1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (16200) 16 ақпан, бейсенбі 2017
16 ақпан 2017
Тұрарды мансұқтағанды тоқтатуға тиiспiз

Елiнiң Тәуелсiздiгi жолында басын бәйгеге тiккен Алаштың айбынды азаматтарының арасында Тұрар Рысқұловтың орны бөлек. Айтулы қоғам қайраткерi, бiлгiр экономист, ұлтжанды тарихшы, жалынды публицист Тұрар Рысқұлов – Қазақстанның ғана емес, бүкiл Орталық Азия мемлекеттерiнiң дәл бүгiнгi сипатта дамуына, саяси және экономикалық тәуелсiздiкке қол жеткiзуiне алғашқылардың бiрi болып негiз қалаған көрнектi қайраткер. Әлемдiк дәрежеде мойындалған осындай бiртуар тұлғаны бiз өзiмiз танып-бiле алдық па? Артында қалған мол рухани мұрасын зерттеп, зерделеп, лайықты бағасын беруге және белгiлi бiр қорытынды жасауға, тағылым алуға қаншалықты құлықтымыз?..
Белгiлi ғалым, картограф, геология маманы Молдияр Серiкбаев – Тұрар тұлғасын тануға, оның тарихи мәнi зор еңбектерiн зерделеуге және көпшiлiкке соны насихаттауға үлес қосып жүрген ат төбелiндей жанашырлардың бiрi. Молдияр ақсақал Алаш арысының бүгiнде өз дәрежесiнде бағаланбай жүргенiне, тiптi соңғы уақытта оның есiмiн елемеуге, тарихи еңбегiн тасада қалдыруға тырысатын әрекеттердiң де байқалып жүргенiне ерекше қапалы. Қария Т.Рысқұлов туралы күнi бүгiнге дейiн бiр ғана деректi фильм түсiрiлгенiн және өзi ондағы Тұрар тұлғасына қатысты 3 пiкiрдi бағалы санайтынын айтады. Оның бiрi – А.Микоянның, екiншiсi – сол кездегi “Қазтрансстрой” мекемесiнiң бас директоры М.Қазыбековтiң, үшiншiсi – белгiлi актер Серәлi Қожамқұловтың сөзi. Мысалы, фильмде А.Микоянның 1920 жылы 1 қыркүйекте Бакуде өткен Шығыс халықтарының I съезi туралы пiкiрi берiлген. Ол мұнда Тұрар Рысқұловтың: “Ең бiр көкейтестi мiндет – еңбекшiлердiң, оның iшiнде Шығыстағы бытыраңқы революциялық қозғалыстардың Батыстағы қозғалыстармен бiрiгуi. Бiз осы мәселе үшiн жиналып отырмыз және оны осы арада шешемiз” деген сөзi ерекше тартымды болғанына тоқталған. Молдияр ақсақалдың айтуынша, демек Шығыс пен Батысты бiрiктiру идеясын ең бiрiншi болып көтерген де – Тұрар Рысқұлов.
Сол сияқты, М.Қазыбековтiң әңгiмесi де айтарлықтай әсерлi. Ол стратегиялық маңызы зор алып магистральдiң құрылысына тiкелей жауапты болған Тұрардың “Түркiсiбте қазақ жұмысшыларының қатарын көбейту керек” деген сөзiне өзi куә болғанын айтқан. Ал жұмысшы табының белсендiлiгiн арттыру, әлеуметтiк-экономикалық мәнi зор нысандарға, өнеркәсiпке қазақ азаматтарын көбiрек тарту еңсесiн ендi тiктеп келе жатқан республика үшiн кезек күттiрмес мiндет-тұғын.
Аталған фильмде Серәлi Қожамқұлов: “Қазақ өнерiнiң Мәскеуде өткен онкүндiгiнде Тұрар бiздi күнде келiп тыңдайтын”, – деп, оның халықаралық дәрежедегi үлкен қайраткер екендiгiне қарамастан, өнердiң, өнерпаздың бағасын бiлетiн және оған қамқорлық, жанашырлық жасауға тырысатын қасиетiн жоғары бағалайды.
Дей тұрғанмен де, осы бiр ғана деректi фильмнен басқа, Тұрар Рысқұловтың қиын-қыстау тағдырын, тағылымды еңбегiн арқау еткен толыққанды дүние жоқ. Ал екi жылдан кейiн көрнектi мемлекет қайраткерiнiң туғанына 115 жыл толады. Молдияр Серiкбаев тым болмаса, осы айтулы датаға орай, Тұрар Рысқұловтың қызметiн, саяси салмағын жан-жақты көрсету, дәрiптеу үшiн мемлекетаралық, халықаралық деңгейде деректi фильм түсiру керек деп есептейдi.
Өкiнiшке қарай, дәрiптеу былай тұрсын, керiсiнше, бiздiң қоғамда Тұрар тұлғасын мансұқтау пиғылы басым сияқты. Әйтпесе Алматыдағы Халық шаруашылығы университетiнен оның атын алып тастаудың не қажетi болды? Сол сияқты, Т.Рысқұловтың мемлекеттiк қайраткерлiгiн, осы жолда жүрiп тындырған қыруар еңбегiн терең зерттеу жағы да ескерiлмей келедi. Шын мәнiсiнде, Тұрар Рысқұлов мемлекеттiк лауазымды қызметтердi атқара жүрiп, елiмiздiң экономикалық әлеуетiн көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту, мәдениетi мен өнерiн дамыту шараларын тиiмдi атқара бiлдi. Мәдени-ағарту жұмыстарын жетiлдiредi, диқаншылыққа қолдау көрсеттi, жер-су, салық реформаларын жүргiздi, халық шаруашылығын өркендетуге қатысты нақты iс-шараларға бастамашы болды. Т.Рысқұловтың тiкелей басшылығымен Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерiнiң өнеркәсiбi мен көлiк қатынасының негiзi қаланды, мақта өсiру қолға алынды. РСФСР халық комиссарлар комитетi төрағасының орынбасары қызметiн атқарған 11 жыл iшiнде Тұрар Рысқұлов бүкiл Кеңестер Одағының шаруашылық мәселелерiмен айналысты, аймақтар экономикасын дамытуға қатысты шешiмдер қабылдады. “Ол тiптi 1923 жылы Түркiстан республикасының жастарын Берлинге оқуға жiберген. Яғни бүгiнгi “Болашақ” бағдарламасының негiзiн қалаған да – Тұрардың өзi, – дейдi М.Серiкбаев.
Сонымен қатар Т.Рысқұлов Коминтерннiң Моңғолиядағы өкiлi де болған, оның астанасын Ұланбатыр деп өзгерткен. Моңғолия Республикасының Ата Заңын, даму бағдарламасын жазып берген, ұлттық валютасын енгiзген. Хиуа мен Бұқара және Түркiстан Республикасы арасында экономикалық одақ құруды ұсынған, Еуразиялық Одақ идеясын да Тұрар сол кездiң өзiнде-ақ көтерген.

1928-33 жылдардағы аштық кезiнде Тұрар Рысқұлов кеңес империясының ұлыдержавалық шовинизмiн ашық айыптап, халқымыздың генетикалық қорын сақтауға барын салды. Қазақ халқының басына үйiрiлген қасiреттi тайсалмай айтып, И.Сталинге, В.Молотовқа, Л.Кагановичке хат жазды.
Мемлекеттiк-саяси қызметiнiң ауқымдылығына қарамастан, Тұрар Рысқұловтың 250-ден астам кiтап, монография, мақала жазып үлгергенi де – таңғаларлық жайт. Алайда Молдияр ақсақал айтпақшы, бiзде бiртуар тұлғаның осыншама ұлан ғайыр еңбегiн зерттеу, Ресей мұрағаттарында жатқан мұраларын жинастырып, қазақшаға аудару, қайта жариялау жұмыстарымен шұғылданатын ғылыми орталық жоқ. Ол – ол ма, тiптi Тұрар Рысқұловтың толыққанды саяси портретi де күнi бүгiнге дейiн жасалған емес. Ал академик М.Қозыбаевтың пiкiрiне жүгiнсек, Тұрар Рысқұлов – Қытайдың Сун-Ян-Сен, Үндiстанның Дж.Неру және Түркияның Ататүрiк сияқты саяси қайраткерлерiмен қатар тұрған және кеңестiк Шығыстың ғана емес, дүниежүзiнiң ұлттық қозғалыс көсемдерiнiң бiрi.
Молдияр Серiкбаев қайраткердiң басқа да көптеген қырларын, ерекшелiгiн, Кеңестер Одағы тарихындағы ғана емес, әлемдiк тарихтағы ролiн атап көрсетiп және соған байланысты, оның есiмiн ұлықтау, еңбегiн насихаттау, лайықты шаралар атқару жөнiнде Қазақстанның және Ресейдiң басшылығына талай мәрте хат жазған, күнi бүгiнге дейiн жазып та жүр. Бiрақ әзiрге еш нәтиже шығар емес. Тұрар Рысқұловтың бұрынғы кеңестiк елдердiң барлығына дерлiк шарапаты тигенiн айта келiп, Молдияр ақсақал Бейжiң, Ұлан-Батыр, Мәскеу, Саратов, Астрахан, Баку, Ташкент, Бiшкек, Новокузнецк сияқты басқа да Тұрардың табаны тиген, маңдай терi тамған бiрқатар қалаларда қайраткердiң атына мемориалдық тақта, ескерткiш қою қажет деп есептейдi. Бұл, әрине, жергiлiктi шендi-шекпендiлердiң тiкелей араласуымен, мемлекетаралық келiсiм арқылы шешiлетiн мәселе. Ал өз ортамызда шешуге болатын бiр мәселе, ол – елiмiздегi экономикалық бағытта бiлiм беретiн маңдайалды оқу орны – Халық шаруашылығы университетiне Тұрар Рысқұловтың есiмiн қайтару. Ұлты үшiн ұлан-ғайыр еңбек сiңiрген Тұрар Рысқұлов рухының алдындағы мыңнан бiр парызымызды тым болмаса, осылай өтейiк. Бұл арада дәрменсiздiк танытсақ, бiздi тарих та, келер ұрпақ та ешқашан кешiрмейдi.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (7)
БАҒЫС | 16 ақпан 2017 15:51
ҺЗІНІҢ ҚАЗАҚТАРЫМЕН ЖЕКЕ ДАРА ШАЙҚАСЫЛ, РУШЫЛДЫҚТЫ ҚОЗДЫРЫП
ОЛ ІСІ ӘЛІ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ. ӨЗ ИДЕЕЯСЫНЫҢ ҚҰБАНЫ БОЛДЫ ДОНОСТЫ
ТОҚТАТПАЙ ӨРШІТТІ. АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТТІ.Б
Бек | 16 ақпан 2017 23:32
Шығыстың бытыраңқы революциялық қозғалыстарын Батыстың қозғалыстарымен бiрiктiргiсi келген ағамыздың ескерткiшiн барлық қалаларымызға орнатып қоюымыз керек!
Мұрат | 17 ақпан 2017 07:59
Коммонистерге ұнаған адамды, қазақтың қайраткері дегенге сеніү қыйын, "Қазақтың ҚЫЗЫҚ қатын, ҚАТЫНЫН отын қылған" осы құдайдан безген кешегі КОММОНИСТЕР емес педі? жалпы коммонистерге қазақ халқы емес, АДАМЗАТ лағнат айтуда. мен осы елді шатастыратын ИМАНСЫЗдандан өте қорқам...
Адай Баба | 17 ақпан 2017 13:06
Қазақтарды кəмпескелеу осы кісінің тірлігі емес пе еді?
серік | 17 ақпан 2017 21:00
Сол комунистер болмағанда әлі бич болып жүретін едің.
Темір | 20 ақпан 2017 13:40
Темір Тұрардың Сталинге жазған 7-8 хаттарын Б.Қойшыбаев дайындап, "Дат" газетінде жариялады. Сол хаттарда Тұрар көрсеткен қоғам қайраткерлерінің бәрі де атылып кеткен. Бұл не кездейсоқтық па? Тұрар Рысқұловтың еңбегі де бар, оларды сызып тастауға болмайды. Бірақ жеке тұлғасына баға бергенде кемшілігі мен қайраткерлігін тең қамтыған жөн. Бірыңғай мақтай берудің де күні өткен.
Бисенбай | 25 мамыр 2017 16:31
Шығыспен батыс деген,ақпен қара сияқты бірікпейтін бір-біріне қарсы нәрсе.Ал бич деген қазаққа комунистердің алып келгені.Бірін бірі өкпеге қиғанмен өлімге қимаған қазақ едік,бәлшебектердің айтақтауымен 20 ғасырда өзімізді-өзіміз қырдық та салдық.Кәзірде биліктің айтақтауымен солай істеуге тайынбайтын сияқтымыз.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар