1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Ұлтын сүйген ұлы тұлға

Бүгiн – халқымыздың ұлы перзенттерiнiң бiрi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күнi. “Көрнектi адамдар өз елiнiң не бағына, не сорына туады” деген көне мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елiнiң бағына туған адам және бiздiң әрқайсымыз үшiн айрықша ыстық” деген екен кезiнде Iлияс Есенберлин.

Көзiнiң тiрiсiнде-ақ “Димаш аға!” деп күллi Алаш жұрты төбесiне көтере ұлықтаған Дiнмұхамед Ахметұлы – шын мәнiнде, қазақтың iргесiн нықтап, еңсесiн тiктеп, бүгiнгiдей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен айтулы тұлға. Қазақстанның өнеркәсiптiк және шикiзаттық базасын, құрылыс инфраструктурасын, ғылым-бiлiмiн, мәдениетiн өркендетуге оның сiңiрген өлшеусiз еңбегiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар бiрегей тұлғаның баға жетпес кiсiлiк келбетi мен адами зор қасиеттерi де уақыт өткен сайын мейлiнше тұлғалана түсуде. Ол туралы бүкiл ел-жұрт жабылып, күнi-түнi шежiре шертсе де сағынышты сырдың түгесiлмесi анық. Замандастарының, көзкөрген зиялы қауым өкiлдерiнiң естелiктерiне жүгiне келе, бiз соны аңғардық. Мәселен, атақты Ыбырай Жақаев оны: “Жұрттың iшiнде пышақ айналмайды, Қонаевтың iшiнде ерттеулi ат айналып жүре бередi”, – деп дараласа, Олжас Сүлейменовтiң: “Үлкен мәдениеттiң, терең бiлiмнiң иесi Димаш Ахметұлы шығармашылық адамдарын қатты қадiрлейтiн және өзi де қадiрлi болатын. “Қонаев дәуiрiнен” бұрын да, кейiн де бiрде-бiр артист, суретшi, жазушы, сәулетшi өзiнiң халыққа қаншалық қажеттiлiгiн, өз бағасын, қадiр-қасиетiн сезiнген емес. Бiрде-бiр шығармашылық адамы мұқтаждық көрген емес”, – деп ағынан жарылғаны бар. Ал Ескендiр Хасанғалиев болса: “Димаш ағаның есте сақтау қабiлетi өте жақсы едi. Кез келген әннiң сөзiн жазған ақынды да, әнiн жазған композиторларды да “Мынау пәленшенiң әнi ғой”, – деп атын атап, түсiн түстеп отыратын”, – дейдi. Сондай-ақ, бiр жолы Мағжан Жұмабаевтың “Сүй, жан сәулем” деген өлеңiн түгелiмен жатқа айтып бергенде таңғалғанын жасыра алмай: “Димаш аға, сiздiң радиодан, теледидардан орысша сөйлегенiңiздi естiп, қазақ тiлiне шорқақтау деп ойлайтын едiк”, – дегенiн, ал Димекеңнiң: “Шырағым-ау, бiз Ахмет, Мағжандардың өлеңдерiмен өскен ұрпақ емеспiз бе?” – деп Алаш арыстарына деген сағынышын сездiргенiн айтады.

Аты аңызға айналған тұлғаның ерекше бiр қасиетi – қарапайымдылығы.
Еңбек жолын тау-кен-инженерi болып бастап, елағасы, яғни Қазақстан басшысы қызметiмен аяқтаған Димаш Ахметұлы зейнеттiк демалысқа шыққаннан кейiн өзiне жаңа визитка жасатса керек. Сөйтiп, оған аты-жөнiнен басқа, “тау-кен инженерi” деген жалғыз ауыз сөз жазғызған. Оны көрген жақындары: “Мұныңыз қалай? Докторлық дәрежеңiз бен академиктiк атағыңызды неге қосқызбадыңыз?” деп таңғала сұрайды. Сонда Димаш Ахметұлы: “Оның бәрi – өтпелi де кетпелi, ал “тау-кен инженерi” деген – өмiрлiк нәрсе” деп жауап берген көрiнедi. Сол сияқты, өмiрiнiң соңғы жылдарында жанында болған, жақын араласқан жазушы Серiк Әбдiрайымұлына да: “Мен бар болғаны тау-кен инженерiмiн. Өмiрiмнiң алтын дiңгегi осы” деп ағынан жарылған. Әрине, мұнда, бiр жағынан, қарапайымдылық, екiншi жағынан, нағыз кәсiпқой адамның өз мамандығына деген шынайы құрметi жатыр.
Қалай болғанда да, Дiнмұхамед Ахметұлын жақын бiлген, араласқан адамдардың барлығы ол туралы айтқанда ең әуелi кiсiлiгi мен кiшiлiгiн ерекше еске алады. Биiк мансап пен атақ-дәреже ешқашан Димекеңнiң басын айналдырып, өмiрде өзi бәрiнен жоғары қойған қарапайымдылық, адалдық, принципшiлдiк iспеттi ұстанымдарынан тандыра алмаған.
“Қонаев қазаққа құдай берген адам болды. Экономиканы бiлуi де, басқару тәсiлi де, адамгершiлiк қасиетi де – бәрi бiрiн-бiрi толықтырып, о кiсiнi ерекше қасиеттi етiп көрсететiн”, – деген екен бiр сұхбатында партия жүйесiнде талай жыл онымен қызметтес болған Кеңес Аухадиев.

Елу жыл ел тағдырына араласып, жауапты қызметтердi абыроймен атқарған Дiнмұхамед Ахметұлы көреген саясаткер ретiнде танылды. Көп нәрсенi Орталықтың кесiп-пiшiп отырғанына қарамастан, ұлт мүддесiне қатысты мәселеде ешкiмге есесiн жiбермеуге күш салды. Тың жерлердi игеру, Өзбекстанға өтiп кеткен қазақ аудандарын қайтару, Шардара өңiрiне атом электр станциясын салғызбау, Ерейментау топырағынан немiс автономиясын ашуға жол бермеу тәрiздi маңызы зор мәселелерде бiлiктi саясат ұстанып, асқан табандылық танытты. Замандастарының пiкiрiне жүгiнсек, Димекең Мәскеудiң елiмiздiң тағдырына қатысты әрбiр iс-әрекетiн алдын ала сезiп, бiлiп отырды және оны өз пайдасына шешуге тырысты. Бiлiктi басшылық нәтижесiнде сол жылдарда Қазақстан Республикасы Кеңес Одағы көлемiндегi 14-орыннан алдыңғы үштiктiң қатарына шықты. Одақ бойынша екiншi астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсiп аймағына айналды. Сөйтiп, елiмiздiң өндiрiстiк ауқымы он есеге өстi. Дамудың мұндай қарқыны басқа бiрде-бiр республикада болмағаны даусыз.
Ресми құжаттар бойынша, Д.Қонаев басшылық жасаған 1955 жылдан 1986 жылға дейiнгi аралықта республикада өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есеге жуық өскен. 1959 жылы Қазақстанда 2 миллион 787 мың қазақ болса, 1987 жылы 7 миллионға жеттi. 1976-1986 жылдар аралығындағы 10 жыл iшiнде жүздеген елдi мекен, 68 жұмысшы поселкасы, 43 қала бой көтердi. 1916 жылы қазақ жерiнде 18 миллион 364 мың қой болған екен. Тек 1955 жылы ғана 17 миллионға жуықтаған. Ал 1986 жылы Қазақстанда қой 36 миллионнан, мүйiздi iрi қара 9 миллионнан асқан.
Д.Қонаев басқарған кезде елiмiзде құрылыс та қарқынды жүрдi. Мысалы, 1965 жылы 450 мың адам пәтер алған деген дерек бар. Тұрғын үйлермен қатар, кейiн Алматының сәнiне айналған ғимараттар – 25 қабатты “Қазақстан” қонақүйi, Республика сарайы, Оқушылар сарайы, М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры, Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркi, “Арасан” моншасы, Ұлттық кiтапхана, Ұлттық Ғылым академиясы ғимараттары бой көтердi.
“Алматы сейсмикалық қауiптi аймақта орналасқандықтан, қала халқының санын 1,5 миллионнан асырмау, жан-жағынан кiшкентай қалалар салу сол кездерден бастап айтыла бастады. Қаланың ластанбауын ойлап, оған үлкен машиналарды кiргiзбеу үшiн қаланың сыртынан айналма жол салдыруды бастап кеткен де – Димекең”, – дейдi К.Аухадиев. Ол кiсiнiң айтуынша, кезiнде “айналма шеңбер жолды тоқтата тұрып, алдымен метро салайық” деушiлер де болыпты. Оған Димекең: “Алматыдағы метро құрылысы еш жердегiге ұқсамайды. Оны бастасақ, дер кезiнде бөгелмей бiтiру керек. Әйтпесе қауiптi. Тау етегi болғандықтан, Алматыдағы жер асты топырағының байланысы нашар, бос”, – деп жауап қайтарған. Дегенмен, Алматыға метро салудың қажет екенiн Д.Ахметұлы жақсы түсiнген, оның қымбатқа түсетiнiн де бiлген. Соған қарамастан, Алматыда метро салуға СОКП ОК Саяси бюросының қаулысын шығартып, мұқият дайындық жұмыстарын жүргiзген, жоспарын, жобасын жасатқан. Бүкiл бекеттердiң орны, аты белгiленген. Сөйтiп, құрылысты бастап жатқанда өзi қызметтен шеттеп қалған.

Желтоқсан көтерiлiсiнен басталып, 90-жылдарға дейiн жалғасқан орынсыз қаралаулар мен байбаламдар Дiнмұхамед Ахметұлының елiн көркейтуге бағытталған ұзақ жылғы еңбегiн әп-сәтте желге ұшқандай еттi. Бiрақ үлкен жүректi азамат табиғатына тән сабырмен, кең мiнезбен бәрiне көндi, бәрiн көтердi. Еңбегiн бұлдап, ешкiмге кiнә артқан жоқ. Кеңес Аухадиевше айтсақ, “Көзi жұмылғанша “Қалың орманда тек биiк қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма өкпем жоқ” деуден танбай кеттi”. Яғни өз арының ақтығына сенiмi кәмiл болған ұлы тұлға әдiлеттiң түбi салтанат құрарын бiлдi және қателескен жоқ. Егер бүгiн қалың қазақ Димаш Ахметұлының кiсiлiк келбетiн, қайраткерлiгiн, тазалығын, әдiлдiгiн, басқа да толып жатқан iзгi қасиеттерiн жыр қылып айтудан танбай келе жатқан болса, оның бәрi – ұлтын шексiз сүйген және оған қалтқысыз қызмет еткен тұлғаны сағынғандығынан, ең бастысы, бағасын бiлгендiгiнен!..
 

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (18)
Қанат Қосымбаев | 12 қаңтар 2017 19:13
Димаш ағамыздың жаны жәннатта болсын. Өнер адамдарына қамқорлығы жақсы болды депсіз, сол кездерде өмір сүрген Шәмші ағамыз композиторлар одағына мүше бола алмай, не атақ ала алмай өмірден өтті. Мұқағалида, Қасым Аманжоловта баспанадан таршылық көрді емес па? Әлде олар өнер адамдары емес па?
Арғын | 13 қаңтар 2017 17:35
Сол кезде басқа республикалар өз тілінде сөйлегенде қазақтар неге орысша сөйлеген. Алматыда неге қазақтарға прописка берілмеген. Қазақ мектептері неге өгей күй кешкен.
Қонысбае Әбиірбек | 13 қаңтар 2017 19:00
Шәмшіні Нұрғиса аға арқылы шақырып құрмет көрсеткенін неге жоққа шығарасыңдар Қоңырат бауырлар
uzyn saqal | 13 қаңтар 2017 23:50
Дiнмухамед уйгыр емес пе? Бiреулер татар дейдi. Кызметте жогарылау ушiн бiр кунде паспортына казак деп бастыртып алган дейдi!
АРҒЫНҒА | 14 қаңтар 2017 12:15
Арғын, неге басқа республикалар өз тілінде сөйлегенде, неге қазақтар орысша сөйлеген депсіз. Ал қазірде одақта болған 15 республиканың ішінде, қазағың тіл жағынан ең соңында басқаларға қарағанда. Ол кездеде осындай болғанда. Ал уəж айтатын шығарсыз ол кездегіден жақсы деп, жақсы болуы шарт əрине, себебі қазір жеке мемлекетпіз. Ол кезде боданбыз.
Есенғали, Антакиядан | 14 қаңтар 2017 17:12
Сол кезде басқа республикалар өз тілінде сөйлегенде қазақтар неге орысша сөйлеген. Алматыда неге қазақтарға прописка берілмеген. Қазақ мектептері неге өгей күй кешкен.

Ол заманда "орысқа бір табан жақын қозоқлар өзбекті бүлдірмесін" деп Шараф
Рашидов Өзбекстанда көптеп қазақ мектептерін ашып берген.
Мен жасаған,150 мың халқы бар қаланың мектептерінің 95 пайызы қазақ
тілінде еді. Біздермен бірге өзбектер,қарақалпақ пен түрікпендер қазақша
оқыды.
Ошақты | 14 қаңтар 2017 17:58
Данышпан айтыпты өз ана тілін сыйламаған ұлт іріп шіріп кетсе де обал емес деп.
Тарихшы | 14 қаңтар 2017 18:04
Жарықтық Димекеңнің кезінде қазақ мектептері неге жабылды екен. Қазақтарды неге Алматыда бишара қылған екен. Сатпаевты неге қуғындаған екен. Заман солай болды демей ақ қойыңдар. Ұйғыр Юсупов Алматыдан 2 ұйғыр мектебін онда қалай ашып жүр.
Кенесары | 14 қаңтар 2017 19:58
Қонаев шынымен қазақ па. Грузин эстон өзбек тəжік басшылары ұлт үшін тіл үшін қызмет етті. Ал Қонаев 30 жылда қазақтарды мəңгүрт етті.
Мұрат | 14 қаңтар 2017 21:30
Арғын дұрыс айтады, Қонаевтың кезінде қазақтар Алматыны қойып мына тұрған Қапшағай мен Қаскелен(Қарасай Батыр ауд.)тіркеүге(прописка)түра алмаған, Иманды болғыр М. Татимов ағаға сенер совет одағы тарағанға дейінгі кезеңде Алматы тұрғындарның(прописка бойынша) 12% ғана қазақ ұлтының үәкілі болған, ал осы казекемдердің 70% астамында тұрақты баспана болмаған. ал еліүінші жылдардағы 700 астам қазақ мектептернің жабылып, толығымен ОРЫС мектептерне өзгертілгені ол бөлек әнгіменің тақрыбы. кәзіргі БИЛІ
Есенғали, Антакиядан | 14 қаңтар 2017 23:29
Жарықтық Димекеңнің кезінде қазақ мектептері неге жабылды екен. Қазақтарды неге Алматыда бишара қылған екен. Заман солай болды демей ақ қойыңдар.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Алматыда қазақша сөйлеуге қорқатын қазақ-
тарды өз көзіммен көргенмін. Ал сіз "қазақ мектептері неге жабылды екен ?"
дейсіз. Марқұм ақын (Қадыр Мырза-Әли) ұлын қазақ мектебіне (1958 - жылы)
апарайын десе, Алматыдан қазақ мектебін таппаған.
ёМаратқп | 14 қаңтар 2017 23:33
Қонаев атамызға қазақ халқының тілі мен пропискасы беш тиын болған. Оған қызмет керек болған. Қонаев орысқа қызмет еткен. Назарбаев қазаққа тілді де прописканы да қызметті де берді. Назарбев қазақ үшін бəрін жасады ал Димекең 600 жүз қазақ мектебін жоқ қылды...
Роза Рақымқызына | 14 қаңтар 2017 23:39
Ұлтын сүйген дейсіз онда неге ұлттың тілін жойды. Қалаға ұйғыр орыс, татарды қоныстандырды. Ұлттық мектептерді жаптырды. Ол шын мəнінде ұлтты жойды Нұраға болмағанда қазақты жоқ ететін еді.
АСХАТ | 15 қаңтар 2017 09:04
Біреулер татар дейді,біреулер ұйғыр дейді. Кім айтты мұны. Қандай дəлелдермен растай аласың татар екенін. Қазақтың ермелігі осында, қайдағы бір ұйғыр Юсуповтың бір жерден шығарған сандырағына сенесіңдер. Ал Қонаевтің қазақ екенін, руы ысты, ұлы жүз екенін қаншама жазушылар айтып жазып, шежіресінде жасаған. Қанша рет дəлел бар. Енді келіп, бір ұйғырдың бір сандырағына бола, сонша қазақтың еңбегін жоққа шығарасың ба?
Арғын | 15 қаңтар 2017 13:45
Арғын, неге басқа республикалар өз тілінде сөйлегенде, неге қазақтар орысша сөйлеген депсіз. Ал қазірде одақта болған 15 республиканың ішінде, қазағың тіл жағынан ең соңында басқаларға қарағанда. Ол кездеде осындай болғанда. Ал уəж айтатын шығарсыз ол кездегіден жақсы деп, жақсы болуы шарт əрине, себебі қазір жеке мемлекетпіз. Ол кезде боданбыз.

Оған толық қосылам бірақ Юсупов ұйғыр мектебін ашқызғанда Димекең неге қазақ мектептерін жапқызған
Жұмкен | 16 қаңтар 2017 14:33
1991 жылға дейін біз Ресей (орыс) империясының аясында өмір сүрдік. Билік Кремльдегілердің қолында болды. Д. Қонаевтың әр қимылын бақылап отырды. Соған қарамастан, Д. Қонаев Қазақстан үшін қолынан келген жақсылықтың бәрін жасады. Ауыл да, қала да өсіп-өркендеді. Оқу ордалары жастарды тегін оқытты, жатақханамен қамтамасыз етті. Еңбек етуге, ақша табуға, емделуге, санаторийде демалуға, қиналмай-ақ ұшақпен ұшуға, кезегің бойынша пәтерді тегін алуға жағдай жасалды. Осының бәрін
ұмытпайық.
Асхатқа | 16 қаңтар 2017 16:11
Ысты болып бірдеңені қатырып па тілді жойып қазақты Алматыдан қуып. Қазақ тілі оған не жазып еді.
Қызылордалық Балталы Төлеген | 17 қаңтар 2017 10:58
Дінмұхамед ағамыз туралы ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ барлық құжаттар орыс тілінде толтырылып, Алматы орыс тілінде сөйледі. Алматыға тұрғылықты тіркелу үшін ҚАЗАҚ ҰЛТЫ 5 жыл күтуі керек болатындығын білемін. 2 ғана ҚАЗАҚ мектебі болды. Бас қала студенттердің есебінен ғана ҚАЗАҚПЕН толықты. Бірақ Дінмұхамед ағаның ҚАЗАҚ үшін жуылмастай бір ғана қателігі айқын. ОЛ "өзім ғой, шақпайтын шығар" деп "қаншеңгел жыланды қойнында жылытқандығы"...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар