1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Төлеген тойы тарқамайды

Өткен ғасырдың 60-жылдарындағы қазақ поэзиясы жайлы сөз қозғағанда Т.Бердияров, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырза Әли, Ф.Оңғарсынова есімдері ойға оралады. Осындай шынайы шығармашылық бәсекедегі сұрыптаудан суырылып ілгері шыққандардың бірі – Төлеген Айбергенов. Оның лирикасының негізгі лейтмотиві – сағыныш. Ақынның қай жырын оқысаңыз да, сағыныш сазы еседі: туған жерге, елге, достарға деген сағыныш. Темірхан Медетбек Төлеген ақын туралы: «Ол өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін айнала-тіршіліктегі әрбір әуендер мен әуездерден, үндер мен дыбыстардан, саздар мен сарындардан, тылсым пернелер мен сиқырлы иірімдерден, күн нұрымен жалт-жұлт еткен шағылыстар мен сан тарапқа самаладай боп жамырап ағылған сабылыстардан табады», – деп тебіреніп, толғанады. Махаббат лирикасында да Мағжан Жұмабаевтан кейінгі шоқтығы биік көрінген ақын – осы Төлеген Айбергенов. Ол өмірге ғашық нағыз романтик ақын болатын.
Төлеген Айбергеновтің поэзияны барынша құрмет тұтатынын «Ақындық» атты өлеңінен айқын аңғарамыз:
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мына дүниені,
Жамау ғып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың...
Ол өзінің қысқа ғұмырында жазған өлеңдері мәңгілік жасайтынына бек сенді. Тойының тарқамайтынын, ойлы оқырмандары оның кітабын қай кезеңде де іздеп жүріп оқитынын сезді. Әйтпесе ақын:
...Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде!
немесе:
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын...
деп сәуегейлік жасамас еді.
Ол қазақ ақын-жырауларын түгел жатқа білетін. Ақан сері Қорамсаұлы, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжоловтан көп нәрсе үйренді. «Өзіңе дейінгілерден он мың жол өлеңді жатқа білмеген ақын ақын емес», – деп жоғары талап та қойды. Кезінде Төлеген Айбергенов туралы: «Өз өлеңдерін түгел жатқа айтқанын былай қойғанда, тіпті олардың ең соңғы жолынан басына дейін кері айтып шыға алатын ерекше жадқа ие жан екен», «Абай Құнанбаев пен Махамбет Өтемісовтің өлеңдерін де, тіпті оны айтасыз, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің прозаларын да сағаттар бойы талмастан төгіп тастайтын көрінеді», – деген сөздер ел ішінде желдей есетін. Ол өз тұстастары – Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Әбіш Кекілбаевтың жырларын да жатқа айтатын.
Ақын отты өлеңдерімен қатар, әңгіме, әдеби мақала, очерк, ойтолғақ, күнделіктер де жазған. Кітапты көп оқығаны бірден байқалады. Орыс ақындарымен қоса, өз шайырларымыздың шығармаларына да шама-шарқынша баға беріп өткен. «Жұлдыз» журналының 1967 жылғы №10 санында жарияланған «Өрнекті өлең – өрісті» атты мақаласында 60-жылдардағы қазақ поэзиясы жайлы тебірене ой толғайды.
1967 жылғы тамыз айының соңғы онкүндігінде Өзбекстанда Қазақстанның әдебиет, мәдениет, өнер күндері өтеді. Төлеген Айбергенов Қарақалпақстан делегациясын басқарып келеді. Сол сапарында айтулы ақын аяқастынан мәңгілікке көз жұмады. Ол небәрі отыз жаста ғана болатын. Сонда Мұқағали Мақатаев «Төлегенге» атты өлең жазған екен. Қазақ поэзиясының мұзбалағы:
Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты
Аузында Ажал деген сұрапылдың... – деп егіле жырлаған.
Айтпақшы, «Лениншіл жас» газетінде Төлеген Айбергеновтің қайтыс болғанын хабарлағаны үшін редактордың орынбасары Қалдарбек Найманбаев сөгіс алған екен. Қазақстан комсомолының Орталық комитетіндегі шолақбелсенділер оны «Газет саған афиша ма, Төлеген Айбергенов деген кім өзі?» деп жерден алып, жерге салған көрінеді.
«Құмдағы мұнаралар» атты жыр жинағы жарық көріп, қаламгер қауымның талқысына түскеннен кейін Қалаубек Тұрсынқұловтың: «Біз Төлегенді енді білдік, тұңғиық терең, дарқан да заңғар ақыннан көз жазып қалдық», – деп өкініш білдіргені бар. Төлеген Айбергеновтің таң шығындай мөлдір сезімдері мен тебіренген теңіз толқындарындай тегеурінді ақындық қуатын, шығармашылық шабытын қаламдас замандастары аса жоғары бағалаған. Ғабит Мүсірепов: «...Амал бар ма, біз, қазақ әдебиеті, екі-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген», – десе, Әбділда Тәжібаев: «...Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік», – дейді. Сол сияқты Әбіш Кекілбаев: «...Төлеген, сөз жоқ, талант. Дара талант, сара талант. Төлеген Айбергенов шығармашылығы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», Қуандық Шаңғытбаев: «...Ақынның асқақ жырын ғажайып ғұлама жылдардың шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін сылқым образға айналдырған Төлеген Айбергенов өлеңдеріндегі су жаңа нұсқалықты эпитет көлегейлеп, көрсетпей тұрған жоқ, қайта айқындап, аша түсіп тұр», қарақалпақ ақыны Ыбырайым Юсупов: «Төлеген өмірінің де, ақындық шабытының да тым қысқа қайырылуы өте өкінішті. Бірақ мұндай ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Оның өлеңдері халқына, болашақ ұрпақтарға рухани күш һәм ләззат беріп, мәңгі жасайды», – деген екен.
Иә, шындығында, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің есімі ұмытылмақ емес. Екінші – мәңгілік өмірі басталғалы бері оның мерейтойлары, еске алу кештері, ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған ғылыми-теориялық конференциялар жиі өткізіліп келеді. Шымкенттік кәсіпкер Бекен Төлешовтің демеушілігімен «Түркі әлемі» студиясының директоры Доқтырхан Тұрлыбек «Айбергенов әлемі» атты бейнефильм түсірген. Ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында дәл осындай атаумен арнайы журнал да жарық көреді. Шырайлы Шымкент шаһарындағы көшелердің біріне Төлеген Айбергеновтің есімі берілген.
Сөз соңында айтарымыз, ақиық ақын, шалқар шабыт иесі Төлеген Айбергеновтің кезінде баспасөз бетінде жарияланған прозалық дүниелерін жинақтап, кітап етіп шығарсақ құба-құп болар еді. Алматыда ақын мұражайын ашу да – бүгінгі уақыт талабы. Биылғы 80 жылдық мерейтойына орай республикалық жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысын ұйымдастырып жіберсек, қанекей!

Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер
және Халықаралық жазушылар одақтарының мүшесі
Шымкент қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар