жақсы күй кештім. Рахмет, Сәке!!!
Ибраһим | 9 қаңтар 2017 12:06
Керемет!
Бір қазақ | 9 қаңтар 2017 12:16
Бас табыншы деп сиыр баққан адамға айтады, Секе... бас жылқышы деп сөйлесеңші....
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар