1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Тiлдiң ажалы неден?

Сөйтiп, 2017 жылы бүкiл бiлiм саласы үштiлдiлiкке көшiп жатыр... Қаратабан жай қазақтан бастап игi жақсы атаулы “Ау, бұл қазақты бiржолата жоюдың жолы ғой” деп қанша қарсылық бiлдiрсе де, билiк бұған пысқырып та қарамады. Кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов өзiнiң өкшесiн басып келе жатқан қаламгерлерге: “Осы сендер, “өй, айттық қой, жаздық қой” дейсiңдер, қайталап айтып отыру керек, үйдiң төбесiнен тамшылап аққан су-екеш су да iргеде жатқан қара тасты тесiп өтедi, қайталап айтып отырыңдар!” дейдi екен. Сонда бүгiнгi Қазақстан билiгi қазақ ұлтының амандығы төңiрегiнде қазақтардың сан қайталап айтқан пiкiрiне құлақ салуға келгенде сол қара тастан да қатты болғаны ма?!
Ұлыбританияның Уэльс атты уәлаятында туған ұлы ғалым Д.Кристал өзiнiң “Тiл ажалы” деген кiтабында “Бiр ұлтты жоқ қып жiберу үшiн оларға қостiлдiлiктi енгiзу керек. Сонда олардың тiлiн екiншi үстем ұлттың тiлi шұбарландырып бүлдiредi де, ақыры тiлi бүлiнген ұлт өз-өзiнен жойылып кетедi” дейдi. Осыны бiздiң орыстiлдi билiк бiлмейдi деп ойлайсыз ба? Бiлгенде қандай! Олар Д.Кристал айтқан қостiлдiлiк деп аталатын қасiрет аз болғандай, қазақтың маңдайына ендi “үштiлдiлiк” деген қап-қара мөрдi басып қойды. Ең сұмдығы, бұл қасiрет туралы қанша қайталаса да қазақтың сөзiн билiк пәруайына алмайтынына елдiң көзi әбден жетiп болды. Митингiге шығайын десе, оның да жолына жуа бiтiрiп қойған билiк “бұлар – экстремистер”, “нетрадиционный исламистер...”, “шетелдегi бiреулерден ақша алғандар”, тiптi, “террор ұйымдастырмақ болғаны анықталды...” деп бәле сала ма деп қорқады. Содан қорқып қалған, әйтеуiр бала-шағам аман болсын дейтiн қазақ сол бала-шағасы өзiнiң ұлты кiм екенiмен шаруасы жоқ мәңгүртке айналып, әлгi “Тiл ажалында” айтылған “жойылып бара жатқан ұлт” өкiлiне айналуда екенiн де байқамайтын күйге түстi. Сенбесеңiз, Алматы мен Астананың ғана көшелерiнде кетiп бара жатқан қазақтың 25 жас шамасындағы қыз-жiгiттерiнiң сөйлегенiне құлақ түрiңiз! Баж еткiштер баж ете берсiн, бiрақ тәуелсiздiк алған жылдан кейiн туған, жасы 25-тiң о жақ, бұ жағындағы жастардың 70 пайыздан астамы (!) орысша сөйлесетiнi ендi белгiлi болып отыр.
Қай ұлт та қасiретке ұшырар алдында оның әйел жыныстылары, яғни, қыз-келiншектерi бетiмен кетiп, шамадан тыс еркiнсiп кететiнi – әр ұлттың тарихында айтылып келе жатқан шындық. Оның шындық екенiне көшеде, көлiкте шуылдап, былапыт сөздердi судай сапырып орысша сөйлесiп бара жатқандардың көбi қазақтың қыз-келiншектерi екенiн көргенде көзiңiз жетедi. Жақында өз басым Алматыдағы үш қазақ мектебiн әдейi аралап шыққанда үзiлiс кезiнде бiр-бiрiмен орысша сөйлесiп тұрғандардың көбi қызбалалар екенiн байқадым.
Тағы бiр мысал келтiрейiк. Орысша күндiз-түнi сампылдап жатқан телебағдарламалардың iшiнде ара-тұра қазақша берiлiп жатқан хабарлардағы әп-әйдiк ақсақал-қарасақалдардың сөйлеп тұрған сөзiне құлақ түрiп көрiңiз. “Сөз қадiрiн бiлмеген өз қадiрiн бiлмейдi” дегеннiң ақиқат екенiне сонда көзiңiз жетедi. Сол үп-үлкен қазақтар екi сөздiң басын құрай алмай, ойын жеткiзе алмай ыңқылдап, мүдiрiп, тұтығып, қатты қиналып тұрғанын көресiз. Ол аз болса, арасында “жана”, “жанағы”, “жәнегi” деген беймағыналық сөздердi кемiнде 5-6 мәрте қайталап отырады. Соны да сән көре ме қайдам, соңғы кезде қазақтың “ң” дыбысын тiлi келiп тұрса да “н” деп айтатындар көбейiп келедi. Ал сол телеарнадағы 5-6 жасар орыс баласының өз тiлiнде сөйлегенiне зер салып көрiңiзшi. Орыс баласы сөйлегенде аузы-аузына жұқпай тақылдап, ал “бiр аяғы көрде, бiр аяғы жердегi” орыс кемпiр-шалдардың өзi еш кiдiрiс-мүдiрiссiз сайрап отырады. Неге бұлай?
Бiрiншiден, әлгi “жәнегi”, “жанагы” деп қылғынып әзер сөйлеп тұрған қазақ орысша бiлмесе күн көрiсi қиын болатындықтан, қос тiлде сөйлеп, туған тiлiн шұбарландырып алған. Және ол қазақ күнi кеше тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын тойлаған туған Қазақстанында үйiнен сыртқа шыққаннан бастап көшеде де, жұмыс орнында да, iс қағаздарында да орысшадан аяқ алып жүргiсiз күйге түскен. Ол аз болғандай, ендi осы қазақты үш тiлде сөйлеуге мәжбүрлейiн деп отырмыз. Сонда тiлдiң өлмегенде несi қалды?! Несi қалады?!


Мырзан КЕНЖЕБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар