1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
«Кiтап өртеу» деген не сұмдық?!

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмадiловтiң “Сенесiз бе, мен өз елiме жете алмай жүрмiн!” деген (“Жас Алаш”, 25 қазан, 2016 жыл) мақаласын оқып, жағамды ұстадым. Жазушылар Одағы күнi бұрын жоспарлап, Қабекеңнiң 80 жылдық мерейтойын Алматыда және туған жерi Шығыс Қазақстан облысында өткiзудi ұйғарыпты. Алматыдағы мерейтойы жақсы өткен. Ал Шығыс Қазақстандағы той қалай өтер екен дегендей жазушының көңiлiнде күдiк, күмән да болған. “Себебi Семей мен Өскемен жұртшылығы кезiнде ГПУ, НКВД, КГБ сияқты мекемелердiң “тәрбиесiн” көп көрген ел ғой. Абай ұрпақтарын әр жаққа жер аударып, ақынның сүйiктi ұлы Тұрағұл мен Жағыпарды (Мағауияның баласы) 1933 жылы аштан өлтiрген... Шыңғыстауда аң қарап жүргенде Шәкәрiм қажыны атып өлтiрiп, сүйегiн құр құдыққа тастай салған. Нәтижеде халқының қақ жартысы Қытайға ауған облыстың ақ көз белсендiлерi әлi де аттан түсе қоймаған-ды...” – деп толғайды Қабдеш аға. Қабең айтса қалт айтпайды. Осы мерейтойға байланысты Жазушылар одағындағылар Шығыс Қазақстан облысында не iстелiп жатқанын бiлейiн деген ниетпен телефон шалса, облыс әкiмi Даниал Ахметов телефон құлағын көтермейдi. Олар жазған хатқа да жауап қайтармайды. Жұмысбасты болып жүрген шығар деп мұны да қоя салуға болады. Туған жерiнде мерейтойы өтпесе жазушының одан беделi түсе қоймас. Жә, менiң айтпағым бұл емес.
Қабдеш аға өткен жылдардағы бiр сұмдықтың бетiн ашқанда, төбе шашымның тiк тұрғаны рас. Жазушы мұны бұрындары айтпай келген, сотқа да бермеген. 2013 жылы Қабдеш Жұмадiловтiң “Әрiп пен Сара” атты кiтабы жарық көредi. Осы кiтаптың 150 данасын Үржар ауданының әкiмi Серiк Зейнуллиннiң машинасына салып, Үржар, Мақаншы аудандарының мектептерi мен ауыл азаматтарына жеткенiнше бөлiп берсiн деп тапсырады. Обалы не керек, Серiк Зейнуллин ол кiтаптарды шыт-шырғасын шығармай, Қабең айтқандай етiп таратып бередi. Артынан ауданнан бұйрық түсiп, әлгi аталған кiтаптарды қайтадан жинатып алады. Бұл жолы билiктi ҰҚК белсендiлерi қолға алған секiлдi. Аудан жұртшылығын үрей билеп, 1937 жыл қайта айналып келдi ме деп зәрелерi ұшқан. “Жұрттан жиып алған 150 кiтапты ҰҚК белсендiлерi өртеп жiберiптi деп естiдiм”, – деп жазады Қабдеш аға.
“Естiмеген елде көп, есек мiнген сартта көп” деген қазақта мақал бар. Бұл қиянат Қабдеш ағаның iшiне осы күнге дейiн қалай сыйып келген?! Өз басым сенер-сенбесiмдi бiлмей дал болдым. Сол мақала шыққан 25 қазаннан берi қарата екi айдай күттiм. Не Үржар ауданының әкiмшiлiгiнен, не ҰҚК-ден бұл қиянатты растаған, немесе қарсы болған әрекеттердi газеттен оқымадым. Ертеде, мектепте оқып жүргенде орта ғасыр тарихынан сол кездегi ғалымдар мен озық ойлы адамдар қудаланып, өздерiн де, жазған кiтаптарын да отқа өртегенiн оқып өстiк. XXI ғасырда кiтап өртеу деген сұмдық қой!
Ал ендi бұл кiтап неге өртелдi? Осы сұраққа жауап табу үшiн бұрын оқып кеткен кiтабымды қайта қарап, тағы оқыдым. “Әрiп пен Сараның” 332-бетiнде жазушының “Көшi-қонды тоқтатқан кiм?” деген сұхбаты жарияланыпты. Осы сұхбатта Қабдеш Жұмадiлов: “Менiңше, бiздiң билiк қазақтың санын көбейткiсi келмейдi. Яғни, елде қазақ санының артуынан қорқады, сескенедi олар. Мен мұны 2009 жылғы халық санағынан байқағам. Санақ нәтижесi үш рет жарияланды. Бiрiншi рет қазақтың саны 67,8 пайыз делiндi. Ол жалпы халықтың үштен екiсi деген сөз, сол дұрыс болу керек. Одан кейiн «65 пайыз екен, қателесiппiз» дедi. Арада тағы үш ай өткенде 63-ке бiр-ақ кемiттi. Бұл қазақ санын кемiтiп көрсетудiң қамы деп ойлаймын. Себебi, қазақтың саны жалпы халық санының үштен екiсiн құраса, халықаралық заң бойынша, бiз таза ұлттық мемлекет болады екенбiз. Одан берi үш жыл өттi, менiң есебiмше, қазiр қазақтың саны 70 пайызға жеттi. Мемлекеттiң иесi – қазақ, сондықтан қазақ ұлтының мүддесi қашан да қорғалып тұруға тиiс...” – дейдi.
Қабдеш аға өте дұрыс айтады. 67,8 пайызды эфирден алғаш рет айтқан өзге емес, сол кездегi Статистика министрi Анар Мешiмбаеваның өзi болатын. Ол қыз Көкпектi ауданының Самар ауылының тумасы едi. Кезiнде мектептi алтын медальға бiтiрген. Жоғары қызметке өз қарым-қабiлетiнiң арқасында көтерiлген. Кейiн Анар Мешiмбаева жұмыстан шығарылды, қуғынға түстi. Қазақтың санын жариялап қойғаны үшiн қудаланған жоқ па екен? Әйтеуiр, Мәскеуде жүргенiнде ұсталып, түрмеге қамалды. Артынан жетi жылға сотталып кеттi. Жазушының “Әрiп пен Сара” кiтабының өртелген себебiн де осыдан iздеген жөн сияқты. Бұл кiтапта басқадай, билiктiң шамына тиетiндей сөз жоқ. Журналист Жұқамыр Шөке жазушыдан бұл сұхбатты 2012 жылы алған. Және бұл сұхбат “Дат” газетiнiң 23 мамыр 2012 жылғы санында жарияланған. Содан кейiн барып кiтапқа енгiзiлген.
Қабдеш Жұмадiлов – қазақтың маңдайына бiткен жарық жұлдызы, ырысы. Қабдеш аға бетiң бар, жүзiң бар демей тура айтатын, тiлiп айтатын, бiлiп айтатын жазушы. Қазақты жан-тәнiмен сүйетiн, оған шын жаны ашитын адам ғана осылай айтады. “Дос жылатып айтады, дұшпан күлдiрiп айтады”. Ол ешуақытта жоғарыдағы бiреулерге жағайын, жағынайын демейдi. Сондықтан да билiкке ұнамайды. Ағаға қысым да, қиянат та сол үшiн жасалады. Қабдеш ағаға қысым жасағандар халықтың қарғысына ұшырайды. Кiтабын өртегендер де әлi-ақ жазасын алады. Бiздiң шолақ белсендiлер осыны бiлiп жүрсе екен деп ойлаймын.


Ратбек АРЫНҰЛЫ, зейнеткер.
Көкпектi ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
пионер | 13 қаңтар 2017 12:11
Билікке санасы өспей қалғандарды алатын сияқтыма, қалай өзі. Қай басшыны көрсеңде шала ойлы.
Жұмкен | 13 қаңтар 2017 13:42
Қабдеш Жұмаділов тілдік қоры аса бай жазушы. Оның шығармаларын, тіпті қарапайым
мақалаларын оқып отырғанның өзінде сөз қолданысына қатты қызығамын. Сөзінде бір іртік, іркіліс болмайды, ағып тұрған бал секілді. Алайда, оның қоғам, тарих-шежіре, елдің тыныс-тіршілігі, дамуы туралы ой-тұжырымдарында оғаштау пікірлер кездесіп қалады. Ал енді кітап не үшін өртеледі? Кезінде Міржақып Дулатовтың "Оян, қазақ", Олжас Сүлейменовтың "Азия" кітаптары тәркіленді. Өйткені мұндай дүниелер билікке
жақпады.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар