1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №3 (16189)   12 қаңтар, бейсенбі 2017
12 қаңтар 2017
Дубайда жүрмiн!

Дүкендерде, базарларда күрек көп болғанымен, екi қолға бiр күрек таба алмай, қышыған алақанымды қасып қойып, “бүгiн тиын-тебен табамын-ау!” деген оймен қаладағы “Құл базар” атанып кеткен жерге келдiм. Жұмыссыз жастар, жасамыстар осы жерге жиналып, бай-бағландарға жеке жұмысқа жалданады. Мұнда келсем, қарақұрым адамдар жол жағалап тұр екен. Қыстың қара суығында бүрсеңдеп тұрмыз. Бала-шаға аш, “Джиптер” тоқтай қалса, астына түсiп кете жаздап, тұра жүгiремiз. Бүгiн жұмыс берушiлер жоқ. “Итiм ине жұтып өлдi, соны көмiп берiңдер!” деп шiренген бiреу келген, оған он адам таласып, ақырында екеуi кеттi. Тағы бiреу келген едi, жұмыс бере ме десек, “Жай, жағдайларыңды сұрауға келдiм...” дейдi...
Бiр кезде басыма идея келдi. Ересектерге арналған ойын. Тоңып тұрмас үшiн қимылдап қалмаймыз ба? Әр жерге таяқпен шеңбер сыздық та, шетел қалаларының атауларын бердiк. Шеңберлер iшiнде шiренiп тұра қалып, олигархтардың кейпiне енемiз. “Болмасаң да ұқсап бақ” деген ғой.
– Кедейбек, сенде “деловой” әңгiме бар едi!–деп дауыстадым мен. Кедейбек ыңыранып:
– Пекинде жүрмiн. Не мәселе ол? – деп сұрады.
– Венаға ұшып келсеңшi. Әңгiме бар.
– Қазақстанда жүргенде айтуға болмады ма?
– Сенiмен әңгiмелесу үшiн Венаға арнайы ұшып келдiм.
– Жарайды, қазiр ұшақпен ұшып барамын!
Ол екi қолын жайып, “ұшақ” болды да, ары-берi жүгiрiп, шеңберлердi айнала “ұшып”, менiң қасыма келдi. Екеумiз құшақтасып көрiсiп, әңгiмелескен болдық. Ақырында Сорлыбаймен кездесудi ұйғардық. Ол елде жүрген атақты “миллионерiмiз”. Содан соң Кедейбек екеумiз ұшақ болып, қолдарымызды создық та, гүрiлдеп “ұша” жөнелдiк. Дубайда тұрған Жұмысбай Жоқұлының қасына келiп “қондық”.
– Сорлыбай, Дубайға ұшып кел, әңгiме бар! –дедiм мен.
“Қазақстан” деген шеңберде бүрiсiп тұрған Сорлыбай елең ете қалды.
– Ол қандай әңгiме? – деп сұрады.
– Ұшып келсеңшi!
– Ұшаққа отыруға қорқамын.
– Неге?
– Апатқа ұшыраса, тоқалдарым жесiр қалады ғой... – деп шынымен-ақ миллионердiң кейпiне енген ол шiренген болды.
– Дубайда күтейiк пе, Стамбұлда ма?
– Маған бәрiбiр.
– Әлде, Вашингтонда кездесейiк пе?
– Жоқ, Дубайда кездесе берейiк, қазiр ұшып барамын.
Ол екi қолын екi жаққа жайып, бiраз “гүрiлдеп” жүрiп алды.
– Не болды? – деп сұрадым мен.
– Ұшақтың ұшқышы мас.
– Орнына өзiң отыр да, тез ұшып келсеңшi.
– Не әңгiме сонда?
– Жай, әшейiн, анекдот айтамыз.
– Жарайды, менi Дубайда күтiңдер!
Ол “ұшып” келдi. Құшақтасып көрiстiк. Бүрсеңдеп тұрған едiк, жылынғандаймыз. Мен екi қолымды жайып, сол күйi жақын маңдағы үйiме жүгiрiп келдiм. Көршiмнiң көздерi бақырайып: “Ау, саған не болды?” деп сұрады. “Дубайда жүрмiн!” деп қоямын. Ұшақтан түспей, айналып жүрмiн. Әуежайды таппай, айнала “тұман” дегендей... Әйелiм менi көрiп, таңдайымды көтерiп жатыр. Балаларым мәз. Дубайда жүрмiн ғой, Дубайда!
Мұхтар ШЕРIМ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар