1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Тәңіртаудан түлеп ұшқан тасқын жыр

Қазақ поэзиясы Әлия Іңкәрбек есімді жас ақынмен толықты. Еркін ойлы, ерке мінезді ақын қыз жұртты ә дегеннен-ақ елең еткізді. Әлияның жаңару мен жаңғырудың бастауы – көктемнің хабаршысындай болып жеткен ойға қонымды, жүрекке жылы жырларын жатсынбай қабылдаған әдеби орта әлеуметтік желіде ақ тілегін жаудырып-ақ жатыр. «Қазақта қазір дәл мұндай мықты ақын жоқ!» – деп жар салған Бауыржан Бабажан ағасы сонау Ақтөбеде жатып тілекші болса, қарағандылық Жанат Жаңқашұлы: «Текті әрі тентек ақын! Өзін көрмесем де, жыры арқылы жаныма жақын тұттым», – деп ағынан жарылыпты.
Жиырмаға жаңа аяқ басқан Әлия екі кітаптың авторы атанып үлгерді. Алғашқысы – он сегіз жасында жарық көрген «Тәңіртау». Енді, міне, жақында «Тасқын» атты жыр жинағы оқырман қолына тиді. Кітапқа алғысөз жазған ақын Ерлан Жүніс: «Не зеңгір көкке шарықтап көтерілмей, не төменге құлдилап құламай, құстардың қалықтап тұрып қалатыны бар. Біз мұны «қалықтау күйі» деп атайық. Поэзия дегеніміздің өзі сол – екі шектің орта нүктесін табу ғой. «Тасқын» авторының күйі де – қалықтау күйі – жақсылық пен жамандық, әділет пен жалғаншылық, махаббат пен жеккөрушілік, балалық пен ересектік, биіктік пен төмендік өлшемдерінің арасындағы күй. Екі шекті жай ғана бақылаушылық емес, солардың арасындағы сана мен жүрек арпалысы, үлкен өмірдің ойлап тапқан заңдары мен шарттарын қабылдай алмаушылық, ережелерге етөлді көнбеушілік, жиырмаға енді келген жас өмірдің жанарындағы таңырқау сезімі. Осы сезімнің бәрі автордың антитезалар әлемінде шарқ ұруына алып келеді», – деп ақын шығармашылығын өз танымы тұрғысынан бағаласа, жас қаламгер Айнұр Төлеу: «Тасқын – қозғалыс. Қозғалыссыз тасқын болмайды. Адами көзқараспен қарасаң, тасқын – үрейлі құбылыс. Бірақ жаратылыс тұрғысынан қарасаң, қозғалыс қажет. Қозғалысты күтіп, мызғып жатқан қоғамбыз ғой. Сен секілді жастар қозғалтады деп сенемін», – деп оған үлкен жүк артады.
Жақсының бағасын білер жырсүйер қауым «жыры да, өзі де – тасқын» деп мойындаған сол Әлия «Тасқынының» тұсауын кесуге абыз дала, аңыз дала – Сарыарқаға бет алды. «Тасқын» кітабының таныстырылымы 9 наурызда Қарағанды, 10 наурызда Астана және 11 наурызда Баянауыл аймақтарында өтеді. Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көктемді алып ұшқан балапанның жыр көгіндегі қадамы құтты, бағы баянды болғай!..

МОЙЫНДАУ
Асаулау шығар тағдырым,
Өзім де момын емеспін.
Айтар ем бүкпей барлығын,
Түсінбейді, әттең, мені ешкім.

Ақылы жетпей Айдың да,
Жүр ұқпай әлі жұлдыздар.
Шұғыла сынды қайғым да,
Шаттығым шалыс түнгі ызғар.

Жазмыш жолына көніп құр,
Беттеп барамын елсізге.
Жүрегің сенің соғып тұр,
Өмірің ғажап менсіз де.

Сырқатым – өлең, түсі аппақ,
Сен білсең, қане, айт емін
Қасіретімді құшақтап,
Кете берем бе қайтемін ?!

Асаулау шығар тағдырым,
Өзім де момын емес ем.
Иесі Көкте бар жырдың –
Жерде мен жазды демесең!!!

АҚЫНДАР
Бұлтқа да берген қолтаңба,
Жыр оқып Күнін батырған.
Қаншама жақын болсаң да,
Қашық бол сонша Ақыннан!

Сезімнен кейде жырақтап,
Төзіммен ғұмыр кешетін.
Күлкісі қыздың ұнап қап,
Ұйқысы қашқан неше түн..

(Өзіңді өзің мың алдай,
Күйіңді ұғам сенің мен.)
Көппенен бірге күле алмай,
Жалғыздан жалғыз егілген!

Тектілік тулап затында,
Өр Өлең үшін аһ ұрған.
Жақындамашы Ақынға,
Алыстай көрме Ақыннан!..

БІР
Кітаптан, хабар, газеттен,
Іздеген мені әр ай, күн.
Кісіге қонған әдеппен,
Құрметпен саған қараймын.

Суретті күліп көзім бек,
Хабарға кімдер сенеді?
Айта алман оны өзім деп,
Сенбеймін оған себебі.

Ұға алсаң, ұқшы, өтінем,
Жанартау текті жанымды.
Азайтсаң бірді екіден,
Бір шығады ғой кәдімгі!

Кіммін мен? Айтқын өзің сен,
Серігің бе едім сенетін.
Мызғысаң, тіпті көз ілсең,
Түсіңде жиі көретін.

Әлемге, жырға, Өлеңге,
Әмірін беріп отырған.
Бақытқа сені бөлеген,
Мен емеспін бе, оқырман?!

ЭКСПРОМТ
Тірі екенсіз ғой,
Жүр екенсіз ғой –
Тымық түндерден ой сауып,
Жанарымдағы мөлдір моншақты үзіп ал.
Жырымды менің ескерткіш
етіп қойса жұрт–
Сізі бар!
Қуанар едім, жылармын, бәлкім, егіліп,
Бақыттың әні – ең ізгі.
Айдың бетінен бейнеңіз әнтек көрініп,
Кетпеші, кетпе, – дегізді.
Күрсінбейсіз де, күледі екенсіз...
Көңілін тауып бәрінің.

Мен жүрген жолмен жүреді екенсіз,
Таныдым, Сізді таныдым!

АҚПАН ТҮНІ
Ақпан кетсе мұң кететін секілді,
Жібитіндей сең – Жүрек!
Мендік жырды бүрлететін секілді,
Ұмыт дейсіз енді кеп...
Ақпан кетсе шаттық келер, тәрізді,
Қуанармын баладай.
Жерді басып жүрген жанның бәрі ізгі,
Сор – бағына қарамай!

Ақпан өтсе Көктем келер, расында,
Бәйшешегін құшаққа ап!
Ал Сіз бүгін өзге жанның қасында,
Армандарды ауладыңыз түсі аппақ...

Көктем келсе өзгермейді түк те енді,
Мен ойымды өзгертуге тиіспін!
Өлеңіме қойдым-дағы нүктемді,
Үнсіздікпен сүйістім!


ХАНЗАДА
Сырымды айтсам табам ба тыңдар адам?
Кімнен қалған бұл көңіл, мұң жамалған.
Мөлдір тұнық сезімді кірлетпестен,
Сіз жайлы бір бастадым жыр жаңадан!

Қалмаса екен ертегім ханзадасыз,
Маған осы ұнайды... Паңданасыз!
Өмір сүргім келеді жайбарақат,
Өмір сүргің келеді даңғазасыз!!!

Тектіліксіз болмыс та кескінсіз бе,
Мені көрген, расында, еш мұңсыз дер.
Ерекшесіз, ешкімге ұқсамайтын,
Ұқсамайды және де ешкім Сізге!!!

Өкінішті жүр деңіз өкпелетіп,
Қалайықшы екеуміз көкке кетіп.
Хабарлама келіп тұр көп күттірмей,
Жібергендей жанымды көктем етіп...

ТЕНТЕК  ӨЛЕҢ
Тынышыңды ол көптен ұрлап алды,
Табынып өтемісің жырға мәңгі?!
Қос қолыңды көтеріп келіс те сен
Тыңдап алғын:
Ақын деп құрмет тұтам,
соны істесең!
Қарсымын! Бұл ойымды теріс десең.
Істеме!
Келіспесең.
Көшеден ұстап алып Мұңды бүгін,
Жібер үйге!
Жұбата аламын мен кімді, күнім,
Мұң ери ме?
Тартып ап алтынын да
Періштенің,
Мезгілдің салқынын да
Бөліскенмін.
Теріс дегін!
Жылатпас, жұбата алған,
Мен ішкем мың,
Шарапты У аталған,
Сен ішпегін!
Жарқыным, Сен ішпегін...

КӨРУ мен КӨРМЕУ ТЕОРИЯСЫ
Қайда барсам көретінім бір бейне,
Күнәсіз шақ қалып қойды күнгейде.
Төс қағысып, сертін берген о баста,
Алдайтынды шығарыпты жыр кейде.

Қайда барсам жүретінім қара жол,
Жүрек бағыт сілтемейді. Жаралы ол!
Алматыға аттандырды анашым,
«Жет, жарығым, арманыңа, қала көр».

Солай, солай, бәрі солай басталды,
Ауылдағы көріп жүрмін аспанды.
Бақыт деген – мойындату өзгені,
Сүріндіріп жүрмесе екен сөз мені!

Қайда барсам көріп жүрмін бәрін де,
Бас шұлғуды білмеймін еш әмірге.
Өзі сызған тар шеңберден шыға алмай,
Мені ешкім көре алмай жүр әлі де!

МЕНІҢ  ДРАМАМ
...Маған оңай деймісің?
Күн батарда түсірем көңілімнің пердесін,
Қайта келмес сәттерді көкжиектен көремін.
Мына жалған сиқырлы күлкісімен жеңбесін,
Саған ғана мен бүгін шынымды айтсам деп едім –
Сыздағанын жүрегім,
Мұздағанын жырымның.
Түзу жолмен жүр едім,
Суық сөзден сүріндім.
Құламадым, алайда,
Құлатқан жоқ, Тәңірім.
Күнмен келген арайдан,
Болмысымды таныдым.
Тапаншасын бұл Тағдыр тақағанда тосыннан,
Ұрланып кеп артымнан дыбысын еш шығармай.
Мен де сендей тосылғам –
Жылай да алмай, күле алмай!
Жалғасады дүрмек бұл,
Қонар басқа тағы бақ.
Маған «өмір сүр» деп жүр,
Өлеңдерім жамырап!
Өкінішке жолдаспын, құрбысымын Үміттің,
(Сәттік көңіл күйіме сеніп қалдың сен несін?!)
...Маған оңай деймісің шыққан кезде күліп күн,
Түк болмаған секілді ашу көңіл пердесін?!

ӨМІР
Ойларым жолдас боп алды түндермен кілең,
Тағатсыз іздеп келемін күн-бейнеңді мен.
Кезіге қалсақ, жүрегім нұрланса-дағы,
Көрсетем жұртқа сұрланып үлгерген рең.

Бақыт та, бақ та біздерді таниды делік,
Екеуміз жайлы айтпады фәни күрмеліп.
Ауада ұшқан асқақтық ұлпалары да,
Бұл күні менің жанымды қариды келіп.

Өзіңнен өзге кімге енді тағармын айып,
Салқындығыңнан қалса егер жанар мұңайып.
Сағынышыма тұншықсам, кетер ме екен –
Басымнан бағым, қолымнан қаламым тайып?

Қалмайтындығын ешқашан көңіл ұқтырып,
Мен емес, тағы мен болып сені күтті үміт.
Өмір дегенің – жұлдызға тілегіңді айту,
Орындалмасын білсең де егіліп тұрып!

АРЫЗ
Маза бермей қойдыңдар!
Шаршатты мұң...
Бір кісідей қайғым бар,
Бар шаттығым.
Менен қашып барады балалығым,
Жақынымның оғынан жаралымын!
Белесі тұр алдымда жиырманың,
Көнеміз ғой,
Көреміз бұйырғанын.
Жастығымды, ән еткен мәңгі атымды,
Қалай қиып кетейін Алматымды?
Бәрі ақылды, ақымақ емес едім,
Жасаурады жанарың неге сенің?
Болмайды енді дертімді емдемесең,
Маған, бәлкім, шығарсың сен де бөтен...

СҰРАҚ
Қайтейін, назымды айтып дүниеге,
Жалғыз-ақ мені ұғатын жыр ғана ма?
Біз осы кезікпейміз жиі неге,
Тұрсақ та бір қалада?!
Жүрейін ешбір жанға қарамай да,
Ешкімге бас имейін жалғанда өзге.
әлде адамдар асылын бағалай ма,
Жоғалтып алған кезде?
Мәжнүн де дәл осылай күйінген бе,
Соның кебін киемін, сірә, мен де...
Кездейсоқ кездеспейміз жиі неге?!
Жүрміз ғой бір әлемде...
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар